Атырау, 24 сәуір 03:57
 ашықВ Атырау +22
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

«Жауап алудан кейінгі өлім» туралы іс сотқа жолданды

3 771 просмотра

Биылғы жылдың тамызында жағалаудағы шам бағанында асылған күйде табылған жас жігіттің өлімі бойынша тергеу ісі аяқталды. Өз өзіне қол жұмсау тәсілі ғана емес, соның қарсаңында болған оқиға резонанс тудырды.

Естеріңізге салсақ, 23 жастағы Антон МАРКОВ Атырау ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау басқармасында (ЕКБ) өткізген түннен кейін көз жұмды. Ал осы түнге дейін ЕКБ қызметкерлерімен тағы бірнеше кездесу өткен еді («Жауап алудан кейінгі өлім»). ІІД кабинеттерінде осы кездесулерден кейін өзіне қол жұмсауды жөн көрген жігітпен не туралы сөйлесті (тек сөйлесті ме екен) – бұл оқиға туралы естігендердің баршасының қоятын басты сұрағы осы. Бәлкім, оған арнайы прокурорлардың аяқталған тергеу жұмыстары жауап беретін шығар.

Осы факт бойынша істі Атырау облысының арнайы прокурорлар басқармасы 22 қазанда тіркеді, - деп хабарлады зардап шегуші тараптың адвокаты Игорь ВРАНЧЕВ.

ЕКБ-ның екі қызметкері (олардың фамилиялары істе көрсетілген) айыпталушылар ретінде қаралады. Арнайы прокурорлардың жорамалы бойынша, олардың әрекеті жас жігіттің өз өзіне қол жұмсауына итермелеуі мүмкін. Айыптау қорытындысында айтылғандай, жедел қызметкерлер марқұмның досы М.Хочунаевқа Марков ұсынған есірткілік затты қабылдағандығы туралы түсініктеме жазуға мәжбүрлеген. Осылайша, айыптау қорытындысына сәйкес, олар Хочунаевтың өзін танысы В.Шамшодиновамен бірге (олардан екі жедел қызметкер, куәгерлердің жауаптарына сәйкес, істе тіркелген 300 мың теңгені қорқытып алған), Марковты да бопсалауға мүмкіндік алған.

Айыптау қорытындысында, атап айтқанда, екі полицейдің әрекеті айтылған: «А.Марковты қызметтік кабинетіне апарып, оған айқайлаған. Бірнеше рет шабынан ұрып, аяқтарымен бүйрегінен тепкіледі, қолдарымен кеудесінен соққан. Дәлізде тұрған Шамшодинова осының бәрін өз көзімен көрген, өйткені осы кезде кабинеттің есігі жартылай ашық болыпты. Осы кезде Марков жылап, оны ұрмауды өтінген», бірақ полицейлер жалғастыра берген. «Шамшодинова бүкіл қылмыстық әрекеттерді өз телефонының диктофонына жазып алған...».

Істегі куәгерлердің бірі суицид себептері туралы былай деп жауап берген: «Пәтерде Марков маған қиын жағдайда қалғанын, оны полиция қызметкерлері қудалап жүргенін айтты. Егер дәлірек айтсақ, Марков осыған дейін бір күн бұрын оны полицейлер есірткілік заттарды қолданғаны үшін ұстап, өздеріне жұмыс жасауды талап еткен. Яғни, оларға есірткіні қолданатындар туралы ақпарат ұсынуға тиіс болды. Сонымен қатар Марков өзінің тығырыққа тірелгенін, не істерін білмейтінін және полиция қызметкерлеріне жұмыс істей алмайтынын айтты. Өйткені бұл оның өмірлік ұстанымына қайшы келетін еді...».

Осылайша, жедел қызметкерлер лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдаланды және өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзді (ҚР ҚК-нің 362-ші және 105-баптары) деп күдіктелуде. Оларға кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Алдын ала тыңдау 30 қарашаға белгіленді.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

26 қараша 2015, 17:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.