Атырау, 20 сәуір 04:17
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Баспанасыз қаңғып жүр... талай қазақ баласы

7 310 просмотра

Біз елімізге сырттан келген шетелдік мамандардың беделді компанияларда тәуір жұмыспен қамтылуымен қоймай, олардың американдық қалашық секілді көркем аудандардан баспанамен де қамтамасыз етілетінін көргенде ішіміз удай ашып, іштей тынамыз. Себебі, олардың алатын жалақысы күнделікті тамағы мен еліндегі отбасын асыруға ғана емес, пәтер жалдап тұруға да жетіп артылады. Ал біздің отандық мамандар шетелге шығып жұмыс істеу түгіл, Қазақстанның өзге облыстарында жұмыс іздеп барғанда тиімді бағаға қолайлы баспана іздеп әуре. Онысы табылса, кәне?... Өзге өңірге шықпай-ақ, өз қаласында сандалып жүрген жандар қаншама?

ҚОЛЖЕТІМДІ ИПОТЕКА ҚАЖЕТ-АҚ

Тұрғын үй құрылысын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама мен әкімдіктікте пәтер, жер кезегіне тұру тәртібін немесе бастапқы жарна жинап, екінші деңгейлі банктерде несиені рәсімдеуді олар білмейді дейсіз бе? Біледі. Бірақ, дәл қазір ауадай қажет болып тұрған баспанаға қолын қалай жеткізбек? Бастапқы жарна мөлшерін жинап қанша уақыт кетіреді. Айталық, ең құрмағанда екі миллион теңге жинау үшін орташа есеппен 50-80 мың теңге жалақы алатын жалғызбасты адамға шамамен үш-бес жыл уақыт қажет. Ал отбасылылар ше? Басқасын айтпағанда, отбасын жаңа құрған жастар үшін жылы ұя қазір-ақ керек болып тұрғанда несін айтасыз? Әкімдікте пәтер кезегінде 20 жылдан астам уақыт кезегін сарылып күтіп жүрген тұрғындар бар. Осыншама уақыт үміттендіргенше бір нақты жауабын беріп, шұғыл іске көшсе қайтер еді билік? Баспанамен жақында ғана қамтылған 135 тұрғынның қатарында болуды олар әлі армандап жүр. Қала әкімінің биыл сізге үй беріледі деген уәдесі де қалып келеді. Жыл аяғы жақындап қалды. Табысы орташа әрі тұрақты азамат үшін ипотекалық несиемен басыбайлы баспанаға ие болу жүйесін қолжетімдірек ету керек. Панасы жоқтар айлап-жылдап біреудің үйін жалдап тұрғаннан гөрі, түбі өз меншігінде қалатын пәтердің несие ақшасын банкке төлеп тұрғанды жөн санайды. Қазір баспаналы болғысы келетіндер қатары елімізде көбейгеннің үстіне көбейіп отыр. Тұрғын үй нарығы қашан да өте өзекті. Бүкіл әлемде де солай. АҚШ-тағы ипотекалық дағдарыстың кесірінен қаржы секторы құлдырауға шақ қалғанын ескерсек, бұдан қауіптену де керек секілді деп сандырақтаймыз-ау. Десек те, бар қаржысын жылжымайтын мүлікке салуды дұрыс деп санайтындар асып жығылады. Есесіне, бір басында бірнеше пәтері барлар мен мүлдем пәтерсіз жүргендер санының тепе-теңдігі бұзылып кетті. Байлығым баспанам деген пікір қалыптасты қоғамда. Өйткені, жұмыссыз қалсаң, жылжымайтын мүлігің жалға берілу арқылы тамағыңды асырайды.

Бүгінде елімізде ипотекалық несие беруді Астанадағы атқамінерлер қайтсек жеңілдетеміз деп бас қатыруда. Бұл мәселе жайлы күзде Астанада «Қазақстандағы қол жетімді тұрғын үй - қол жетімді ипотека: қалпына келтіру бағыттары» атты дөңгелек үстелде айтылған болатын. Ипотекамен үй алуды армандағандар бастапқы жарна жинаймын деп жүндей түтілсе, несие рәсімдеген соң белгіленген жылдық ставканы ай сайын өтеймін деп тағы арпалысады. Оны өтей алатындар бар да, әрі тартса арба сынады, бері тартса өгіз өледінің күйін кешіп, уақытша паналау деген ұғыммен күнелтіп келе жатқан табысы мардымсыз отбасылар да бар.

ТОҚАЛДАН ТУҒАН ЕШТЕҢЕМІЗ ЖОҚ

Біздің елімізде бастапқы жарна мөлшері пәтер құнының 30 пайызын құраса, несиенің жылдық белгіленген ставкасы 16-18 пайыз. Ал Атырау қаласындағы пәтерлер құны қазір жалпы орташа есеппен алғанда, 35 мың доллардан бастап 200 мың доллардан асып жығылады. Онда да пәтер орналасқан тұрғын үйдің сапа жағдайына, оның орналасу мекен-жайына байланысты қойылады бағасы. Балықшы поселкесі мен Химпоселок, Лесхоз, Сарыөзек елдімекендеріндегі үйлерді көпшілік сатып алмауға тырысады. Ал коммуналдық проблемалары көп кездеспейтін, газы мен ыстық-салқын суы, жылуы мен жарығы үнемі келіп тұратын, 2 және 3-ші қабатта орын тепкен жайлы пәтерлер мен маңында мектеп пен балабақшасы бар, тыныш аудандардағы тұрғын үйлер бағалары ұшынып тұр. Жұртшылық амалы құрығаннан арзанға жүгінулеріне тура келеді. Бәлен мыңға қарызға белшесінен батып баспаналы болғасын жанға жайлысын таңдағың келеді ғой. Тоқалдан туған кім бар дейсің.

