Атырау, 19 сәуір 03:20
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Әнші Ақмарал

4 565 просмотра

Ақмарал МАШИМОВА – танымал Атырау әншісі, қала әнұранын орындаушы. Атақ-даңқы өрлеген тұста кенеттен және ұзақ уақытқа сахнадан ғайып болды. Бірақ оның талантын құрметтеушілердің көптен күткен қуаныштарына орай Атырауда 10 желтоқсан күні драма театрда әншінің концерті өтеді. Ақмаралдың бұған дейін қайда болғанын және оның өмірі қалай өрбігенін біз оның өзінен сұрағанды жөн көрдік.

"АЖ" АНЫҚТАМАСЫ: Ақмарал Машимова – кәсіби әнші және Н. Жантөрин атындағы облыстық филармонияның бас режиссері. Атырау қаласында туған. Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының концерттік қойылымдар режиссурасы факультетін бітірген. Атақты «Жайық қызы» ансамблінде әнші болып бастап, сол жерде 21 жыл жұмыс жасаған. 1996-1999 жылдары қалалық мәдениет бөлімін басқарды. «Мәдениетті дамытуға үлкен үлес қосқаны, көп жыл жемісті еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

ӨМІРДЕГІ ЕҢ БАҚЫТТЫ СӘТ

– Ақмарал, танымалдылығың кең тараған уақытта, әрбір екінші қала тұрғыны «Атырау – қалам...» деп әндеткен кезде сіз кенеттен ғайып болдыңыз...

– Бұл менің өмірімнің ең бақытты кезеңімен байланысты. Менің Аделина есімді қызым дүниеге келді. Қызымның тәрбиесімен айналысам деп шештім. Қазір жасы 9-да, күн өткен сайын көз қуанышым болып келеді.

– Аделинаға тағы ораламыз. Ал қазір сіздің шығармашылық өміріңіздің қалай басталғаны туралы әңгімелесек.

- Мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ ән айтқанды жаным сүйетін. Мектептегі барлық шараларға қатысатынмын. Менің өнерімді байқаған соң сол кездегі атағы шыққан «Жайық қызы» ансамбліне солист етіп шақырды. Ол кезде ансамбль жетекшісі танымал мәдениет қайраткері Дмитрий АРСЕНТЬЕВ болатын. Жалпы мен жолы болғыш адаммын: ұстаздарым керемет музыканттар Николай КУСТОДИНЧЕВ, Вера Алексеевна ПОДЗВЕЗДОВА еді. Нағыз педагогтар болатын, керемет тәлім бергені үшін оларға алғысым зор. Кейінірек режиссураны Мнаура ҒАБДУШЕВАДАН, Кененбай ӨТЕГЕНОВТЕН үйрендім. Бұлар керемет жандар еді. Олар бізге шабыт беріп, жігерлендіріп жіберетін. Өмір сүруге, жеңіске жетуге талпынатын едік. Міне, осындай адамдар болатын.

– Қызыңыз дүниеге келгеннен кейін сіз көбінесе режиссер болып жұмыс жасап, сахнада сирек көрінетін болдыңыз.

– Иә, сол кезде мен шынымен де сахнадан кетіп, режиссер болып жұмыс істедім. Бірақ қазір Аделина өсті, өзі өте дербес бала. Менде де ақыры сахнаға қайта оралуға мүмкіндік пайда болды. Сахнасыз маған өмір сүру мүмкін емес.

– Сіздің пікіріңізше, ең сәтті шыққан режиссерлік жұмысыңызды атасаңыз.

– Қанша шаралар өткенін санау мүмкін емес: әнші Сембек ЖҰМАҒАЛИЕВТЫҢ, Виктор МАВРИННІҢ, Амангүл ОРЫНБАСАРОВАНЫҢ, композитор Ілия ЖАҚАНОВТЫҢ шығармашылық кештері, түрлі фестивальдар, байқаулар және т.б. өткізілді. Бірақ ауқымды шара – Атыраудағы «Мұнайшы» стадионындағы Құрманғазының 190 жылдық мерейтойына орай өткізілген фестивальдің сценарийімен және қойылымымен жұмыс жасау ең жауапты әрі көп еңбекті қажет еткен жұмысым болды. Сол кезде бүкіл республикалық оркестрлерден 1000 музыкант жиналды, бұл шара Гиннестің рекордтар кітабына енді.

ӨЛЕҢ КІТАБЫ БАСЫМА ҚҰЛАП ТҮСТІ

– Өзіңіздің алдағы шығармашылық кешіңізді «Айша бибі» деп атапсыз. Сіздің бұл әнге деген қарым-қатынасыңыз ерекше ме?

