Атырау, 29 наурыз 12:08
 ашықВ Атырау +10
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Спорт жаңалықтары

1 829 просмотра

Күрес

Грек-рим күресінен облыс құрамасы Қазақстан кубогы турнирінде алғаш рет үздік командалардың бестігіне енді.

Жарыс Ақтөбеде өтті. Турнирде Жақсылық Үшкемпіровтың 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиададағы жеңісіне 35 жыл толуы аталып өтті. Ұйымдастырушылар спорт ардагеріне су жаңа «Тойота-Хайлюкс» автокөлігінің кілтін тарту етті. Сонымен қатар, жарыстың құрметті қонақтары арасында Атланта-96 Олимпиадасының чемпионы Юрий Мельниченко, әлем чемпионы Бахтияр Байсейітов, спорттық жекпе-жек және күштік спорт түрлері конфедерациясының өкілі Бауыржан Оспанов, Атырау облыстық күрес федерациясының директоры Кенжебек Шахметов болды.

Атырау облысы өнер көрсеткен топта Астана, Алматы және Қарағанды облыстарының командалары болды. Атыраулық палуандар Қарағанды облысы мен Алматы қаласы командаларын 5:3 есебімен ұтып, Астанамен 4:4 есебімен тең түсті. Алайда қарсыластың ұпайлары көп болып, Атырау өз тобында екінші орынға табан тіреді.

4-6 орындар үшін белдесуде біздікілер Павлодар және Алматы облыстарымен кездесті. Павлодарлықтардан 6:2 есебімен басым түскенімен, алматылықтарға 3:5 есебімен есе жіберді. Нәтижесінде - 5-орын. Салыстыратын болсақ, бұрынғы жарыстарда командамыз ең соңғы орында қалатын еді.

Атыраулық палуандарды есімдері: 59 келіге дейін – Ескендір Елеуов, 66 келіге дейін – Қохаман Қисметов (биылғы әлем чемпионатына қатысушы, Кубокта бес белдесу өткізіп, бәрін де жеңіске жетті), 71 келіге дейін - Мадьяр Әділғали, 75 келіге дейін – Жасұлан Маратов, 80 келіге дейін - Ілияс Гучигов, 85 келіге дейін - Қайыржан Байчураев, 98 келіге дейін - Илья Насточенко, 130 келіге дейін - Дамир Күзембаев.

Команданы облыстың аға жаттықтырушысы Еркебұлан Уаисов пен жоғары спорт шеберлігі мектебінің аға жаттықтырушысы Серік Жұмашев дайындады. Спортшылар мен жаттықтырушылар грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Қайрат Құлымұлы Оразбаевқа және федерация директоры Кенжебек Шахметовқа алғыс айтады. Федерация спортшыларға жалақы береді, олар үшін спорттық киімдер мен жаттығу жабдықтарын алады, оқу-жаттығу жиындарын қаржыландырады, жаттықтырушыларға материалдық көмек беріп, жалақы төлейді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретте. Грек-рим күресінен облыс құрамасы

***

Астанада Халық қаһарманы Алтынбек Мусинді еске алуға арналған грек-рим күресінен республикалық турнир өтті.

Мұнда ҚР құрамасына іріктеу өткізілді. Финалға шыққан спортшыларды автоматты түрде республикалық олимпиадаға дайындау орталығына алды. Турнирге олимпиадалық резерв дайындау орталығының жаттықтырушысы Н. Боранбаев бастаған алты спортшыдан құралған облыс құрамасы қатысты. Осы алтаудың ішінен тек Темірлан Еспенбет қана финалға шықты. Ол 76 келіге дейінгі салмақта төрт белдесуде жеңіске жетті. Ақтық айқаста жеңіліп қалып, күміс жүлде алды. Темірлан - ҚР чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері. Оны ОРДО жаттықтырушысы Б. Әбуталиев жаттықтырады.

Суретті Б. Әбуталиев ұсынды

Карате

Image 2Қарағандыда кекушинкай-кан каратеден ҚР кубогы өтті.

Жарысқа 13 өңірден 300-ден аса спортшы қатысты. Облыс құрамасы сапынан келесілер сәтті өнер көрсетті: Ақылбек Сәттібеков (60 келіге дейін) «алтын» алса, Рүстем Байбосынов (70 келіге дейін) «күміс» иеленді. Спортшыларды Танат Нұрымов пен Мұрат Жолдасов дайындады.

***

Байқоңырда өткен WKF карате-додан (олимпиадалық нұсқа) ел чемпионатына 12 облыстан 240-тан аса спортшы қатысты.

Атырау намысын қорғауға карате-додан облыс чемпионатының ақтық сынына шыққан «Қайсар» спорт клубы мен 2-БЖСМ-ның он шәкірті барды. Чемпионаттың алғашқы күні спортшылар жеке және командалық ката көрсетсе, екінші күні жеке және командалық кумитеге шықты.

Ер балалар арасында жеке кумитеден 10-11 жас ер балалар арасында 35 келіге дейінгі салмақта Кенжебай Нұрбек қола медаль алды. 12-13 жас ер балалар арасында 45 келіге дейінгі салмақта Руслан Бекзат осы жетістікті қайталады. Жалпы командалық есепте көрші Ақтаудың спортшылары бірінші орын алды (6 алтын, 7 күміс және 8 қола медаль).

Анастасия ПАСТУХОВА

26 қараша 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.