Атырау, 24 сәуір 01:28
 ашықВ Атырау +22
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

"Жасылдар" билікпен соттаспақшы

5 479 просмотра

Қаладағы қоғамдық ұйымдар өз күштерін біріктіріп, өткен жылдың қарашасында қоғамдық тыңдауда ұсынылған мұнай төгінділеріне қарсы әрекет ететін базаны (МТӘБ) салу жобасын мұқият талдаған болатын («АЖ» №47, «Жайық пен халықты құрбандыққа шалған жоба»). ҮЕҰ тәуелсіз сарапшыларды тартып, осы жобаға қоғамдық экологиялық сараптама жүргізген еді. Бұл жалпы бізде алғаш рет өткізіліп отыр. Қоғамдық сараптаманың қорытындысы ұлттық және халықаралық заңнама бойынша анықталған заң бұзушылықтар санының көптігімен алаңдатып отыр. Таяуда үкіметтік емес ұйымдар өкілдері осыған қатысты баспасөз конференциясын өткізген еді.

ЭКОЛОГТАРҒА ДАЙЫНДАЛУҒА МҰРША БЕРМЕГЕН

Естеріңізге салайық, мұнайдың төгілуіне қарсы әрекет ету базасын Дамбы поселкесіне жақын маңдағы Приморск каналынан салу белгіленген болатын. Бұл туралы жобаны жасаушылар мен оған тапсырыс беруші «Теңіз сервис» ЖШС («ҚазМұнайГаз» ҰК еншілесі) жұртшылыққа мәлімдеген еді. Олар бұл шешімнің ең жоғарғы жақта қабылданғанын, ал жұртшылық тыңдауы мен басқа да нәрселердің бос қағазбастылық үшін қажет екендігін жасырған да жоқ. Мұнайдың төгілуіне қарсы әрекет ету базасын пайдалануға беру мерзімі де аталды. Ол 2012 жылдың тамызы деп белгіленіпті («АЖ» №41, «Ел пікірі ескерілмеген құрылыс»). Бұл экологтардың қатты наразылығын тудырды. Базаның ерекше қорғалатын табиғи аумақта «Ақжайық» қорығының жанында орналасуы, Каспий өңірінің айрықша экожүйесінің бұзылу мүмкіндігі, жұртшылық пікірін ашықтан ашық елемеу – аймақ халқының бетіне түкіргенмен бірдей деп есептейді олар.

Сонымен, біздің экологиялық қоғамдастық базаны салу бойынша қоршаған ортаға әсерді бағалау жобасынан не көрді екен?

«19 қарашада өткен қоғамдық тыңдауға дайындалуға мүлдем уақытымыз болмады, өйткені жоба құжаттарын тыңдауға бір күн қалғанда ғана алған едік», - дейді «Глобус» ҚБ төрайымы Галина ЧЕРНОВА. – Осылайша, жобаны жасақтаушы - Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің ақпараттық-талдау орталығы қоршаған ортаға әсерді бағалау  процедуралары мен нұсқаунамаларын және ҚР Экологиялық кодексін бұзды. Осыған сәйкес біздер сұратқан материалдарды олар қоғамдық тыңдауға дейін он бес күн ішінде ұсынулары тиіс.

Енді, бір жарым ай жұмыс істегеннен кейін біз қоғамдық экологиялық сараптама қорытындысын дайындап, еліміздің экологиялық заңнамасы, сондай-ақ, Қазақстанда ратификацияланған Рамсар және Орхус конвенциясы бойынша жиырмадай өрескел заң бұзушылықтарды есептеп шығардық. Заңнамалық саты бойынша халықаралық конвенциялардың басымдылық мәртебесіне ие екендігін атап өткен жөн». 

ОЛАР БҮКІЛ ҰЯНЫ ОЙРАНДАЙДЫ

Атап айтқанда, сарапшылардың пікірінше, базаны салу бойынша қоршаған ортаға әсерді алдын ала бағалау жобасы осы аумақтың биожүйесінің нақты жағдайын бейнелемейді және сол жердің биотүрлілігіне жобаның әсер ету кезінде пайда болатын зияны дұрыс бағаланбаған.  

Сөйтсе, аумақтағы өсімдіктер мен жануарлар әлемін бүкіл тіршілік атаулы, тіпті планктон да негізінен қыстауға кететін кез - күзде зерттеген екен. Сондықтан олардың санының нақты көрсеткіштері жобада жоқ. Мәселен, құстар бойынша, соның ішінде «Қызыл кітапқа» енген түрлерінің тіршілік ететін орындарына жеткіліксіз сипаттама берілген. Айтпақшы, таяуда база салынады деп белгіленген жерден бір километр қашықтықта Қызыл кітапқа енгізілген «қарабас өгіз шағала» деген құстың бір тобы анықталған. Оның осы жерлерде жалғыз емес екендігін жоққа шығаруға болмайды, мұны орнитологтар көктемде анықтамақшы.

