Атырау, 29 наурыз 04:32
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Коммуналдық базар маңындағы тұраққа ақы төлеу - заңсыз

10 230 просмотра

«АЖ» сауалының бастамасымен жүргізілген қалалық прокуратураның тергеу нәтижелері осындай болды.

Естеріңізге салсақ, 26 желтоқсанда Атырауда Нұрсая ықшамауданында коммуналдық базар ашылды. Ол жұмыс жасаған уақыттан бастап азық-түлік алуға келгендер көлік тұрағы үшін 50 теңге төлеп жүр. Бұл жөнінде облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ облыстық мәслихаттың қаңтардағы сессиясында мұның орынды екенін, өйткені, «базар өзін-өзі қаржыландырады, біз ол жерге ақша салмаймыз, ал базар әкімшілігі күзет, тазалаушылар ұстауы керек, жарық үшін ақы төлеу керек» деп мәлімдеген еді.

Ал мұның бәрі жай емес. Атырауда «Атырау Кар Паркинг» ЖШС теміржол вокзалы және халықаралық әуежай терминалы алдындағы алаңдарға кіргені үшін жеңіл көліктен 100 теңге, «Газельден» 200 теңге алған жағдай болған еді. Қала тұрғындары бірнеше жыл бойына бұл заңсыз төлемақыны жоюға әрекет етті. Сөйтіп 2012 жылдың 18 қыркүйегінде қалалық қаржы бөлімі теміржол вокзалы мен халықаралық әуежай терминалы алдындағы алаңдарды «Атырау Кар Паркинг» ЖШС-не сенімді басқаруға беру туралы келісімшартты бұзды. Сол кезде 2010 жылы облыстық прокуратураның қалалық әкімдікке осы келісімшартты бұзу және аталмыш алаңдарды қалалық ТКШ бөлімінің балансына беру туралы ұсыныс енгізгені белгілі болды. Өйткені Жер кодексінің 26-бабы бойынша олар жалпы қолданыстағы аумақ болып табылады.

Біз Атырау қалалық әкімдігіне осы жағдай туралы еске салып, төлемақының қандай негізде алынып жатқанын түсіндіруді өтіндік. Ресми жауапта «Сарайшық Атырау» ЖШС-нің бюджеттен қаржыландырылмайтыны атап өтілді. Өзін өзі қаржыландыратын кәсіпорынға коммуналдық төлемдер мен салықтарға, қызметкерлердің еңбеақысына қаржыны өзі іздеуі керек. «Заңнама шеңберінде қолданылатын қосымша табыс көздерінің бірі – ақылы автотұрақ қызметін көрсету болып табылады. Сондықтан ол үшін төлемақы алу заң талаптарына қарама-қайшы болмайды», - делінген қалалық әкімдіктің жауабында.

Телефон арқылы «Сарайшық Атырау» ЖШС директоры Асқар БИСЕНОВПЕН сөйлескенде де осындай жауап алдым.

Қала прокуратурасы біздің сауалымызды қарап, басқа тұжырымға келді. Қалалық құрылыс бөлімінің Нұрсая ықшамауданындағы К.Маденов көшесінің бойында коммуналдық базар құрылысы және пайдалану мақсатындағы тұрақты жер пайдалану құқығындағы (қала әкімдігінің 19.12.14 жылғы №1730 қаулысы) жалпы алаңы 2 га жер теліміне ие екендігі анықталды.

ҚР Жер кодексінің 64-бабының 1-тармағына сәйкес, жер телімдерінің меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың жер телімін оның нысанасынан туындайтын мақсатта пайдалана отырып, жерде дербес шаруашылық жүргiзуге құқығы бар.

«Алайда, Атырау қалалық әділет басқармасының мәліметтеріне сәйкес, «Сарайшық Атырау» ЖШС-нің қандай да болмасын жылжымайтын мүлікке құқығы тіркелмеген. Бұл жер телімі осы ЖШС-ге сенімді басқаруға берілмеген, - делінген Атырау қаласының прокуроры Руфат ҚҰТТЫҚОВТЫҢ қолы қойылған ресми жауапта. 21 қаңтарда Атырау қалалық прокуратурасы қалалық әкімдікке автотұрақта ақша жинауды тоқтату және кінәлі тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұйғарым енгізді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

25 қаңтар 2016, 12:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.