Атырау, 24 сәуір 17:00
 ашықВ Атырау +19
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

​Бауыр етінен безінгендер

4 828 просмотра

Image 0
Әке-шешесі тастап кеткен балаға анасының қайта оралмайтынын, енді оның қатаң тәртібі мен өлшеммен берілетін тамағы бар балалар үйіне жіберілетінін, ол жерде ешкімнің маңдайынан сипамайтынын қалай түсіндіресің? Кей жағдайларда тағдырдың мұндай талқысы орынды болды-ау деп ойлағың келеді. Алайда, ана мейірімінсіз бала қайтіп күн көреді...

Соңғы кездері елімізді «жаңа туған баласын жолда тастап кетті, қоқысқа лақтырып кетті» деген жаңалықтар дүр сілкіндірді. Бүгінгі қоғамда мұндай жағдайлар неге көбейді? Жаңа ғана бой түзеген бойжеткендеріміз бен есті әйелдер, тіпті, қылмыстық жауапкершіліктен де қорықпай, өз туған балаларынан кез келген жолмен баз кешіп жатыр?

БАЛАНЫҢ КӨЗ ЖАСЫ ЖІБЕРМЕЙДІ

Мұндай сорақы жағдайлар тек үлкен қалаларда емес, бәрі бір-бірін танитын шағын ауылдарда да орын алып жатыр. Үш жасқа да толмаған Айсана (есімі өзгертілген) анасыз өмір сүруге ақырындап көніп қалыпты, алайда есіктен әйел кіріп келе жатқанын көрсе, жүзіне ұзақ қарайды...

Айсананың өмірінен алдымен әкесі ғайып болды, кейін оны анасы тастап кетті... Себебін ешкім білмейді, ол тек кетіп қалған. Қазір бүлдіршіннің қаңғыбас анасын полиция іздестіруде. Оның жасы 23-те. Ол Айсанасымен бірге бала-келіні ауысымдық вахтада жұмыс жасайтын қарттарды күтумен айналысқан. Оған жалақы да белгілеген. Үйде тегін тұрып, тегін тамақтанатын жеңілдігі бар. «Семіздікті қой көтереді» демекші, бірер айдан кейін қаңғып келген келіншекті түлен түртті. Түнде жиі кетіп қалатынды шығарды. Айналғанда қызына үй иелері қарайтын болған.

- Бір күні келіншек келмей қалды. Екі ай жоғалды. Кішкентай қызы бірер күн қыңқылдап шешесін іздеп, кейін балалармен ойнап үйренісіп кетті, - дейді Айсананың анасы жұмыс жасаған үй иелері. - Келіп қалар деген үмітпен біраз күттік, ақыры полицияға арыздандық. Қызды бергіміз келмейді, ол бізге, біз оған әбден үйреністік. Мүмкін, шешесі табылып, сәбиін алып кетер деген үміт те бар.

АРАҚ БӘРІН ҚҰРТТЫ

Индер ауданында жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 24 бала бар. Аудандық әкімшілік бұл балаларды тұрғын үй кезегіне қойған.

Ал, арнайы есепке қойылған 14 қолайсыз отбасында 32 бала тұрып жатыр. Бұл балалардың әкелері араққа үйір. Олар ішімдікке сылқия тойып, үйдің берекетін алады әрі жұмыссыз. Тиіп-қашып жұмыс жасаса да, бар тапқанын ішімдікке жұмсайды.

- Біз айына бір рет полициямен бірігіп, рейд жасап, бұл отбасыларға барып тұрамыз, - дейді Индер аудандық білім бөлімінің жас маманы Әйгерім ШҮЙІНІШҚАЛИЕВА. – Балалардың киімі мен ішер тамағы болғанын, аш қалмауларын, мектепке барғандарын қадағалап отырамыз. Бұл отбасылардың шаңырағының ортасынан түспеуіне әйелдері ұйытқы болып отыр. Ішкілікке салынған күйеулерінің небір қитұрқы қиындығына төзіп, шыдамдылық танытып келеді.

Статистика. Былтыр ауданда анасынан жетім қалып, әкесі ішкілікке үйір болып, қызына қамқор бола алмағасын балалар үйіне жіберілген бір факт тіркеліпті.

Бір әйел аналық құқығынан айырылған. Не баспанасы, не жұмысы жоқ қырықтың қырқасына шыққан әйел ішімдікке әуестігін жоя алмаған. Баласы ашқұрсақ қиын жағдайда қалып отырған. Оған талай рет ескерту жасалып, оңалып кетуіне бір ай уақыт та берілген екен. Бірақ әлгі әйел одан қорытынды шығарудың орнына араққа сылқия тойып алып, аналық құқығынан айыру жөніндегі сотта «бала маған керек емес, ала беріңдер» деген соңғы сөзін айтқан. Шешесін жамандыққа қимаған баласы анасымен бірге қалуға бірнеше рет қиылып өтініш жасағанына қарамастан ұл бала жетімдер үйіне тапсырылды.

Ерлі-зайыптыларды алты ай мерзімге ата-аналық құқығынан айыру жөнінде сот шешімі шыққан. Үш бала уақытша Атырау қаласындағы балалар үйінде тұрып жатыр. Егер олар бала бағу бойынша өз міндеттерін алты ай ішінде қалыпқа келтірсе, балалар отбасына қайта оралмақшы.

Жылыой ауданы тұрғыны Лаура (есімі өзгертілген) есімді 30 жастағы келіншек төрт баласын күйеуіне тастап, бірнеше рет «жұмыс іздеймін» деп кетіп қалатынды шығарған. Алды мектепте оқитын балаларға әкесі ие.

Ал, алты баласын аш қалдырып, үйінен жиі кетіп қалатын Динара да (есімі өзгертілген) қатаң бақылауда. Күйеуінен ажырасып кеткен. Жұмыс жасамайды, отбасылық кіріс - балалардың жәрдемақысы ғана.

- Мен жақында 9-сынып бітіргеннен кейін колледжге оқуға түсіп, жұмыс жасап, бауырларыма қарайтын боламын. Біз балалар үйіне бармаймыз, - дейді балаларының үлкені Талғат (аты өзгертілген).

- Анаң жиі үйден кетіп қала ма?

- Біз маманы жақсы көреміз.

Ғалия (есімі өзгертілген) төрт баланың анасы. Мүгедектігі бар күйеуі жиі арақ ішіп, үйдің берекетін алатын. Әйел де одан қалыспайтынды шығарыпты. Бұған дейін балалар абысынының қолында қалып жүрген. Өзінің төрт баласы бар әйел қайнысының төрт баласын қорғаншылыққа алуға арыз берген.

- Балалар қолымда өсті. Оларды көзім қиып қалай балалар үйіне жіберемін? Ертең-ақ ер жетеді ғой. Оларды қаңғыта алмаймын. - дейді мейірімді әйел.

Қызылқоға ауданында 20 қолайсыз отбасында 28 бала бар. Отбасылық қиындықтардың негізгі себебі белгілі – жұмыссыздық, маскүнемдік.

- Аудандық әкімшіліктің жанында кәмелетке толмаған жасөспірімдердің құқықтарын қорғау жөнінде комиссия жұмыс жасайды. Комиссия осы қолайсыз отбасылардың қал-жағдайын саралап отырады. Жұмыс, баспанамен қамтуға тырысамыз. Ішкілікке салынғандар жұмысты кез келген уақытта тастап кетеді, - деді Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Бибоз ШАЯХМЕТОВ.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

18 ақпан 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.