Атырау, 19 сәуір 12:22
 ашықВ Атырау +30
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

«Жүк көліктеріне шектеу бола ма?»

2 227 просмотра

Жолға асфальт төселген кезде индерборлықтардың қуанышында шек болған жоқ. Ал енді бұл бір сынаққа айналғандай. Индербор поселкесі Б. Момышұлы көшесіндегі 50-ге жуық үйдің тұрғындары күн сайын жолдың шаңын жұтып, ауыр жүк тиеген автокөліктердің жаңа асфальтты тоздырып жатқанын көріп отыр. Күніне поселке арқылы 100-ге жуық фура өтеді екен.

«Орал-Атырау» тас жолы арқылы Атырауға бағыт алған жүк көліктерінің жүргізушілері асфальтталған жаңа жолдың артықшылығын бірден байқап, тікелей Индербор поселкесіне кіріп, көпірден және поселке көшелерімен өтеді. Сол көшелердің ішінде Б.Момышұлы атындағы көше бар. Осы көшелермен фуралар кері тас жолға шығады. Жүргізушілерді түсінуге болады, ал тұрғындарды кім түсінеді?

Индер-Атырау тас жолы былтыр күрделі жөндеуден өтіп, үш ай бұрын ғана пайдалануға берілген. Және егер қажетті шарасын алмаса, тас жолға қайтадан күрделі жөндеу қажет болады.

- Бұрын Индер карьерінен топырақ тасыған көліктер осы көше арқылы Орал-Атырау тас жолына шығатын. Енді олар Индер-Атырау трассасымен жүретін болды. Одан құтылдық па деп отырғанымызда Орал жақтан келетін ауыр жүк көліктері көбейіп кетіп отыр. 2013 жылы бір КамАЗ көлігі тура үйдің бір жақ қабырғасын құлатып, немерелерімнің ұйықтайтын бөлмесіне кіріп кетті. Бұл күндіз болғандықтан олар бөлмеден қашып үлгерді. Түнде болса не болар еді? Есіме түссе, әлі күнге денем тітіркенеді. Көлік иесі кешірім сұрап, кейін үйді жөндеп алуымызға көмектесті. Былтыр қыста тағы бір жағдай болды: жеңіл көлік қақпаны бұзып-жарып, ауламызға кіріп кетті. Адамдарға ештеңе болған жоқ, бірақ үш көршіме ауласын жөндеуге тура келді. Бұл қашанға дейін жалғасады? – деп шамданды Б.Момышұлы көшесінің тұрғыны Зылиха МЕҢДЕШОВА (суретте).

Тұрғындар қыстыгүнгі тайғақта не болатынын ойласа, бойларын үрей билейтінін айтады. Осыны ойлап олар аудан әкімдігіне, АІІБ-іне, прокуратураға арыз түсірді.

- Ақыры поселке арқылы жүруі керек болса, онда тағы бір жолдың құрылысын салуды ойластырсын. Сондай-ақ, Б.Момышұлы көшесінің қиылысына жылдамдықты шектейтін белгі немесе жасанды жол кедергілерін орнатсын. Қалай еткенде де бір шарасын алуы қажет қой? Әлде бір қайғылы жағдайдың болғанын күту керек пе? - дейді Момышұлы көшесінің тұрғыны Сансызбай ШОПАНОВ (суретте оң жақта).

Жергілікті құқыққорғау органдары ауыр жүк көліктерінің поселкеге кіріп, көшелерін шарлайтынын біліп отыр.

Индер аудандық ІІБ бастығы Иманғали СҰЛТАНОВ:

- Тұрғындар бізге арызданды. Біздер бірнеше рейд өткіздік, бірақ жол ережесіне байланысты шектеу немесе тыйым салу белгісі болмағандықтан көлік ағынына шектеу қоя алмадық. Біз өз тарапымыздан жылдамдықты азайтатын белгі қою жөнінде ұсыныс бердік.

Аудан әкімдігінде де тұрғындардың арызы қаралып, Индербор поселкесіне кіреберіс тұсына салмағы 20 тоннадан асатын жүкті тасымалдаған көліктерді кіргізуға тыйым салу белгісін қою туралы шешімге келді. Шешімді облыс билігі мақұлдады. Белгі «АИС» ЖШС-нің демеуқаржысына орнатылады.

- Бюджеттен қаржы бөліп, тендер өткізу ұзаққа созылатын болғандықтан демеуші іздегенбіз, - дейді Индер ауданы әкімінің орынбасары Мұхамбетқали АЛДЕРЗИН. – Біз демеушіні іздеп таптық, сондықтан белгі жақын арада орнатылады. Ал, Б.Момышұлы көшесіне жылдамдықты шектейтін белгі қойылмақшы.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

19 қараша 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.