– Әлбетте. Мен бұл әнді айтқан сайын оны басымнан қайта өткеремін. Өйткені, бұл ән жоғалған ұлы махаббат туралы ән. Меніңше, мұның бәрі менің басымда болғандай күй кешемін. Бірақ ештеңеге қарамастан мен бәрібір оны күтетін боламын!

Бұл әннің шығу тарихы қызықты. Әпкем Оңтүстік Қазақстанға барып келгеннен кейін Айша бибі мен оның әйгілі күмбезі туралы әдемі аңызды айтып берді. Мен бұған қатты әсерлендім. Сазгер Болат ҚОҚАМАНОВ бір күні маған өзі шығарған кезекті сазын ойнап берген кезде мен осы әйелді елестеттім. Жаңа саз оның келбетімен соншалықты үйлесімділік тауып, сабақтасып жатты... Мен тез арада осы саз үшін өлең іздеуге кірістім. Кітапханамдағы кітаптарды ақтарып отырған кезде басыма жоғарғы сөреден бір кітап құлап түсті. Бұл Фариза ОҢҒАРСЫНОВАНЫҢ өлеңдер жинағы болатын. Ашып қарасам, Айша бибі туралы өлең бар екен! Кейінірек автордың аздаған өңдеуінен кейін осы ән туындады. Міне, осылай өлеңнің өзі мені тапты. Фариза апай бұл таңдауға таң қалды. Өйткені, бұрын оның сөзіне ән жазылмапты. Сондықтан өлеңін музыкаға салу қиын деп есептейді екен.

– Сіздің шығармашылық одағыңыз көп болды. Сіздің ойыңызша, ең жемісті болғаны қайсысы?

– «Айша бибі» әнін жарыққа шығару кезеңінде біздің өзіндік шығармашылық ұжымымыз құрылды: Фариза апай, Болат және мен. Бұл өте қызықты, шығармашылыққа толы кездесулер мен бірлескен жұмыстар болатын. Нәтижесінде жерлестеріміздің көңілінен шыққан көптеген әндер жазылып, орындалды. Бұлар: «Жақсы көру», «Жүрегің жүрегімде», «Жайықтың толқындары», «Көктем сезім», «Өмір-сен», «Бата» және басқа әндер.

– Қаламыздың әнұранының шығу тарихы да қызықты. Ал сіз алғашқылардың бірі болып оны орындадыңыз. Бұл ән қалай туындады?

– Қаланың қайта аталуының 5 жылдығын тойлау кезінде сол кездегі қала әкімі Жалғас ТІКЕНБАЕВ мәдениет қызметкерлеріне өзгеше нәрсе ойлап табу туралы тапсырма берді. Менде әнұран шығару туралы идея пайда болды. Мен екі шығармашыл тұлғаны – ақын Маржан ЕРШУОВА мен сазгер Болат Қоқамановты байланыстыруға тырыстым. Олардың хит шығаратынына сенімді болдым. Шынымен де, алғашқы орындаушылардың бірі болдым. 1997 жылы Виктор Маврин, Ренат Ғайсин және тағы бірнеше жас әншілер болып, оны Қала күнінде орындадық.

БИБІГҮЛ ТӨЛЕГЕНОВА АЙТҚАН ҚОШЕМЕТ

- Пәтеріңіздің бір бұрышында түрлі марапаттар жиналған. Өзіңіз үшін ең маңыздысы қайсысы?

- Шынын айтсам, марапаттарым көп емес, бәрі де мен үшін қымбат. Дегенмен, ең сүйіктісі «Оскар» мүсінін еске түсіретін «Алтын Ұмай» мүсіні. Оны маған өңірлік «Асқақтасын әуені мұнайлы елдің» фестивалінде бірінші орын алғаным үшін берді. Ал қымбат болатын себебі - бұл байқауда маған Бибігүл Төлегенованың өзі мақтау айтты. Ол мені өңірлік фестивальден көп бұрын болған Шымкентте өткен Ш. Қалдаяқов атындағы Бірінші Халықаралық фестивальде көрген екен. Ол менің образым «Укращения строптивой» пьесасындағы Катаринаны еске түсіргенін айтты.

- Сіз бір қарағанда мықты әйел сияқтысыз. Өмірде қандайсыз?

