Атырау, 29 наурыз 15:16
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Балабақша – бал мекен, балаға орын бар ма екен?!

14 904 просмотра

Қазіргі кезде мектепке дейінгі балалар мекемесі тапшы болып тұрған кезде, бизнес пен ірі мекемелер шет қалмауы тиіс, жеке және ведомостволық балабақшалар ашу қажет. «Мектепке дейінгі білім берудегі мемлекеттік-жеке серіктестік» деп аталатын облыстық семинар-кеңестегі басты мәселе осы болды. 

144 СӘБИГЕ 100 ОРЫННАН

Аймағымызда балабақшаға 1-ден 6 жасқа дейінгі балалардың жартысынан көбі барады. Ал 3-7 жас санатындағы мектепке дейінгі біліммен 81,3 пайыз бала қамтылған. Орташа алғанда облыс бойынша 100 балабақша орнына 123,6 баладан, ал Атырау қаласында 144 баладан келеді.

Бюджеттен мектепке дейінгі білім беруге бөлінетін қаржылар білім беруге бөлінетін жалпы шығындардың 9,4 пайызын құрайды. Мәселен, 2006 жылы балабақшадағы бір бүлдіршінге кететін шығындар жылына 103,3 мың теңге құраған. Ал 2010 жылы бұл цифр 158,6 мың теңгеге дейін өскен. Орташа республикалық көрсеткіш – 129,9 мың теңге.

«Балабақшалар саны 90-жылдары күрт азайып кетті. 1991 жылы облыста мектепке дейінгі 251 мекеме жұмыс істеді. Оның 81-і бюджеттен қаржыландырылды. 170 балабақша ведомоство құзырында болды. 2000 жылғы оңтайландыру саясатынан кейін 165 балабақша жабылып, облыста бар болғаны 86 балабақша қалды. Негізінен ведомостволық балабақшалар жабылып, жекешелендіріліп және басқа мақсаттарға берілді», - дейді облыстық білім беру басқармасының бастығы Сатқан ЕСЕНҒАЛИЕВ.

Бүгінде облыста бар болғаны бір ведомостволық (АМӨЗ жанындағы) балабақша жұмыс істейді. Барлық шығындарды зауыт өз мойнына алған. Ал ата-аналар тек балалар тамағына кететін шығындарды ғана төлейді. Бұдан басқа, жалғама салу жоспарланған. Содан соң балабақша 380 бала қабылдай алатын болады.

 

БИЗНЕС ПЕН БІЛІМ БІР ЖОБАДА

Егер жалпы елдегі ахуалды айтар болсақ, мектепке дейінгі тәрбие және білім берумен Қазақстандағы балалардың 40 пайызы қамтылған. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 90-100 пайызға тең. Мұндай нәтижелерге олар дамыған жеке балабақшалар жүйесі есебінен қол жеткізіп отыр. Мәселен, АҚШ-та жеке балабақшаларға балалардың 80 пайыздайы барады. Ал еуропалық елдерде қоғамдық, муниципалдық және жеке балабақшалар тең деңгейде дамыған. Еліміз, соның ішінде Атырау да әзірге мұндай жетістіктермен мақтана алмайды. Облыстағы 115 балабақшаның тек 6-ы ғана жеке балабақша.

Бұл проблеманы шешу үшін бірнеше тәсіл ұсынылады. Біріншіден, мемлекеттік-жеке серіктестікке ерекше көңіл аудару ұйғарылды. Оның үстіне «Балапан» деп аталатын мектепке дейінгі білімді дамыту бағдарламасы серіктестіктің осындай формасын қарастырады. Билік ұйымдастырған конкурсты ұтқан кәсіпкер қала әкімшілігімен бірге жаңа немесе уақытша жұмыс істемей тұрған балабақшаны қайта жарақтауға ұзақ мерзімді концессиялық келісім жасайды. Нысан мемлекет меншігінде қалады, ал кәсіпкер келісім мерзімінің соңына дейін балабақшаның мүліктік кешенін иеленуге және пайдалануға құқылы болады. Бұл балабақшаға балалардың мектепке дейінгі білімі үшін бюджеттен төленетін мемлекеттік тапсырыс беріледі. Мемлекеттік тапсырыстан бөлек, кәсіпкер ата-аналармен келісім-шарт негізінде ақылы қызмет көрсетуге құқылы болады. Тағы бір жолы – жеке кәсіпкер балабақша салады, ал мемлекет бірнеше жыл ішінде одан дайын ғимаратты сатып алады. Мұндай сызба бюджетке қымбатқа шығады. Алайда салынған нысандарды алу жылдамдығы бұл кемшіліктің орнын толтырады. Бұл мәселе Қарағанды облысында бастау алды. Онда 2010-2029 жылдары мемлекеттік-жеке серіктестік арқылы әрбіреуі 320 орындық 15 балабақша салу жоспарланып отыр.

Тағы бір жолы – ведомостволық балабақшалар. Олар үшін билік қаладан да, аудандардан да жер ұсынуға дайын. Тіпті болжамды учаскелер мөлшері мен жұмыстардың құны да айтылды: 120 орындық балабақша салу үшін – 0,433 га жер, құны – 150,0 млн. теңге; 160 орындық – 0,7990 га, құны – 200 млн. теңге; 280 орындық - 1,1858 га, құны - 372 млн теңге. Балаға кететін шығындар көрсетілетін қызмет түріне байланысты болады.