Жанында база орналасатын «Ақжайық» қорығының аумағында балықтың 76 түрін, рептилиялардың 20 түрін, құстардың 292 түрі мен сүтқоректілердің 48 түрін қосқанда, омыртқалы жануарлардың 460-тан астам түрлері тіршілік етеді. Ондаған түрі Қызыл кітапқа енгізілген. Бұл сыбырлақ аққу, жабайы үйрек, шүрегей секілді қоныс аударатын құстардың көпшілігі үшін ұя салатын және түлейтін маңызды орын.

«ЕШКІМ ЖАҚ АШПАСЫН!»

Қоршаған ортаға әсерді алдын ала бағалау жобасында базаны салуға учаске таңдау кезінде экожүйе әдісі қолданылғаны айтылып өткен. Ендеше бұл жағдайда жобаны жасаушылар Рамсар конвенциясының қорғауындағы сулы-батпақты жерлердің жалпы аумағынан Приморск каналын қалайша бөліп алған?

Бұл біртұтас экожүйе, демек ҚР Экологиялық кодексінің 207-бабына сәйкес, бұл жерлерде «тірі организмдердің генетикалық қорын жоюға, табиғи экологиялық жүйенің бұзылуын тудыратын шаруашылық және басқа да қызмет етуге тыйым салынған».

Құжаттардан ҮЕҰ қызметкерлері орынсыз қорытындылар, ашық қарама-қайшылықтар анықтаған. Мәселен, бір бетте Приморск каналының аумағы буферлік аймақ делінсе, екінші бетінде ол «Ақжайық» резерватының аумағына кірмейтін құрылыс учаскесі ретінде белгіленген.  

«Бәрі жобаның тым асығыс жасалғандығын көрсетеді, - деп әңгімесін жалғастырды Галина Чернова. – Алайда Ақпараттық-талдау орталығында экологиялық заңнаманы жақсы білетін, көптеген заңдарды жасақтауға қатысатын адамдар жұмыс істейді ғой. Сондықтан осы құжатты дайындау кезінде байқалған олқылықтар таң қалдырады. Мен оларды заңнаманы елемей, былай да жасауға болады деп, осындай қадам жасаған деп ойлаймын. Біздің қолымызға өткен жылдың маусымында осы жерде болған мұнай және газ министрі Сауат МЫҢБАЕВПЕН болған мәслихат хаттамасы түсті. Онда шынымен де барлық мерзім түгелдей жазылған. Барлық жобалау-сметалық құжаттама биылғы жылдың 1-ші ақпанына дайын болуы тиіс, база алаңы наурызда ақырғы рет бекітілуі тиіс делінген. Қоғамдық тыңдау кезінде бізге саусақтарымен жоғарғы жақты нұсқап, қазбалай бермеуге кеңес берген еді, олар хаттаманы меңзеді-ау деп ойлаймын».

Қазіргі кезде қоршаған ортаға әсерді алдын ала бағалау жобасы қоршаған ортаны қорғау министрлігінің мақұлдауын күтуде. Бұған төрт ай уақыт бөлінген. Алайда үкіметтік емес ұйымдарда келесі процедураны – қоршған ортаға әсерді бағалау қоғамдық тыңдауын министрлік мақұлдауын күтпестен, қаңтардың аяғында өткізеді деген ақпар бар. Айтпақшы, мынадай қызықты жайт бар. Егер Ақпараттық-сараптама орталығы (жобаны жасақтаушы) экология министрлігінің құрылымдық бөлімшесі боп табылса, демек Министрліктің өзі жобаны жасақтап, содан соң өз жұмысын өзі бағалайтын болғаны ғой. ҮЕҰ жорамалы бойынша, осы асығыстықты қарапайым ғана түсіндіруге болады. Өнім бөлінісі туралы жаңа келісім бойынша Қашаған мұнайын база болмаса өндіру мүмкін емес. Орындалмағаны үшін жауапкершілік қазақстандық тарапқа жүктеледі, ал шетелдік инвесторлардың тарапынан шығындар өтелмейді. Заңнаманы елемеу – саяси шешім болғаны.  

РАМСАР НОРМАЛАРЫ...

