Атырау, 28 наурыз 18:19
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Қазақстанда 31 желтоқсан демалыс күні болып өзгере ме

3 294 просмотра

Image 0

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіндегілер Қазақстанда 31 желтоқсан қандай жағдайда демалыс күні болатынын түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Tengrinews.kz тілшісінің сұрағына жауап берген вице-министр Біржан Нұрымбетов бұл мәселені қарастыруға қоғамдық бастаманың қажет екенін мәлімдеді.

"Бізде мереке күндері арнайы заңмен реттеледі. Ол заң бойынша, біздің елде мереке күндері болып 1 және 2 қаңтар саналады, сондықтан, егер біздің қоғам расында да қаласа бұл мәселені қарастыруға болады. Қазіргі таңда 1 және 2 қаңтар ғана - демалыс. Бірақ бұл мәселені қарастыруға болады, нәтижесі жөнінде айта алмаймын. Бірақ бұл жағдайда - біз ұжымдық-келісімдік қарым-қатынас, басшылықтың қызметкерлерге деген қатынасы туралы айтатын болсақ және сіз мұны қоғамның бір мүшесі ретінде айтып тұрсаңыз, 31 желтоқсанда үйге барып, салат жасау керек деген ойды басшылық та ойлайды деп есептеймін. Барлық кәсіпорында бұл мәселе тәжірибелік тұрғыда шешіледі. Егер заңнамалық тұрғыда айтатын болсақ, оған заңмен тыйым салынған деп айта алмаймын. Егер тиісті ұсыныстар болып жатса, қарастыруға болады. Бастаманың түскені қажет, содан кейін мәселе талқыланып және одан кейін ғана теориялық тұрғыда белгілі бір заңнамалық норманың пайда болуы мүмкін", - деді Нұрымбетов.

Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Аронованың айтуынша, егер ол бастама кеңінен талқыланып, логикалық жалғасын тауып жатса, ол алдағы уақытта төменгі палатаға келіп түсе алады және оны халық қалаулылары заңнама деңгейінде қарастырып, белгілі бір нормалар арқылы шешім қабылдай алады.

"Бұл мүмкіндік қазір бизнес кәсіпорындарында ұжымдық келісім арқылы жүзеге аса алады, оған белгілі бір келісімдер тыйым да сала алмайды", - деп түсіндірді депутат.

ҚР Кәсіподақ федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиеваның айтуынша, расында да кейбір кәсіпорындарда 31 желтоқсанды демалыс күні деп жариялау тәжірибе жүзінде бар.

"Ұжымдық келісім арқылы 31 желтоқсанды демалыс күні деген норманы бекіту өкінішке қарай, әлі кеңінен таралмаған", - деді Жұмагелдиева.

Айта кетейік, қазақстандықтар Жаңа жыл мерекесін төрт күнтойлайды. "ҚР мерекелері туралы" заңына және еңбек заңнамасына сәйкес, мемлекеттік және ұлттық мерекелер демалыс күні болып есептеледі. Сонымен қатар, егер мереке атап өтілетін күн демалысқа сәйкес келсе, ол күндер бір күнге ұзартылады.

2016 жылы 1 және 2 қаңтар мереке күндері жұма және сенбіге сәйкес келеді. Сондықтан, 4 қаңтар - дүйсенбі демалыс күні болып есептеледі. Қазақстандықтар 5 қаңтарда жұмысқа шығады. 6 қаңтар да жұмыс күні. Осыдан кейін бізді тағы бір демалыс күні күтіп тұрады. 7 қаңтар Рождество мерекесі атап өтіледі. Заң бойынша, бұл күн де демалыс күні болып есептеледі.

Дереккөз: tengrinews.kz

24 желтоқсан 2015, 16:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.