Атырау, 28 наурыз 21:08
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

​"Балапан" балабақшасындағы туберкулез дабылы

4 544 просмотра

Image 0Привокзальный ықшамауданындағы №13 "Балапан" балабақшасында 2-ші кіші топта жұмыс істеген тәрбиешінің көмекшісінен туберкулездің ашық түрін анықтады. Науқастың 2008 жылдан бастап тәуекел тобында болғаны анықталды.

Бала күтушінің қауіпті диагнозы туралы 5 қарашада белгілі болды. Алайда толық үш күндік карантинге балабақшаны тек жақында - 18 қарашада ғана жауып тастады. Ең алдымен комментарий алу үшін біз қалалық білім бөліміне қарай бет алдық. Қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Алмабек АБДОЛОВ мені өз кабинетінде тыңдап болған соң, "Біз директор мен медбикені жұмыстан шығарып жібердік, қалғанын сізге Гүлнәр Дінішқызы айтып береді" деп, мені мектепке дейінгі білім бөлімінің бас маманы Гүлнәр ЖОЛМҰХАНОВАҒА жіберді. Г. Жолмұханованың айтуынша, тәрбиешінің көмекшісінен туберкулезді кездейсоқ анықтапты:

– Ол облыстық ауруханаға аллергиямен түсті. Анализдерін тапсыра бастаған кезде туберкулез анықталған. Санитарлық кітапшасы бар, соңғы медициналық тексеруден ол 2015 жылдың наурызында өткен. Балабақшада 2013 жылдың желтоқсанынан бері жұмыс жасаған. Осыдан кейін ол жұмыс жасаған топ залалсыздандырылды. Фтизиатрлар келіп, осы топтың ата-аналарымен жиналыс өткізіп, барлық балаға манту егіп, бәрін 3-ші емханада рентгенге түсірді. Әрине, біз бәрін бақылауда ұстайтын боламыз. Біз балабақшаны толықтай 18 қарашадан бастап үш күнге залалсыздандыру үшін жауып тастадық.

– Неге кеш?

– Біз алдымен топты залалсыздандырдық (екпе жасадық - С.Т.), осы жеткілікті. Бірақ басқа топтың ата-аналары алаңдаушылық білдірді. Мен оларды түсінемін, олар өз балалары үшін алаңдайды ғой. Бүкіл балабақшаны залалсыздандырып шығуды өтінді. Біз тек осы топты ғана емес, түгелдей балабақшаны бақылауға алу үшін тубдиспансерге хат жаздық. Бірақ, құдайға шүкір, балаларымыздың бәрінің дені сау. Манту нәтижелері қазір бәрінде жақсы шығып тұр.

- Балабақша директоры жұмыстан шығарылды ма?

– Жұмыстан? Жоқ, біз оны осы үшін жұмыстан шығарған жоқпыз. Ол өз қалауы бойынша, денсаулығына байланысты кетті. Қазір оның міндетін осы балабақшаның әдіскері атқаруда. Ал медбикені жұмыстан шығарып жібердік.

Біз №13 "Балапан" балабақшасы директорының міндетін атқарушы Дина МУСИЕВАҒА хабарластық. Ол былай деп әңгімеледі:

– 29 қазанда түскі үзіліс кезінде бала күтушінің жағдайы нашарлап, аллергиялық бөртпе пайда болды. Біз жедел жәрдем шақырғымыз келген, бірақ ол бас тартқан соң, оны үйіне жібердік. Келесі күні бізге оның ауруханаға түскенін хабарлады, аллергиясы бар екенін айтты. Ал 4 қарашада бізге СЭС-тен хабарласып, біздің қызметкеріміздің туберкулезге шалдыққанын, шұғыл арада балабақшада залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу керектігін хабарлады. Шынын айтқанда, біз мұны ата-аналарға хабарлаған жоқпыз, тек тұрбаларды ауыстыру керек деп айттық. Біз балабақшаны бір күнге жауып тастап, ғимаратқа толықтай залалсыздандыру жұмыстарын жүргіздік. Содан кейін, 5-інде барлық қызметкерлерге алты айдан асып кеткендерге рентгенге түсу керектігін айтты. Бәрі рентген нәтижелерін әкелді, бәрінде дұрыс екен. Осы топтың тәрбиешісі бүкіл анализдерін бөлек тапсырып, рентгенге түсті. Өйткені ол науқаспен бірге бір топта жұмыс істеп, бірге шай ішіп жүрген адам. Бізге бәрі таза екенін айтты. 10 қарашада фтизиатрлар келіп, осы топтың ата-аналарының бәрін жинап: балалардың қайсысына манту салу қажет, кімнің рентгенге түсу керектігін айтты. Ата-аналардың барлығы келісіп, қазіргі кезде осы топта тізім бойынша 36 бала рентгенге түсті, манту ектірді. Рентген дұрыс, ештеңе анықтаған жоқ. Бірақ кейін ата-аналар неліктен бар болғаны бір күнге жауып тастады деп, наразы бола бастады. Біз оларға СЭС солай айтты дедік. Бірақ ата-аналар дұрыс айтады, сондықтан біз балабақшаны жауып тастадық, қайтадан залалсыздандырдық. Қазір тазалық жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Егер бәрі дұрыс болса, дүйсенбіден бастап жұмыс жасаймыз. Сырқаттармен байланысы бар топтың балалары бақылауда болады. Оларға дәрумендер тағайындайтын боламыз. Тубдиспансерден үнемі бізге келіп тұратын болады. Осы топтағы ата-аналардың көпшілігі де рентгенге түсті. Олар да байланысы бар адамдар деп есептеледі ғой.

– Бізге медбике жұмыстан шығарылды деді ғой?

– Директор мен медбике өз қалаулары бойынша жұмыстан кетті.

Облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің емдеу ісі жөніндегі бас дәрігерінің орынбасары Дәметкен ТАЙПАНОВАНЫҢ айтуынша, жұқтыру қаупі алты ай бойына сақталады екен:

– Науқас қазір ауруханада жатыр, оны бізге Квинке ісігімен әкелді. Ал тексеру кезінде ашық түрдегі туберкулезді анықтады. Диагнозды зертхана талдамалары толықтай растап отыр. Оның санитарлық кітапшасында қалдық туберкулездік өзгерістер бар деп жазылған. Бұл жазба 2008 жылдан бері бар және бұл әйелдің бәлкім бір кездері ауырғанын немесе аяқтай жүріп ауырғанын білдіреді. Өйткені кейде ошақтар өздігінен жазылып кетеді. Бұл ошақ бүкіл ғұмыр бойына қалуы мүмкін. Мүмкін белсенді түріне ауысуы мүмкін. Сондықтан мұндай адамдар тәуекел тобында болады. Олар тұрақты түрде тексеріліп тұруы тиіс.

- Ал тәуекел тобындағы адамдарды балабақшаға жұмысқа қабылдауға бола ма?

– Қабылдауға болады. Бәрі рентген суретінің қалай түскендігіне байланысты. Біз қазір қызметтік тергеу жұмыстарын бастадық. Бізге рентген-мұрағатымен бірге бүкіл перфокартаны әкелуді өтіндік. Бәрімен жете танысудамыз.

Біз науқаспен байланысқа түскен адамдардың барлығын тексеруге тиіспіз. Бүгін біз бәрінің рентгеннен өткендігі туралы мәлімет алдық, ал манту екпесін салу жалғасуда. Бірақ әзірге бірде-бір адамда туберкулез процесі анықталған жоқ.

- Бірақ әлі қауіп бар ғой?

– Иә, әрине. Бастапқы жұқтыру кезеңі жарты жылға созылады, сондықтан кез келген мантуға оң реакциясы болған адам алты айға дейін химиялық ем алуы тиіс. Қазір мен қанша адамның ауру жұқтырғанын айта алмаймын. Біз мантуды үш тәуліктен кейін оқимыз. Содан соң жарты жылдан кейін қайтадан осы контингентті тексереміз.

- Яғни, тіпті егер қазір манту екпесіне реакция теріс болса, онда уақыт өткен соң жұқтырылуы мүмкін бе?

- Әрине, жұқтырылуы мүмкін. Бәрі баланың қандай жағдайға тап болатындығына, сондай-ақ ілеспе сырқаттарға байланысты.

Балалар жыл бойына біздің бақылауымызда болады.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

20 қараша 2015, 21:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.