Қоғамдық экологиялық сараптама қорытындысы бар болғаны ұсыныстық сипатта ғана. Одан ҚОҚМ мен басқа тараптар ат-тонын ала қашуы мүмкін. Дегенмен осынау теңдесі жоқ акцияның ұйымдастырушылары мұны жақсы түсініп отыр, қайткенмен де олар табиғат қорғау прокуратурасына, бірқатар мемлекеттік құрылымдарға, Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне жүгінді ғой. Сондай-ақ қала әкімінің база салуға жер учаскесін бөлу туралы шешімін даулау мақсатында олар сотқа талап-арыз да дайындауда. Өйткені ҚР Экологиялық кодексіне сәйкес, бұған Үкімет қаулысы болуы тиіс, өйткені ол қорықтық аймақ. Бұдан басқа, қоғамдық ұйымдар қалыптасқан жағдайға халықаралық ұйымдардың да, атап айтқанда, сулы-батпақты жерлер туралы Рамсар конвенциясы жөніндегі бюроның назарын аудармақшы. Өйткені Каспий өңірінің сулы-батпақты жерлер  аумағы әдейі қысқартылған. Рамсардағы жерлердің картасы болашақ базаның аумағын қамтиды. Ал Рамсар конвенциясының 4-ші бабында, «уағдаласушы тарап көкейтесті мемлекеттiк мүдделерге байланысты жағдайларда, сулы-батпақты алқаптарды Тiзiмнен шығарады немесе оған енгізiлген сулы-батпақты алқаптардың көлемiн қысқартады, ол мүмкiндiгiнше, осының нәтижесiнде сулы-батпақты алқаптардың ресурстарын жоғалтуын өтеуi тиiс; және, атап айтқанда, суда жүзетiн құстар үшiн қосымша табиғи резерваттарды құруы, сондай-ақ осы аудандағы не басқа жердегi олардың бастапқы тiршiлiк орны аумағының жеткiлiктi бөлігін қорғауды қамтамасыз етуi тиiс» делінген.

Қарапайым тілмен айтқанда, «Теңіз сервис» ЖШС алынатын аумақтың орнына жасанды қорық ұйымдастыру тиіс, әрине, оның мұны істемейтіні анық.

…ЖӘНЕ ОРХУС КОНВЕНЦИЯСЫ БҰЗЫЛДЫ

«Біз осындай базаның салынғандығына қарсы емеспіз, оның қажет екенін жақсы түсінеміз, - деп түсінік береді өз әрекеттерін қоғамдық экологиялық сараптама авторлары. – Алайда базаны  орналастырудың барлық баламалы нұсқалары аяғына дейін қаралған жоқ. Ал бұл Орхус конвенциясының 6-бабының 6-тармағын бұзу боп табылады. Олардың таңдауы ерекше қорғалатын аймақ пен Рамсар жерлерінің аумағына немесе өте жоғары апатты және өртке қауіпті аймаққа келіп тірелген. Камынино мен Гогольский учаскелері мүлдем қаралмаған. Приморск каналына таңдау жасалу себебі – дәл осы жерге құрылыс салудың арзанға түсетіндігінде болып отыр».

КҮКІРТСУТЕК АТЫРАУҒА 2  САҒАТТА ЖЕТЕДІ

Дегенмен, ешқандай да база көмектеспек емес. 2000 жылы «Артур Д’Литтл» консалтинг тобы «Аджип ККО» жобасы үшін қоршаған ортаға әсерін бақылау жобасын жасақтаумен айналысып, Қашаған теңіз кенішіндегі кез келген апат әуелі герметизациясын жойған ұңғыдан күкіртсутектің шығуын тудыратынын, мұз қатқан жағдайда оның жағаға 2 сағаттан кейін жететінін, жан-жануарларды айтпағанның өзінде бүкіл халқымен қоса Атырау мен Ақтауға жайылып кетеді деген тұжырымға келген болатын.

Лев ГУЗИКОВ

 

(Қоғамдық экологиялық сараптаманы жүргізгендер: «Глобус» ҚБ төрайымы Галина ЧЕРНОВА, «Каспий Табиғаты»ҚБ төрағасы Махамбет ХАКИМОВ, «Заман»ҚБ төрайымы Әсел НҰРҒАЗИЕВА, «Мегаполис» ҚБ төрайымы Наталья ИВАСКЕВИЧ, республикалық «Руханият» партиясының төрағасы Серікжан МАМБЕТАЛИН, «Сұңқар» апталығының шолушысы Артур ШАХНАЗАРЯН, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар Надежда СЕЛЯНИНОВА мен Фёдор САРАЕВ)

Қарабас өгіз шағаласының фотосуреті - авторы Александр Ивасенко

12 қаңтар 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.