Атырау, 19 сәуір 21:39
 ашықВ Атырау +19
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

​Соғыста және соғыстан кейін

3 834 просмотра

Image 0Соғыс, еңбек ардагерлері мен қарт адамдар үшін биыл Ұлы Отан соғысындағы кеңес халқының Жеңісіне 70 жыл толуы атаулы оқиға болды. Міне, назарларыңызға тағдырларына осы сұм соғыс қандай да бір әсерін тигізген жерлестеріміздің өмірінен бірнеше көрініс ұсынғым келеді. Мүмкін, бұл оқырманның қазіргі өз тұрмыс-тіршілігіне басқаша қарауына септігі тиер.

Жәке

Қаламызда менен жасы үлкен Жарылғап Мұқашев деген азамат тұрады. Ол он жеті жасыннан бастап Қиғаш өзенінің төменгі сағаларында, Иголкинск және Каначинск өзектерінде, Мокрый және Круглый тартымдарында жұмыс жасады, жүзбелі дүкеннің жүргізушісі болды. Балықшыларды ең қажетті тауарлармен қамтамасыз етті. Осы жазбаның авторы да 17 жасында, алайда ширек ғасырдан кейін, осы жерлерде өзен флотының матросы ретінде жүрді.

Мамыр айында Жәке «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл» медалімен марапатталды. Осы марапатымен құттықтағанда оның жүзі қуаныштан нұрланып тұрды, алайда көздерінде мұң, дәлірек айтсақ, мұң мен даналықтың ізі байқалды. Соғыс жылдарында тағдыр оны Қиғаштан Норильск кенішінен бір шығарды. Қомақты ақша тауып, үлкен жолаушылар кемесімен Енисейден өтті. Мыңдаған жолаушылардың ішінде қылмыскерлер де бар еді, олар адамдарды суға лақтырып жібереміз деп қорқытып, бар ақшаларын тартып алатын. Кемеден лақтырылған адам жағалауға жүзіп жеткеннің өзінде оның өмірін сақтап қалуы қиын еді – айнала ит тұмсығы өтпес ну орман. Жәкеңнің жолы болды, аман-есен елге келіп, бар ақшаны ауылдастарына бөліп берді.

Солтүстікті шарлап келгеннен кейін Жәке қалған өмірін дала романтикасымен сабақтастырды. Ол ұжымшардың ірі қара малына жауапты тұлғаға айналды. Бұл романтиканың апталап-айлап дала кезіп, үйірден бөлініп қалған малды іздеу, көрші облыстарға дейін барып, табылған жылқыны колхозға кері қайтару сияқты қиыншылықтары жететін еді.

Қазір Жәкең тоқсанда. Әлі рухы биік, сергек және ақкөңіл. Онымен сұхбаттасудың өзі бір ғанибет. Онымен бірге Нарын құмын араладым. Ол айналаны бағдарлау қабілетімен мені қатты таңғалдырды. Бір қалыпта жатқан сары далада көзге ілінетін еш нәрсе жоқ болса да, ол баратын жерімізді дәл табатын еді.

«Халық жауының» баласы

Image 1Кеңес кезеңінде бірінші басшылыққа тағайындау алдында осы лауазымға үміткердің «аса құпия» белгісі бар құжаттарға қолжетімділігін ресімдейді. Ресімдеу кезінде арнайы тексеру жүргізеді. Бір үміткердің әкесі «халық жауы» атанып, жазаланған екен. Мұндай адамның кәсіпорын директоры лауазымына отыруы мүмкін емес еді. Оның мансап жолына қатер төнді. Жұмыста оны барлығы мақтайтын: білімді инженер, бәсекелестік ортада табиғи іріктелу қағидасымен өсудің барлық сатыларынан өткен және т.б. Үміткер туралы жақсы пікірлердің көптігіне байланысты және әділеттілік үшін Свердловск облысының мұрағатынан оның әкесіне қатысты қылмыстық іс материалдарын сұратады. Іс материалдарынан бұл кісінің герман барлауымен «ауыз жаласып», 27 тонна картоптың тұқым қорын үсіткені және үш тракторды істен шығарып, зиян келтіргені үшін сотталғаны белгілі болды. 10 жыл түрмеде отырып, жазасын толықтай өтеген.

1953 жылы іс қайта қаралып, әкесі ақталған. Картоп қорын үсіту үшін қойманың терезесін қасақана сындырған деп айыпталғанмен, бұл қоймада терезе жоқ екені анықталды. Ал тракторлар өзі бұзылған.

Бәрі анықталғаннан кейін бұл адамға рұқсат беріліп, кәсіпорынның директоры болып тағайындалды. Он жылдан аса жұмыс жасап, тек ұжымында ғана емес, облыс халқына да сыйлы кісі болды.

Жәмила

Image 2Біздің ауылымызда Жәмила атты жалғызбасты, ерте жесір қалған кемпір тұрды. Оның екі ұлы болған, екеуі де соғыста қаза болды. Ол сынық салатын. Бес жасымда иығым сынып, сол адам емдеп берген еді.

