Атырау, 27 мамыр 18:41
Түнде ашық+12, таңертең +20
ҚР Ұлттық банкінің валюта бағамы: $ 325.75  € 382.04  P 5.31

​«Күлшеқыздың» басынан кешкендері

28 қаңтар 2016 00:00

Image 0

Атырау қаласының «ART-Scene» балалар театры студиясы Астанада өткен «Феерия» ІІ халықаралық байқау-фестивальдің жеңімпазы атанды.

КУПЕДЕГІ ТЕКЕТІРЕС

Беделді байқауға Ресей, Түркия, Өзбекстан елдерінен және Қазақстанның барлық өңірлерінен балалар қатысты. Көптеген өнер жанрлары ұсынылды, соның ішінде театрлық көріністер қойылды.

«ART-Scene» театр студиясының жас әртістері 4,5-12 жас аралағында. Олар қойған Шарль Перроның «Күлше қыз» ертегісінде басты рольді 6-7 жастағы балалар ойнады.

«Күлше қыз» спектаклі атыраулық көрермендердің назарына алғаш рет Жаңа жыл қарсаңында Кіші өнер академиясының амфитеатрында ұсынылған болатын. Артық айтқаным емес, қойылым көрерменнің үлкен қошеметіне ие болды. Өйткені, балалар әртістерше ойнамайды, олар сахнада театрлық әрекеттерге толықтай беріліп, болып жатқан оқиғаларға жан-тәнімен сенеді. Көрермен де мұны сезеді. Костюмдері мен декорациясы да ерекше! Мен сол ертегіде жүргендей сезіндім – жарқыраған шыршалар, сағат, айна, әрине, сиқырлы күйме.

Балалар театр студиясы Астанадағы байқауға барады деген жағымды хабар бәрін қуантқанмен, басты рольдердің бірінде ойнайтын орындаушының отбасында әжесі мен атасының мерейтойы болғалы жатырғаны, сол себептен оның топпен бірге бара алмайтыны қынжылтты. Осы кезде театр студиясының бас режиссері Гүлназ Қамысбаева маған хабарласып, осы рольді тез арада менің қызым ойнасын деген өтініш білдірді. Біз келісім беріп, дайындалып, Астанаға баруға жиналдық. Бұдан кейін жылқының киімін жалға алу өте қымбат – 50 мың теңгеге шығатыны белгілі болып, осы рольді маған ойнауды ұсынды. Сандығымды ақтарып, бұғы терісінен тігілген сахалиндік байпағымды, сонау кеңес кезінен қалған түлкі тымақ, қолғап, ішігімді шығардым. Бәрін киіп алғанда, жылқы болмасам да, алыстан жануар екенім көрініп тұрды.

Сонымен, театрлық топтағы 12 бала және ата-аналар, әжелер мен әпкелерден жиналған қолдау тобы «Тальго» пойызына міндік. Пойыз тар, ыңғайсыз екен, алайда бала-шаға мен әйелдерден құралған топтан бірдеңе алып қалуға тырысқан жолсеріктердің қыспағы одан бетер жайсыздық танытты. Олар «көлемге сәйкес келмейтін» жүгімізге, яғни, жалпақ сиқырлы күймеміз үшін 10 мың теңге алуды көздеді. Шын мәнінде бұл зат купе ішінде үлкен орын ала қоймаған еді. Күймені жеткізу үшін күрес кезінде пойыз бастығына дейін баруға тура келді.

Ал, Күлше қыздың әкесінің сыпырғышы сияқты атрибутты ақыры пойызға салдырмады. Сондықтан Астанаға жеткен соң мен түн ортасында құрғақ талдарды сындырып, сыпыртқы жасадым. Күлше қыздың әкесі дүкеннен алған қазіргі заманғы сыпырғышпен немесе щеткамен сахнаға шықпайды ғой!

НАҒЫЗ ЖЫЛҚЫ

Міне, енді сахнаға шығуға бәрі дайын. Спектакльде балалардың қалай ойнағанын айтпай-ақ қояйын, оны көзбен көру керек! Бұл жерде ересектер театрына еліктеу, ұқсастық сезілген жоқ, бұл жерде балалар шығармашылығының ерекше ауаны байқалды.

