Атырау, 25 сәуір 14:15
 ашықВ Атырау +21
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

​Айыппұлдар жазасы көп

3 004 просмотра

Image 0Атырау облыстық сотының ғимараты Атырау соттарына «Сот кабинеті» және «Төрелік» ақпараттық жүйесі толықтай енгізілді. Бұл туралы өңірлік орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облыстық соттар әкімшілігінің басшысы Гүлжан ЖҰМАҒАЛИЕВА хабарлады.

Бүгінгі күні сотқа кез келген өтінішті үйден шықпай-ақ беруге болады. Бұдан басқа, онлайнмен өтініштің қаралу кезеңіне бақылау жасауға болады. Ал сот процесі аяқталғанда қажет болған жағдайда оның бейнежазбасын алуға болады.

Қазіргі кезде Атырау облысының соттарында сот процестерінің есебі толықтай автоматтандырылған. Егер 2014 жылы аудио және бейнетіркегіш қолданылып, 72 пайыз отырыс өткізілген болса, енді 2015 жылы бұл көрсеткіш 100 пайызды құрады, - деп хабарлады Жұмағалиева. – Барлығы электронды ақпарат тасығышқа жазылады. Бағдарлама аудио және бейнетіркегіштің үздіксіз болуын қамтамасыз етеді. Судья да, хатшы да, басқа процеске қатысушылар да оның барысына әсер ете алмайды.

Сонымен қатар, 2016 жылдан бастап істерді бөлу процесі автоматтандырылды:

Түскен материалдар автоматты режимде әр судьяға жүктеме және оларға бекітілген істер санаты есебімен бөлінеді. Қазір барлық сот қызметкерлеріне, соның ішінде судьяларға дерекқор ашылды. Ол бөгде тұлғаларға ғана емес, тіпті сот төрағасының өзіне де қолжетімсіз.

11 ТҰЛҒА АҚТАЛДЫ

Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы Тәтті УӘЛИЕВА азаматтық және қылмыстық сот өндірісіндегі өзгерістер бойынша жұмыстар нәтижелері туралы хабарлады. Жарастырушы өндіріс түрлері кеңейтілді, тергеу судьясы институты енгізілді, құқықбұзушылықтың қылмыстық теріс қылық деген жаңа түрі пайда болды. Сонымен қатар жаза қолдану, бас бостандығынан баламалы түрде айыру саласы кеңейтілді.

2015 жылы Атырау облыстық соттары барлығы 1 130 азаматқа қатысты 1 018 істі қарап, үкім шығарды. Соның ішінде 1 119 азамат сотталып, 11-і ақталды. Көпшілігі қылмыстық теріс қылық (37,5%) және ауыр (28,4%) қылмыс жасағаны үшін сотталды.

– Қоғамнан оқшауламауға байланысты жаза шараларын: бостандықты шектеу, қоғамдық жұмыстарға тарту, шартты мерзім, айыппұлдар тағайындау тәжірибесі артты, - деп әңгімеледі Т.Уәлиева.

Барлығы облыс соттары қылмыстық істер бойынша 32 млн теңгеден астам сомада айыппұл салды. Оның 30 млн-дайы төленді. 2014 жылы айыппұл төлеумен 100-ден сәл астам адам, 2015 жылы 350-ден астам адам жазаланған. Айыппұлдар қылмыстық теріс қылықтар жасағаны үшін де және пара алу секілді ауыр қылмыс деп есептелетін әрекеттер үшін де қолданылады.

БАЛАМАЛЫ НҰСҚАЛАР

Өткен жылдан бері дауларды баламалы әдіспен шешу тәжірибесі енгізілді. Жаңа ҚІЖК-мен жарастырушы өндірістің түрлері кеңейді, атап айтқанда, іс жүргізу келісімін жасау институты енгізілді.

Соттар 237 тұлғаға қатысты, соның ішінде зардап шегушімен медиация тәртібімен ымыраласу тұрғысында 200 қылмыстық істі (аяқталған істің 15 пайызы) қысқартты.

Атырау облыстық соттары медиациялық шаралар қолданумен қысқартылған істердің жалпы санының 24,4 пайызын аяқтады. Сондай-ақ, ымыраласудың жаңа тәсілі - партисипативті процедура игерілді. Ол дауға қатысушыларға адвокаттар белсенді қатысқан жағдайда келіссөздер жүргізуге мүмкіндік береді, - деді Уәлиева. – Бұл соттарды ымыраласу және партисипативті процедуралар арқылы тараптар талаптарын қанағаттандыра алатын талап-арыздардан босатуға мүмкіндік береді. Тараптарды ымыраласуға қосымша ынталандыру үшін оларға сотқа талап-арыз берген кезде төленген мемлекеттік баж салығы қайтарылатын болады.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

9 ақпан 2016, 11:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.