Атырау, 25 сәуір 20:15
 ашықВ Атырау +17
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Ресейден шошқа тұмауын кіргізбеу керек

2 570 просмотра

Қысқы маусым басталғаннан бері Атырау облысында 47 тұмаумен ауырған адам тіркелді. Олардың 15-і «шошқа» тұмауы деп аталатын түрімен науқастанған.

Бұл туралы өңірлік Коммуникациялар қызметінде болған брифингте Атырау облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы Өмірзақ ЗИНУЛЛИН хабарлады. Республика бойынша шошқа тұмауымен 260 адам ауырып, асқыну салдарынан үш адам қайтыс болған, ішінде жүкті әйел бар.

- Үш жыл бұрын бізде тұмаудың асқынуынан кейін жағдайлары нашарлаған жүкті әйелдер тіркелді. Алайда соңғы жылдары екпе жұмыстары арқасында бұған жол берілмей келеді, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дина КАМЕЛОВА.

Өңірімізде дәрігерлер 1110 тұмау мен ЖРВИ жағдайын тіркеген, 15 науқас қауіпті H1N1 тұмауымен және 32 адам маусымдық H3N2 тұмауымен ауырған. Бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда екі есе аз. Естеріңізге салсақ, дәрігерлердің көпжылдық қадағалауларына сәйкес, аурудың ең шарықтайтын уақыты қаңтардың екінші жартысы мен ақпанның басына келеді.

Брифинг өткізуге көрші Ресейдегі келеңсіз эпидемиологиялық жағдай себепші болған. Бұл елде шошқа тұмауынан қазірдің өзінде 100-ден аса адам өлген. Осыған байланысты Астархан облысымен шектесетін шекара бекеттері айрықша бақылауға алынды.

- Атырау халықаралық әуежайында санитарлық-карантиндік бекет жұмыс жасайды. Мұнда алыстан анықтайтын термометр көмегімен келген жолаушыларға мониторинг жасалады, - деп хабарлады Зинуллин. - Өкінішке орай, темір жол көлігінде бұлай жасау мүмкін емес.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

29 қаңтар 2016, 11:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.