Атырау, 20 сәуір 20:15
 ашықВ Атырау +20
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Еңбек биржасы енді тек Авангардта

12 941 просмотра

Таяуда «Халықты жұмыспен қамту туралы» ҚР заңына енгізілген өзгерістер Атырау қалалық жұмыспен қамту орталығы мен Атырау қалалық әкімдігінің жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшыларының қатысуымен өткен брифингте талқыланды.

РЕКРУТЕРЛАР ЕСЕП БЕРУГЕ ТИІС

Жергілікті тұрғыдағы маңызды өзгерістердің бірі – бұрын қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі («Шалқыманың» артқы жағында орналасқан) Жұмыспен қамту орталығымен (Авангард, 3-ші ықшамауданда орналасқан) бөліскен жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру қызметі енді толығымен Жұмыспен қамту орталығына көшті.

Яғни, жұмыссыздарды тіркеу, есепке қою, есептен шығару, оқытуға жолдама, әлеуметтік жұмыс орындары, жастар тәжірибесі, қоғамдық жұмыстар – мұның бәрі Орталық қызметкерлеріне жүктеледі. Бірақ оның штаты көбеймейді. Тағы бір өзгеріс: егер бұрын азамат тек ХҚКО арқылы ғана жұмыссыз ретінде тіркеле алса, енді мұны Жұмыспен қамту орталығында және egov.kz электронды үкімет сайты арқылы жасай алады.

- 2015 жылы Жұмыспен қамту орталығының желісі бойынша 110 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылды, 211-і жастар тәжірибесінен өтті, 20-сы оқытудан өтіп, 19-ы шағын несиелер алды. 2013-2014 жылдармен салыстырғанда бұл өте аз цифрлар, бірақ дағдарысқа байланысты бұл бағдарламаларды республикалық бюджеттен қаржыландыру азаюда. Жастар тәжірибесіне өткен жылдары 700-800 адамнан жібердік. Бірақ жастар тәжірибесіне жіберілген 211 адамның 130-ы сол жерде тұрақталғаны қуантады. Әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілген 110 адамның 60-ы тұрақты жұмысқа орналасты, - деп атап өтті қалалық Жұмыспен қамту орталығының директоры Гүлнар ҚҰСПАНОВА.

«Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы 2011 жылы қабылданды, осы уақыт ішінде бірқатар өзгерістерге ұшырады. Үкімет қарауында соңғы жылдары «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» деп аталатын құжаттың жаңа редакциясы жатыр. Ықтимал өзгерістер, атап айтқанда, еңбекақыны субсидиялауға қатысты.

Бұрын тек уақытша жұмыс орындарында жұмыс жасап жүрген жұмыссыздардың ғана еңбекақысының 35 пайызына демеу қаржы бөлінетін. Енді жұмыс берушінің шешімімен 6 сағаттық жұмыс күні мен 4 сағаттық жұмыс аптасына ауысатындарға ғана демеу қаржы бөлу мүмкіндігі қарастырылуда. Тағы бір өзгеріс – биыл пилоттық режимде еліміздің 4 облысында 6 млн теңге мөлшерінде (қазіргі «шегі» - 3 млн) шағын несиелер берілетін болады. Біздің облысымыз пилотты өңірлер қатарына кірмейді. Келесі өзгеріс жеке жұмыспен қамту агенттігіне қатысты. Жұмыспен қамту орталығы олармен бұрын да жұмыс істеді, бірақ егер бос орындар жәрмеңкесіне қатысу бұрын рекрутерлердің өз еркінде болса, енді заң оларды тоқсан сайын есеп беруге міндеттеп отыр. Жұмыспен қамтудың жеке агенттіктері бос орындар саны мен жұмысқа орналасқандардың мөлшері туралы есеп беруге тиіс.

ТЕК СЕЛОЛЫҚ БАНК ҚАНА КЕЛІСІМ БЕРДІ

Ағымдағы ахуал туралы қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Мереке ЖАҢБЫРБАЕВ әңгімеледі. «ЖҚЖК - 2020» жүзеге асыру үшін өткен жылы 99 млн теңге бөлінді. Жастар тәжірибесіне жергілікті бюджеттен 12 млн теңге, республикалық бюджеттен – 15 млн төленді. Тағы 14 млн-ы әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға, қалғандары – шағын несиелерге кетті. Жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша өткен жылы қалалық жұмыспен қамту бөліміне 6 495 адам жүгінді, 2 946 адам жұмыс тапты. Тағы 825-і әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды. 12 бос орындар жәрмеңкесінде 181 адам жұмысқа орналастырылды. Өткен жылы 70-тен астам кәсіпорын 1200-дей қызметкерді қысқартты. Жұмыспен қамту органдарына 2016 жылы барлығы 805 адамды қысқарту ниеті туралы 31 кәсіпорын хабардар етіп қойды. Берілген шағын несиелердің қайтарылуы туралы сұраққа жауап бере отырып, Г.Құспанова қайтарымдылықтың 80 пайыздай құрайтынын атап өтті. Өткен жылдары оларды беретін өкілетті орган «Атырау» ӘКК болатын. Жыл сайын 300 жұмыссыз облыс орталығынан кепілзатсыз несие алған. Ал «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ 2015 жылы шағын несиелер беру жөніндегі өкілетті орган болып таңдалды. Оның ережесі қала тұрғындарына несиелер беруге мүмкіндік бермейді. Сондықтан өз ісін дамытуға селолық округтердің 19 тұрғыны ақша алды. Алайда жұмыссыздардың басым бөлігі Атырау қаласында тұратындықтан, өкілетті орган сәтсіз таңдалған деуге болар ма екен.

Биыл 62 шағын несие беру жоспарланып отыр, республикалық бюджет есебінен 80 адам жастар тәжірибесіне және 80 адам - әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілетін болады. Егер жергілікті бюджет жеткілікті қаржы бөлсе, оларды 600 адам үшін жастар тәжірибесін төлеуге жұмсауды жоспарлап отыр.

Брифингтен кейін Г.Құспанова «АЖ» үшін шағын несиелер беретін өкілетті органды таңдауға қатысты ахуалға түсінік берді. Оның айтуынша, қайтарымдылықты арттыру үшін банктердің біріне оператордың функцияларын ұсыну ұйғарылған. Алайда шағын несиенің салыстырмалы төмен мөлшерлемесіне (6%) тек «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау банкі» ғана келісім берген. Осы жылға әлі оператор бекітілген жоқ – жалпы сомасы қашан белгілі болатыны күтілуде.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор

11 қаңтар 2016, 15:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.