Атырау, 20 сәуір 16:14
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Бизнес және газшілер: нәтижесіз диалог

2 448 просмотра

Image 1
Бизнесмендердің "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ ӨФ-мен өзекті проблемаға айналған өзара қарым-қатынасы Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасының конференц залында өткен Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің отырысында қаралды.

НЕЛІКТЕН ГАЗДЫ ДОЛЛАРҒА САТЫП АЛАДЫ?

Күн тәртібінде "газ блогына" жататын бірнеше мәселе қатар қаралды: алдын ала төлем алу, газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсеткені үшін төлемақы, жазғы уақытта газ қазандықтарына сүргі салу үшін төлемақы төлеуге қатысты. Осы мәселелердің барлығы өткен жылдың қыркүйегінде кеңестің кеңейтілген отырысында талқыланған болатын.

Алайда "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ ӨФ директоры Абай ӘМІРХАНОВ сол кезде дәйекті жауап бере алмай, мұны лауазымға жақын арада ғана келгенімен, жағдайға қанық болу үшін уақыт керектігімен түсіндірді. Бұл жолы "газ" мәселелері өте қызу талқыланды.

Image 2Абай ӘМІРХАНОВ – Осы уақыт ішінде көп жұмыстар жүргіздік. Прокуратураны кірістірдік. Заңгерлеріміз бүкіл заңнамалық актілермен танысты. Барлық жерде тұтынушы тұтынылған газ үшін ақша төлемесе, жауапкершілікте болады деп жазылған. Тұтынушы өз бастамасымен алдын ала төлем жасауға құқылы. Біз сіздің мекемеге бірнеше рет сауал жолдадық, бірақ жауап ала алмадық. ТМРАД-қа рахмет, олар өздерінің сауалына берген сіздердің жауаптарыңызды бізге жолдады. Сіздің орынбасарыңыздың қолы қойылған құжатта алдын ала төлем жасауға мәжбүрлеп келісімшарт жасауға жол берілмейді делінген. Қазір кәсіпкерлер келісімшарттан алдын ала төлем туралы тармақты алып тастауды өтінгенде, оны қабыл алған кез болды ма? Техникалық қызмет көрсету бойынша ахуал қандай? - деді кәсіпкерлер палатасының құқықтық мәселелер жөніндегі директордың орынбасары Сәрсенбай ЖОЛДЫБАЕВ Әмірхановқа қарап.

Ол компанияның газды өз жеткізушісінен 100 пайыз алдын ала төлеммен сатып алатынын, тиісінше, газшілер де заңды тұлғаларға қатысты осындай саясатты ұстануға мәжбүр екенін түсіндірді. Жеке тұлғалардан алдын ала төлем алмайды екен. Келісімшарт жасау мәселесін бас компания шешеді.

Әмірхановтың жауабынан "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ ӨФ жеткізушіден газды доллармен сатып алатындығы белгілі болды. Бұл қатысушылардың түсінбестігін туғызды. Өйткені ел басшысының саясаты бұл мәселеде өте айқын - Қазақстанда бүкіл есеп-айырысулар ұлттық валютада жүргізілуі тиіс.

ӘРКІМ ӨЗІНШЕ ТҮСІНДІРЕДІ

Содан соң "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ ӨФ басшысы техникалық қызмет көрсету бойынша түсінік берді. Оның айтуынша, "Газ туралы" заңға сәйкес, егер тұтынушыда өз жабдығына техникалық қызмет көрсету келісімшарты болмаса, онда газшілердің оған газ беруге құқығы жоқ. Техникалық қызмет көрсету бәсекелі нарық, алайда Атырау облысында мұнымен ешкім айналыспайды. Газ жабдығын сататын компаниялар тек өз тауарына қызмет көрсетеді, қалған аспаптарға олар көңіл бөлмейді. Бұдан басқа, Әмірханов Қазақстан ДСҰ-ға кіруіне байланысты газ саласында да жаңа ережелер енгізіліп жатқанын ерекше атап өтті. Осылайша, енді "ҚазТрансГаз Аймақ" тек өнеркәсіптік мақсаттағы газ жабдықтарына қызмет көрсетуге құқылы. Ал тұрмыстық мақсаттағы, тіпті ірі өндірісте орнатылған тұрмыстық газ жабдығын тексеріп, оған жауап беруге оның мамандарының құқығы жоқ. Енді газшілер осындай жабдықтарға қызмет көрсету келісімшарттарын бұзатын болады, ал тұтынушыларға баламасын іздеуге тура келеді.

Жазғы кезде газ қазандықтарын міндетті түрде сүргілеуге келер болсақ, бұл Әмірхановтың айтуынша, тұтынушыларға жазғы уақытта алдын ала төлем жасамауға және техникалық қызмет үшін төлемеуге мүмкіндік береді.

– Міне, осылай, қауіпсіздік мәселесін жамылып, бизнесті тұншықтыруыңыз мүмкін! – деп мәлімдеді Жолдыбаев.

Осы кезде тараптар бір біріне түрлі заңдар мен ережелерді мысалға келтіре бастады, сөйтсек, белгілі бір құжаттарды олар түрліше, өз пайдаларына қарай түсіндіреді екен.

БАРШАҒА БІРДЕЙ МЕ?

Image 0Жексенғали НҰҒМАНОВ Кәсіпкер Жексенғали НҰҒМАНОВТЫҢ айтуынша, ай сайын ол газшілерге 100 мың теңге мөлшерінде алдын ала төлем жасауы тиіс екен. Бұл ақша газ компаниясында босқа ілініп тұрды, ал оны айналымға жіберер еді. Жалпы әлі көрсетілмеген қызмет үшін ақы төлеуге міндеттеген жағдай оны қайран қалдырған. Сөйтіп, "ҚазТрансГаз Аймақ" АӨ ӨФ-на өзінен алдын ала төлем алмау өтінішімен хат жолдаған. Компания бұған келіседі. Тараптар қосымша келісім жасады, енді кәсіпкер алдын ала төлем жасаудан босатылды.

Әрине, баршаны осы факт қызықтырды.

– Бізде тек бір сұрақ бар: егер кәсіпкерлер жаппай келіп, алдын ала төлемді алып тастауды өтінсе, сіздің реакцияңыз қандай болады? Әлде біреуіне келісіп, енді біріне қарсы боласыз ба? - деп сұрады Жолдыбаев газшілерден. Ал облыстық прокуратура басқармасының прокуроры Сабырбек НҰРЫШЕВ өткен жылы қадағалаушы органның бір кәсіпкер әйелдің сұранысы бойынша осы мәселемен айналысқандығын айтты. Сол кезде прокуратура компанияның бұрынғы басшысынан кез-келген кәсіпкер келісімшартты өзгертуге қатысты жүгіне алатынығы туралы жауап берген. Сөйтіп, кәсіпкер әйелден алдын ала төлемді алып тастаған.

Алайда Абай Әмірханов жауап беруге қиналып, тек келісімшарт жасаған кезде компанияның "азаматтық-құқықтық қатынас шеңберінде әрекет ететінін" ғана атап өтті. Нәтижесінде, мәселе ашық күйде қалды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор

6 ақпан 2016, 14:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.