Атырау, 19 сәуір 05:13
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

...Ешқашан майор болмайсың

3 594 просмотра

№2 қалалық сот Атырау облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің УГ-157/10 колониясының бұрынғы бастығы, 35 жастағы Ренат МЕҢДІҒАЛИЕВТЫ ҚР ҚК-нің 366-бабы 2-тармағы («Көп мөлшерде пара алу») бойынша айыпты деп танып, үкім шығарды. Бұл туралы Ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет бюросы департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, өткен жылдың 26 қазанында Р. Меңдіғалиев жұмыс кабинетіне сотталған О.Е.-ні шақырып алып, қала ішінде еркін жүріп-тұру және алға қарай бостандыққа жіберу мәселесін шешуге сөз беріп, 190 мың теңге мөлшерінде пара беруін талап етеді. Сотталушы сол кездегі мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет департаментіне шағымданады. Департамент қызметкерлері оған аудио және бейне жазба жасайтын арнайы техника беріп, колония бастығымен сөйлескен әңгімелерінің барлығы жазылады.

О.Е. ақшаны бөліп-бөліп берді: біріншіде мекеме кезекшісі арқылы, екіншіде өзі апарып берді. 30 қазанда колония басшысы телефон соғып, қалған ақшаны жеткізуін талап етеді. Кездесу «Насиха» сауда үйіне белгіленді. Пара алғаннан бірнеше минуттан кейін Р. Меңдіғалиев сауда үйінің жанындағы дүкендердің бірінде белгі салынған ақшасымен ұсталды.

Сотта ол өз кінәсін толықтай мойындады. Оған алған парасының 60 еселенген мөлшерінде (11,4 млн теңге) айыппұл салынып, мүлігі тәркіленді, құқыққорғау органдарында өмір бойы лауазымды орындарға отыру құқығынан және әділет майоры атағынан айырды.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

26 қаңтар 2016, 18:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.