Атырау, 29 наурыз 19:38
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Міндетті медициналық сақтандыруға қайтадан көшеміз

4 093 просмотра

2017 жылдан бастап Қазақстанға міндетті медициналық сақтандыру жүйесі қайта енгізіледі. Бұл туралы Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Аманбек ЖҰМЫРОВ өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.

ЕКІ ПАКЕТ

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» тиісті заңды өткен жылдың қазанында парламент қабылдаған болатын. Медициналық сақтандыру қызметтің екі пакетін қарастырады. Біріншісі – базалық пакет. Ол республикалық бюджеттен қаржыландырылатын тегін медициналық көмектің кепілді көлемін білдіреді. Оған жедел жәрдем және санитарлық авиация қызметі, әлеуметтік маңызды аурулар – туберкулез, ВИЧ және сол секілді басқа да медициналық жәрдем қызметі, сондай-ақ, профилактикалық екпелер кіреді.

Бұл пакет Қазақстанның бүкіл азаматына қолжетімді болады. Оның шеңберінде 2020 жылға дейін тұрғындардың аз қамтылған бөлігі мен өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтыған тұрғындар үшін республикалық бюджет есебінен амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтитын амбулаториялық-емханалық көмек ұсыну қарастырылған.

Екінші қызмет пакеті – сақтандыру – қайта құрылған Медициналық сақтандыру қорынан ұсынылады. Оған: амбулаториялық-емханалық көмек, стационарлық көмек (әлеуметтік маңызды ауруларды қоспағанда), стационардың орнын басатын көмек (әлеуметтік маңызды ауруларды қоспағанда), қалпына келтіру емі мен медициналық оңалту, паллиативтік көмек пен медбике күтімі, жоғары технологиялық көмек кіреді. Осы пакеттің шеңберінде қызмет көрсету құқығы ҚР азаматтарына, ел аумағында тұрақты тұратын шетелдіктерге және азаматтығы жоқ тұлғаларға ұсынылады. Бастысы, олар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушы болуы керек.

Міндетті ай сайынғы жарналар мен медициналық қызметті сатып алу үшін Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің базасында коммерциялық емес акционерлік қоғамы түрінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылатын болады. Қордың құрылтайшысы және бірден-бір акционері үкімет болып табылады, - деді Жұмыров.

Мұнда мемлекет экономикалық тұрғыда белсенді емес тұрғындар үшін, жұмыс берушілер – жалдамалы жұмысшылар үшін, ал қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген азаматтар өздері үшін жарналар аударатын болады.

Қызметкерлер жарнасының мөлшерлемесі олардың табыстарының 2 пайызын құрайды. Мұнда олардың аударымдары 2019 жылы 1 пайыздан, ал 2020 жылдан бастап 2 пайыздан басталады.

Жұмыс берушілер жарналарының мөлшерлеме көлемі: 2017 жылы табыстың 2 пайызын, 2018 жылы 3 пайызын, 2019 жылы – 4 пайызын, 2020 жылдан бастап 5 пайызды құрайды.

Ерекше санаттағы азаматтар үшін (тұрғындардың әлеуметтік осал тобы) мемлекет жарнасының мөлшерлемесі: 2017 жылы еліміз бойынша орташа айлық еңбекақының 4 пайызы (осындай көрсеткіш бар), 2018 жылдан бастап 2022 жылға дейін 5 пайыз, 2023 жылы 6 пайыз, 2024 жылдан бастап 7 пайыз.

КІМГЕ ТӨЛЕМЕУГЕ БОЛАДЫ?

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарналар төлеуден азаматтардың бірнеше санаты, соның ішінде, «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған және бұрынырақ «Батыр ана» атағын алған, сонымен қатар, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған көп балалы аналар; Ұлы Отан соғысына қатысушылар; бүкіл үш топ мүгедектері; жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген жұмыссыздар; интернат мекемелерінің тәрбиеленушілері; техникалық және кәсіби, жоғарғы оқу орындарының, сонымен қатар резидентура түріндегі жоғарғы оқу орнынан кейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттер, бала тууға байланысты, жаңа туған сәбиді асырап алуға байланысты, үш жасқа толғанша бала күтіміне байланысты демалыстағы, жұмыс жасамайтын жүкті әйелдер, сонымен қатар, 3 жасқа толғанша баланы тәрбиелеушілер, зейнеткерлер, құқыққорғау органдарының қызметкерлері, қылмыстық түзету жүйесі мекемелерінде сот үкімі бойынша жазасын өтеушілер, уақытша ұстау изоляторы мен тергеу изоляторында отырған адамдар босатылады.

ЖАРНАЛАР ЖИНАҚТАЛМАЙДЫ

Егер сақтандыру қорына қатысушы басқа елге көшсе немесе қайтыс болса, жинақталған жарналарға не болады деген журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Жұмыров аударылған жарна жыл ішінде пайдаланылуға тиіс екенін және жинақ түрінде кейінге қалдырылмайтынын айтты. Яғни, оларды өзіне алуға немесе мұра ретінде қалдыруға болмайды. Жеке медициналық орталықтарда медициналық қызмет көрсетілетін келісімшарттары бар фирмалардың қызметкерлеріне келер болсақ, осы пакетке қосымша пациенттер жеке сақтандыру компанияларымен жасалған келісімшарттың негізінде медициналық қызмет ала алады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор

2 ақпан 2016, 20:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.