Үшінші жолы – жеке балабақшалар мен шағын орталықтар ашу. Бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2008 жылдан бастап облыстық білім беру басқармасынан жеке балабақша ашу үшін 18 адам рұқсат сұраған.

«Балапан» бағдарламасы бойынша мемлекеттік тапсырыс республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Мәселен, 2011 жылы бір балаға жұмсалатын жылдық шығын 217 316 теңге, ал айлық шығын – 18 110 теңге құрайды. Осы бағдарламаның қатысушысы ретінде ата-аналар соманың белгілі бір бөлігін төлейді, ал қалғанын бюджет береді. Егер балабақша қызметі 60 000 теңге құраса, ата-ана 41 890 теңге, ал мемлекет – 18 110 теңге төлейді. Егер қызмет құны 40 000 теңге құраса, ата-ана 21 890 теңге, ал мемлекет 18 110 теңге төлейді.

 

ПРЕЗИДЕНТ АЙТТЫ, БІРАҚ ҚАУЛЫ ЖОҚ

Жеке балабақша – пайда түсіретін іс емес. Облыс кәсіпкерлері мен жұмыс берушілер одағының төрайымы Әлия БЕКҚОЖИЕВАНЫҢ пікірінше, бұл мемлекетпен қоян-қолтық ынтымақтасып жұмыс жасайтын бизнес түрі. Өткен жылы кәсіпкерлер одағы білім беру басқармасымен бірлесе отырып арнаулы әдістемелікті жасақтады. Ол жеке балабақша ашам дегендер үшін өзінше бір нұсқаулық болды және оны кәсіпкерлер арасында таратты.

Лицензия алу үшін жеке балабақша міндетті түрде заңды тұлға болуы керек. Жеке тұлға бұл құжаттарды ала алмайды. Бірақ, мемлекет қалай болғанда да бизнеске қолдау танытуда. Өткен жылы балалардың мектепке дейінгі мекемелерін ашу үшін жалға алынған ғимараттар мен орын-жайларды (бұрын олар тек жеке меншікте болуы тиіс болды) пайдалануға рұқсат берді. Бүгінгі күні кәсіпкерлер атап өткендей, заңнама базалары бойынша аса бір проблемалар жоқ көрінеді. Балабақшалар мен шағын орталықтарға қойылатын талаптар бүге-шүгесіне дейін шешіліп қойылған. Әрине, оған ғимарат, спорт алаңы және құрал-жабдықтар, азық-түлік, педагогикалық құрам мәселелері кіреді.

Шағын орталықтар үшін типтік ережелер де жасақталды. Оларға қойылатын талаптар үлкен балабақшаларға қойылатын талаптарға қарағанда жұмсақтау. Шағын орталықтарда шешінетін бөлмені холлмен, ойын бөлмесін жатын бөлмемен бірге пайдалана алады. Міндетті түрде жеке гимнастикалық және музыкалық залдар талап етілмейді. Көптеген кәсіпкерлер бизнестің осы түрімен айналысуды қалайды, тіпті, олардың кейбірінде шағын орталықтарды ашу үшін дайын базалары да бар. Көбіне мұндай жоспарлардың жүзеге асуы мемлекеттік органдарға, оның ішінде білім беру органдарына байланысты болады. Ондай кәсіпкерлерге жақсы ақпарат, кеңестік қолдау керек. Ал, ол бізде аз. «2010 жылдың сәуіріндегі ел президентінің балабақша салып жатқан бизнесмендерді салықтың барлық түрінен босату керек деген ұсынысына қарамастан,  балабақшалар құрылысын салу барысында салықтан босату сияқты мемлекет тарапынан ешқандай қолдау болмады. Салық кодексіне соған сәйкес қаулы немесе қосымшалар әлі енгізіле қойған жоқ»,- деп атап өтті Ә.Бекқожиева. Лицензияны ресми түрде беру мерзімі 1 ай, бірақ, іс жүзінде бұл мерзім 3-4 айға дейін созылады.

 

«СҰРАНЫС БАР»

«Балабақшаларды ашу керек, өйткені оған үлкен сұраныс бар,- дейді өз тәжірибесімен бөліскен «Жанерке» жеке балабақшасының директоры Орынгүл ӘБІЛОВА. Осы балабақша орналасқан Құрсай поселкесінде мектепке дейінгі бірде-бір мемлекеттік мекеме жоқ. Сондықтан да «Жанерке» құрсайлықтардың құтқарушысы болды. Балабақша 60 орынға есептелген, қабылданған бала саны - 67. Штатта 11 маман бар, олардың 6-уы тәрбиеші.

«Жеке балабақшаларды ашу білім беру қызметі болып табылады және ол «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының басымдық бағыттарының тізбесіне енеді. Өкінішке қарай, қазір бұл бағытта бізде негізінен тек автомектептер ашылуда, ал, балабақшалар ашуға тапсырысты бұл бағдарлама арқылы әлі ешкім беріп көрген жоқ», - деп атап өтті сөйлеген сөзінде «Даму» шағын және орта бизнесті қолдау қорының менеджері Қанат ӘЛЕШОВ. Алайда, бұл жобаға қызығушылардың есіне мемлекеттің осы мақсатқа бөлінген несиенің тек жартысын ғана өтеуді мойынына алатындығын саламыз.

Зульфия ИСКАЛИЕВА


30 қараша 2011, 19:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.