Спектакльден кейін мен өгей шешені сомдаған Амелия Сисеноваға жақындап, жасын сұрадым. Жасы алтыда, әлі мектепке бармаған. Театр студиясына үш жасынан бері қатысады екен. Амелияның аудиторияны баурап, көрермендерді ықыласқа бөлейтін керемет қасиеті бар. Бірде Күлше қыз ролін ойнайтын Әмина Қонысбаева «Өгей шешеден» қорыққаннан бірнеше рет жылапты. Оның образға кіріп кеткені соншалық, Күлше қызды жұбатып, бұл жәй ғана ойын екенін түсіндіруге тура келді.

Балалардың өз рольдерін сомдауға қаншалықты тыңғылықты дайындалғаны мені қатты таңғалдырды. Мәселен, ертегі айтушы Гномның (Софья Кукалова) костюмі Шарль Перроның өзінің бейнесін еске салады. Софьяның өзі – тума талант. Ол осы спектакльге дейін «Мысықтар» (Cats) мюзиклінде басты рольді сомдапты. Басқа жас әртістер де бұл іске жаңа келгендер емес, бәрінің де әртістік жұмыс тәжірибелері бар.

Күлше қыздың әкесі болып ойнайтын Арсен Жанұзақ қазақ мектебінде оқып, орысша акцентпен сөйлейді екен. Оның Күлше қызға өгей шешесінің қазасынан кейін жұбата айтқан «С тобой, мы, дочка, пражьивём!» сөзі қызықты шықты, француз тіліне ұқсайды деуге де болады. «Болашақта кім болғың келеді?» деген сұраққа 7 жасар Арсен: «Актер болғым келеді» деп жауап берді.

Бұл қойылымдағы әр баланың – Жаршы (Карина Әділова), апалы-сіңлілі Анастасия мен Дризелла (Ақбота Орынбасарова мен Фатима Мұқан), Перизат (Зере Шахарби), король мен ханзада (Эльдар Күзембаев пен Әмір Әбішев), көпшілік көрініске қатысқан акробаттар (Дана Ділманова мен Дәрия Шеруен) - ойынын тәптіштеп сипаттауға болады, барлығы да өте талантты өнерпаздар!

Байқау қорытындысы бойынша біздің труппаға «алтын» кубок, алғыс хаттар, сондай-ақ, жазда Бурабайда, содан кейін Мәскеуде өтетін келесі байқауларға шақыру табыс етті.

«Алтын» кубокты әр бала қолына ұстап, басына көтергісі келді.

Балаларды алдау қиын ғой, сыйлықты қолымен сипаған Амелия: «Бұл қаудыраған пластик емес, нағыз темір», - деп көңілі тола сипаттама берді. Кішкентай актердің осы сөзіне қайтардағы пойыз ішінде көп күлдік.

Ал, сиқырлы күймені Астанада қалдыруға тура келді. Көтеріңкі көңіл-күйімізді жолсеріктермен тағы да кейкілжіңге келіп, бұзғымыз келмеді. Олар бәрібір бұл балалардың спектакль кезінде бізге сыйлаған сиқырлы сезімін түсінбейді, ертегіде мейірімділік зұлымдықты әрдайым жеңеді.

Сиқырлы таяқпен бір сілтеп, ғажайып әдіспен әр баланың бойындағы талантын аша білген қойылым режиссері Гүлназ Қамысбаеваны атап өткен жөн. Ата-аналар да өз балаларын жаңа, бұрын білмейтін жақтарынан көріп, риза болып жатыр.

Ал, Зеренің әжесі менің де актерлік талантыма баға беріп: «Біздің жылқымыз да шынайы болды!», - деп бір мақтап қойды.

Зинат ОРЫНБАСАРОВА

Нашли ошибку? Выделите её мышью и нажмите Ctrl + Enter.
 

2215 рет қаралдыБасты бет Поделиться:

Подпишитесь и узнавайте о новостях первыми


Тақырып бойынша жаңалықтар

Мәңгілік қозғалтқыш және Әмірдің шамы  1653 рет қаралды

"«Заңсыз» материалдарды енді сот шешімінсіз бұғаттай алады". "Иранның санкциядан босауы Жібек жолын «тірілтеді»". "Мәжіліс сайлауынан кейін кейін үкімет тізгінін кім ұстайды?". "Сайлаубек сайлауға түсетін болды". "Саяси тапсырыс орындалды".  1755 рет қаралды

Үлкен ағаның кеңесшісі  2369 рет қаралды

Басты бет

1 2 3 4 5 6 7 8