Атырау, 20 сәуір 20:10
 ашықВ Атырау +20
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

​Инвестормен бәстескен

2 892 просмотра

Image 0Облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХХХ сессиясында Батыс Қазақстан облыстық әкімдігінің делегациясы облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВТІ БҚО құрметті азаматы атағының берілуімен құттықтады.

Б. Ізмұхамбетов осыған орай көрші өңірді газдендіруге қатысты хикаяны айтып берді: «2007 жылы мен БҚО әкімі болып тағайындалдым. Ал бұған дейін ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрі болып жұмыс істедім. Мен сол кезде таң қалған едім – тіпті облыс орталығы да түгелдей газдендірілмеген еді. Адамдар үйлеріне тонналап көмір таситын. Елбасының жанында жұмыс істей жүріп, делегация құрамымен шетелге әлденеше рет шықтым. Одан біраз нәрсе үйрендім...

Қарашығанақтан Оралға дейін магистралды газ құбырын салуды ойға алған кезде, досым Ұзақбай ҚАРАБАЛИНМЕН бірнеше күн кеңестім. Шамасы, Қарабалин ықпал етті ме, әлде өздері аңғарды ма – кешікпей, «Аджип» және «Бритиш Газ» компанияларының бірінші вице-президенттері БҚО әкімі болып тағайындалуыммен құттықтауға келді.

Жұмыс кабинетімде ресми қабылдағаннан кейін мен оларды түскі асқа шақырдым. Түскі ас кезінде кездейсоқ ағылшын жолдасым «ауладан үлкен тенниске арналған алаңды көрдім, ал үстел теннисіне арналған зал жоқ па?» деп сұрады. Мен: «бар» дедім. Ол: «Қане, көрейік» деді. Сол сәт бір ой сап ете түсті.. Кабинеттегі ресми кездесу кезінде мен олардан Қарашығанақ – Орал газ құбырын салуға көмектесуді өтінген едім. Сол кезде олар маған еш жауап айтпады. Біз залға өткен кезде, мен оларға: «сіздер мені көптен білесіздер, бәстесейік – егер мен ұтылсам, газ құбырын салу туралы мәселені қозғамаймын, ал егер жеңсем – құрылысты бастауға сөз бересіздер» дедім. Олар келісті. Мен екеуін де жеңдім. Бір айдан соң газ құбыры туралы мәселе шешілді. 2007 жылдың желтоқсанында құрылыс басталды.

Содан кейін шетелдік достарым тағы да келді. «Сіз разысыз ба?» - деп сұрады олар. Ал мен қулық жасап: мен сіздерге тұрбаны тек Орал тұрғындары ғана үшін емес, Сырым ауданының (ол облыс орталығынан жүз шақырымдай жерде орналасқан) тұрғындары үшін де салуды өтіндім ғой дедім. Содан кейін біз Астанада Қарашығанақ бойынша жұмыс кеңесінде кездестік. Мен магистраль құрылысын Қаратөбе ауданына дейін жалғастыруды өтіндім. Демек, тағы жүз шақырым салу керек. Осылайша, құны 282 млн доллар болатын газ құбыры салынды. Шетелдік компания басшыларымен жылы қарым-қатынастың арқасында мен тек Батыс Қазақстан облысының ғана емес, Атырау облысының да мәселелерін шештім.

Біздің ортақ еңбегімізді осылай жоғары бағалағандарыңыз үшін алғыс білдіремін. БҚО әкімі мен тұрғындарына рахмет айтамын. Менен бұрын әкім болған Бергей РЫСҚАЛИЕВ та Атырау облысын газдендіру бойынша орасан жұмыстар атқарғанын атап өткім келеді. Газдендіру бойынша ол маған ешқандай жұмыс қалдырмады деуге болады».

Бұл күні депутаттар екі мәселені қарастырды – облыс әкімінің жанындағы қоғамдық кеңестің (басшысы - облыстық мәслихаттың хатшысы С.ЛҰҚПАНОВ) құрамын бекітті және түрлі жылдарда облыстық әкімшілік басшысының орынбасары болып жұмыс істеген және Махамбет, Исатай аудандарын басқарған Жанай БЕРҚАЛИЕВҚА Атырау облысының құрметті азаматы атағын берді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
17 ақпан 2016, 17:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.