Бозбала шағымда мен оны орақ алқабында шалғысына сүйеніп, демалып тұрғанын көрдім. Көмектесейін деп ұсыныс жасағанмын, сыпайы ғана бас тартты. Жылдар өткеннен кейін көмектен неге бас тартқан сырын ұқтым. Мен тәжірибесіздігімнен, ор-шолақтығымнан шалғыны сындырып алып, өзін асырап отырған азғантай мал шөпсіз қала ма деп қорыққан екен ғой. Қайта-қайта қайралып, жұқарып қалған бұл шалғы мүлт кетсең, морт сынар еді. Осы шалғының арқасында соғыс жылдары жан сақтаған шығар.

Жәмиланың өмірінде 104 көктем туды. Кейде маған ол қаза болған ұлдарымен ойша сөйлесіп жүргендей көрінеді, өмірінің әр жазын солар үшін қарсы алып, солар үшін өзін өмір сүруге мәжбүрлейтін сияқты.

Соғыс жауынгері

Менің әкем Нұрғалиев Иғлаш Нұрғалиұлы – соғыс жауынгері. 1939 жылы Гурьев балық өнеркәсібі техникумын бітірген соң Қызыл Армия қатарына шақыртылып, соғыстың соңына дейін жетті. Үйге 1945 жылдың аяғында келді. Атамның қуанышында шек жоқ – соғыстан жалғыз ұлы келді.

Ол балалардың көзінше соғыс туралы айтқысы келмейтін. Достарымен әңгімелесіп отырғанда естігендерім: жау бекінісін зеңбіректермен соққылап, «тіл» әкелген, бір топ сарбазды қоршаудан шығарған...

Оның екі әскери ордені мен он үш медалі бала күнімде қызықтап ойнайтын ойыншықтарымның бірі еді. Әкемнің Бас қолбасшының қолы қойылған алғыс хаттары бар екенін кейін білдім.

Ал атам кезінде балықшылардың атаманы болған екен. Теңізде оның желкенді қайығынан барлығы бағдар алатын. Жалғыз ұлынан немере сүюді тағатсыз күткен деседі. Ал ол асықпады, алдымен апаларым дүниеге келді. Бір күні атама Ғазиза деген көріпкел әйел кездесіп, «жақында немерелі боласың, аты Нариман болады» деп болжап берген екен. Ғазизаның беделі зор ғой, дүниеге келместен екі ай бұрын маған ат қойып тастапты. Қаңтар айында, мен дүниеге келерден бірнеше күн бұрын әкем бастаған балықшылар бригадасы ат шаналарымен мұз астынан балық аулауға теңізге шығады. Қатты жел тұрып, мұз жарылып, сеңмен бірге ығып кетеді. Осынау қиын сәтте оларға кәнігі балықшылық тәжірибелері мен соғыста шыныққан жігерлері көп көмектеседі. Бірнеше күннен кейін сәттіліктері жолдас болып, балықшылар Бұзашы маңынан құрлыққа шығады. - Ұлымды көруге деген құштарлық жаныма үлкен дем берді,- деді әкем.

Ауылым туралы қысқаша айтып кетейін. Ол өндірістік қуаты жағынан облысымыздағы ерекше елді мекен. 1950 және 1960 жылдары бір және екі діңгекті ағаш кемелер, он шақты қара қайық жасалды. Сонымен қатар, теплоходтардың сыртқы корпустары бойынша жұмыстар жүргізілді, қозғалтқыштары мен жүріс тетіктері жөнделді. Темір жонатын, фрезерлеу және ағаш кесу, темір шабу, құю жабдықтары бар үлкен механикалық шеберханасы болды. Бөлек орналасқан ұстаханасы, ағаш шеберханалары да жұмыс жасады. Бірнеше айлақ бар еді. Желкенді қайықтар балық аулау маусымынан қайтып оралғанда көз қызықтырар керемет көрініс болатын: ақ желкенді үлкен қайықтар тізбектеліп, қарсы беттегі орманның сұлулығымен астарласып, маңғаздана асықпай Қиғаш суын кесіп келе жататын-ды. Ауыл болып балықшыларды қарсы алуға шығатынбыз. Ауыл Теңіз МБС (моторлы балық аулау станциясы) деп аталды. Мұнда төрт ауылдың тұрғындары жұмыс жасады. Әр ұлттан құралған ұжым тату-тәтті жұмыс жасады. Әкем біраз уақыттан кейін бас инженер лауазымына тағайындалды, кейін әріптестерінің ұсынысымен партия комитетін басқарды. Ол өте әділ, адал адам еді. Алты бала тәрбиеледі. Ата-анасына кіші ұлы Бауыржан көп көмектесті. Ол өзінің еңбек жолын кеме механигінің көмекшілігінен бастап, осы ұйымның директорлығына дейін өсті. Жекешелендіру ағыны осы қуатты өндіріс орнын түгел жұтып қойғанша жиырма жыл басқарды.

Әкемнің соғыста алған жарақаттары көп еді. Сүйекке қадалған жарқыншақ алынбай, ақыры ажалына себепші болды. Ол Жеңістің қырық жылдығы қарсаңында бақилық болды.

Қазіргі көзі тірі ардагерлердің бәрін әкемнің майдандастарындай көремін. Барлығыңызға ұзақ ғұмыр, жақын-туыстарыңыздың ыстық ықыластарына бөленіп жүре беріңіздер деп тілеймін.

Н. Иғлашев, Атырау қаласы

24 желтоқсан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.