- Белгілі бір әнде айтылғандай, «Сен менімен ойнама, менің мінезім осындай» (күледі). Мен тік мінездімін, мен ойымдағыны адамның бетіне тікелей айтқанды ұнатамын. Адамдар арасындағы қарым-қатынас ашық болу керек. Осылайша барлығын талқылап, бір-бірін түсінуге болады. Түсініксіз, дүдәмал күйде қалған дұрыс емес. Мен өз достарымнан және өзімнен аттап өткен емеспін. Мейірімділікті бағалаймын. Бұл - мен үшін адам бойындағы ең басты қасиет. Сондай-ақ, адалдық пен әзілкештікті де ұнатамын. Өйткені, әртістің кәсібі күйзелістерге толы ғой, мұндайда әзіл оларды жеңуге көмектеседі.

Тұнжырауды жаным сүймейді, мен оптимистпін. Сәтсіздіктерге көңіл бөлмеймін, керісінше, өз жеңістерімді еске алуға тырысамын, бұл маған жігер беріп, көңіл-күйімді көтереді.

- Жеңістеріңізге нелерді жатқызасыз?

- Менің ең үлкен жеңісім – қызым. Сонымен қатар, мақтануға тұрарлық Хамиль Сүйекбаев, Элла Куртиева, Бақыт Тұрман, Ғалымбек Есембегенов сияқты шәкірттерім. Мүмкін, әзірге олардың үлкен марапаттары жоқ шығар, алайда мен олардың барлығын үлкен талант иесі деп есептеймін.

ӘН - КӨҢІЛДІҢ АЖАРЫ

- Сіз үшін ән айтудың маңызы қандай?

- Ән айту адамның көңіл күйімен астарласуы керек. Егер көңіл-күйіңіз болмаса, көп ауырып, шаршап жүрсеңіз, бір кеңес бере аламын - ән айтыңыз! Балаларыңыз да жиі әндетсін, қосылып сіз де шырқаңыз. Ән айту тек көңіл-күйді көтеріп қана қоймайды, ол иммундық жүйені нығайтады. Денсаулыққа пайдалы.

- Жұмысы көп адамсыз. Аделинаны тәрбиелеуге уақытты қалай табасыз?

- Иә, бұл оңай емес. Аз ұйықтауға тура келеді. Барлық бос уақытымды қызыммен бірге өткіземін. Концерттерімнен кейін үйге тез жетуге тырысамын. Мен қызымның нағыз ханшайым болып өскенін қалаймын. Қазір Аделина тілдер үйреніп, менталдық математика курстарына қатысып жүр. Жетістіктері де бар, ол ойша тез есептеп үйренді, мектептегі осы пән бойынша проблемалар шешілді.

- Концерттерде керемет әдемі киімдермен шығасыз. Сізге бұларды кім тігеді? Дизайнды өзі әзірлейді деп естіп едім...

- Көптеген көйлектерімді сатып аламын, кейбірін өзім тігемін. Қазір Атырауда талантты дизайнерлер көп, солармен кездестірген тағдырыма ризамын.

- Бір кездері сіз туған Атырауыңыздан кетпек болдыңыз. Неге? Сол кезде біздің газетімізде «Кетпе, Ақмарал!» деген мақала шықты. Сіз қалдыңыз... Мақала көндірді ме?

- Ол да мүмкін... (күлді). Мені сол кезде белгілі «Тамаша» ойын-сауық отауының авторы Лұқпан Есенов шақырды. Ал мында баспана мәселесі шешілмеді, тұратын жерім болмады. Сол кетейін деп жүрген кезімде осы мақала шығып, кейіннен маған пәтер берілді, мен қатты қуандым. Содан кейін қалдым.

- Жақында сіздің шығар-машылық кешіңіз өтпекші. Өз тыңдармандарыңызға не айтар едіңіз?

- Осынау көп қырлы, әуенге толы әлемді ашып, өмірде осы әуенмен бірге биіктерге жетіңіздер. Әрқайсыңыздың өмірдегі ең басты әндеріңіз шырқалып, ол ән басқа адамдар іліп алып, әрі қарай әкететіндей ұзағынан болсын деп тілеймін.

Блиц-сауалнама. - Ең үлкен қорқынышыңыз? - Ән айтып жатқанда сөзін ұмытып қалу. - Әуестігіңіз бар ма? - Автокөліктер. Мен көлік айдаймын және Феррариді армандаймын. - Көлік айдағанда қандай ән тыңдайсыз? - Әдемі джаз-рок. - Бала күніңізде аяз атаға сендіңіз бе? - Ол бар, мен оған сенемін.

Әңгімелескен Зинат ОРЫНБАСАРОВА

3 желтоқсан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.