Атырау, 24 сәуір 00:00
 ашықВ Атырау +22
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

Туыстары табылды (толықтырылды)

4 251 просмотра

Image 0Бір ай бұрын біз полицейлермен бірге құжаты мен тұрақты баспанасы жоқ адамды Әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастырғанбыз. Бүгін қылмыстық іздестіру бөлімінен оның қайтыс болғаны туралы хабар келді.

- Бәлкім, суретін көрген біреу-міреу оны танитын шығар. Біз оның бұрын кім болғанын білмейміз,- деді Атырау қалалық ІІБ шұғыл уәкілі.

...Байғұсты мен осы жылдың 28 қазанында түс уақытында өз үйіме кіре берісте көрдім. Ол жол бойында, жалаң аяқ, жалаң бас жатыр екен. Мас екені көрініп тұр. Көзі ашық, көзқарасы маған өмірден түңілген, көмек сұрағандай көрінді. Мен оның атын, қай жақтан келгенін және туыстары қайда екенін білгім келіп, сұрақтар қойдым. Ол жауап бергісі келгенімен, бір сөз де айта алмады. Мен жедел жәрдем шақырдым және ауырып жатқан қаңғыбас адам екенін ескерттім. Шамамен 10 минуттан кейін жедел жәрдем бригадасы мен әмбебап полиция қызметкерлері келді, оларды көршілердің бірі шақырса керек. Ақ халатты қыз қан қысымын өлшеп, шақырту қағазына «жағдайы қанағаттанарлық, қан қысымы қалыпты» деп жазды.

Сол жерде оны Лесхоз ықшамауданындағы Бейімдеу орталығына апару керек деп шешілді. Полиция оны жедел жәрдем көлігімен апарған ыңғайлы деп ұсыныс жасағанымен, бұл біздің жұмыс емес деп дәрігерлер көмектесуден бас тартты.

Полицейлерге адамды өз көліктеріне салып апаруға тура келді.

Қаңғыбасты сол кезде «Тұрақты мекенжайы жоқ тұлғаларды әлеуметтік бейімдеу орталығы» ММ директорының орынбасары Гүлбағила ХАБИ қабылдады. Үйсіз бейбақтың ажалы туралы естігеннен кейін, мен сол кісіге хабарластым.

- Ол осы уақытқа дейін бізде жатты,- деді Хаби. – Біз оны рентгенге түсірдік, созылмалы бронхиттен басқа ештеңе анықталмады. Мұнда оны сорпа, ботқамен тамақтандырды, жақсы ұйықтады, ешқандай ауырсынбады, өйткені оң жағы түгел салданып қалған, сөйлей алмағаны да осыдан. Бірнеше рет криминалдық полициядан жігіттер келді, саусақтарының іздерін алды, бірақ тұлғасын анықтай алмады. Осылайша кетті де барды...

Ол 15 қарашада қайтыс болды. Қазір оның денесі облыстық мәйітханада жатыр. Маған ІІБ түсіндіргендей, ол жалпы қорымға жерленіп, аты-жөні белгісіз болғандықтан, басына номер ғана жазылады.

Біз барлығымыз «қаңғыбас» деген сөзге үйренгенбіз, біздер үшін олардың бәрі бірдей: сасық иісті, ескі-құсқы киінген, лас, бет-ауызы жара-жара. Біз оларға қарағымыз да келмейді. Алайда күш салып, суретіне қараңыздар. Мүмкін оның туыстары бар шығар. Адам сияқты жерлеуге әлі де болса мүмкіндік бар.

Бүгін, 20 қарашада Атырау қ. ІІБ қылмыстық іздестіру бөлімінен қоңырау шалып, марқұмның туыстары табылғанын хабарлады. Ол 60 жастағы Петр КОВАЛЕНКО болып шықты. Туыстары оның денесін мүрдеханадан алып кетеді.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА.

Суретті Атырау қ. ІІБ ұсынды


Атырау қалалық Ішкі істер басқармасы хабарлайды: 28.10.2015 күні Әлеуметтік бейімдеу орталығына белгісіз азамат келіп түсті. Ол денсаулығына байланысты өзі туралы ешқандай мәлімет айта алмады. Оң жағы салданған. 15.11.2015 күні қайтыс болды.
Белгілері: бойы 175-180 см, арықша келген, шашы қысқа, ақ сары, көзі көк. Ерекше белгілер: ішінде 8-10 см кесілген жарақаттың ізі бар, сол қолының білегінде гректің Пи әрпі үлгісінде жазылған «П» әрпі бар, алдыңғы тістері 8 сары металдан жасалған тіссауыттан тұрады, қалған тістері жоқ.
Таныған және ол туралы бір нәрсе білетіндерге 98-15-43, 98-15-25 телефондары арқылы Атырау қалалық ІІБ-нің криминалдық полиция бөліміне хабарласуын сұраймыз.

Атырау қаласы, Ә. Молдағұлова көшесі, 247 үй, №20 кабинетке хабарласыңыздар.

19 қараша 2015, 21:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.