Астанада өткен дөңгелек үстелде ҚР Президентінің көмекшісі Бақыт СҰЛТАНОВ мемлекеттік мамандандырылған институттар, ипотекалық компаниялар, сондай-ақ «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешуде өздеріне жүктелген міндеттерді толығымен орындай алмағанын сөз еткен болатын.

2006-2007 жылдардағы тұрғын үйлердің көптеп салынуы мен несиелердің жаппай берілуі кезіндегі баға қымбатшылығы баспана проблемасын шешуге кедергі болып еді. Ал 2008-2009 жылдары елімізде тұрғын үй құрылысы мүлдем тоқтап қалмағанымен баяулап қалғаны байқалды. Биылғы жылдан бастап қайта жандана бастаған тұрғын үй құрылысы басқа түскен баспақшыл саналған ипотекалық несие жүйесіне қайта дем бергендей...

Айтпақшы, Бақыт Сұлтановтың айтуынша бүгінде Қазақстанда бір адамға шаққандағы тұрғын алаң 18 шаршы метрді құраса, бұл көрсеткіш дамыған елдермен салыстырғанда 2-3 есе кем екен.

Ал ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері агенттігінің төрағасы Серік НОКИН болса,Қазақстанда бір адамға шаққанда жылына орта есеппен 0,4 шаршы метр тұрғын үй салынады дегенді айтады. Құрылыс қарқынды жүрген 2007 жылы бұл көрсеткіш 0,52 шаршы метр болған. Әлемнің дамыған елдерінде болса, жан басына шаққанда жыл сайын 1 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі екен. Нокин мырза еліміздегі осы көрсеткішті арттыру үшін тұрғын үй құрылысы секторына инвестиция аса қажет деп отыр. 2009 жылы осы салаға бағытталған инвестиция 270 млрд. теңгені құрапты. Бұл 2007 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, 40 пайызға төмен екен.  

СИНГАПУР ҮЛГІСІН ТАҢДАСАҚ ҚАЛАЙ?

Одан бөлек, Серік Нокин жиын мінберінде ипотеканың қол жетімділігін арттыру үшін жылдық сыйақының мөлшері 8 пайыз, бастапқы жарна 10 пайыз болуы тиіс, ал ипотекалық несие 20 жыл мерзімге берілуі қажет деген пікірін жеткізді. Осымен бірге ол халықтың тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін Қазақстанда сингапурлық үлгіні іске асыру қажет деген ойын ортаға салды.

Сингапурде пәтерге мұқтаж адам бастапқы жарнаның мөлшерін төлей алмаса, оған зейнетақы қорындағы жинағын пайдалануға рұқсат беріледі. Осы елде мұндай үлгі жолға қойылғаннан бері баспаналы болғандардың үлесі 3 есеге артып, 2007 жылғы 27 пайыздық көрсеткіш қазір 91 пайызға дейін өскен.

Әрине, бұл құптарлық үлгі. Зейнетақы жинағының қызығын зейнет жасына шыққанша көруге қашан жазады дерсіз. Оған дейін кім бар, кім жоқ деген әңгіме ғой. Ал үйді қазір алып қалғың келеді. Сондықтан, бастапқы жарна мөлшерін зейнетақы жинағынан төлеуге мүмкіндік берілгені дұрыс шешім болар еді деп ойлаймыз.

ТҰРҒЫН ҮЙМЕН АЙНАЛЫСАТЫН ҚАРЖЫГЕРЛЕР НЕ ҰСЫНАДЫ?

«Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның  Атырау облысындағы филиалы басқарушы директоры Данияр ТОЙҒАНБАЕВТЫҢайтуынша, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысушыларға арналған үйлердің құрылысы әкімдіктердің мақсатты несиелер ұсынуымен бюджет есебінен қаржыландырылады. Мәселен, осы банк ұсынатын әрленген эконом-классты пәтерлердің бір шаршы метрі Алматыда шамамен 142,5 мың теңге, Астана мен Ақтау қалаларында 112,5 мың теңгеге бағаланса, қалған аймақтарда 90 мың теңге (оның ішінде Атырау облысы бар) болмақ.

Банк филиалының клиенттермен жұмыс жөніндегі бөлімінің бастығы Күлжан ДОШЕКЕНОВА бұл бұрынғыдай тек қана мемлекеттік қызметкерлерге ғана емес, барлық сала қызметкерлеріне арналған деп түсіндірді.

Осылайша, енді ипотекалық несиені өтей алатын кірісі бар азаматтар «шешінген судан тайынбас» деген ұстаныммен ғана пәтерлі бола алмақ. Алайда, уақытша жұмыссыздар мен табысы тұрақсыз немесе жалақысы 25-30 мың теңгеден әрі аспайтын тұрғын үйге зәру жандар қайтпек?... Соны ойлайтын біреу бар ма? Әйтпесе, «әлеуметтік баспана құрылысы жайлы құрғақ уәде мен пәтер кезегін күтуден шаршадық»... Бұл тұрмыстық әл-ауқаты мәз емес халықтың көкейіндегі сөзі. 

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Cуретті түсірген автор

6 қаңтар 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.