Атырау, 20 сәуір 03:43
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Спорт жаңалықтары

3 054 просмотра

Дзюдо

«Атырау» ДСК-нде еңбек және спорт ардагері Кеңес Барақатовты еске алуға арналған дзюдодан 13-інші дәстүрлі ашық республикалық турнир өтті.

- Бұрын бұл турнир жасөспірімдер арасында өтетін. Биыл бірінші рет ересектер арасында өтті, алға қарай бұл жарысты шеберлік турнирі етпекпіз, яғни, жеңімпаз ҚР спорт шебері атағын алады, - дейді облыстың аға жаттықтырушысы Азамат САҒЫНҒАНОВ. – Осы мақсатта жарысқа ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Ержан Байжұманов және ҚР дзюдо федерациясының вице-президенті, 2008 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері Асхат Житкеев шақыртылды. Олар жарыстың ұйымдастырылуы мен деңгейіне риза болып кетті.

А. Житкеевтің айтуынша, «шеберлік» мәселелері мәдениет және спорт министрлігінде шешіледі, барлығы ҚР құрамасының 2016 жылғы Олимпиадада қаншалықты сәтті өнер көрсетуіне тікелей байланысты болмақ. Қазақстандық дзюдошылар үшін салыстырмалы түрде сәтті өткен 2008 жылғы Олимпиададан кейін елімізде шеберлік турнирлері көп болды, алайда 2012 жылғы Олимпиадада бірде-бір жүлде алынбаған соң, көптеген республикалық турнирлерден бұл мәртебені алып тастады. Егер Атыраудағы турнирге шеберлік мәртебесін беріп, оған еліміздің мықты спортшылары қатысатын болса, бұл, әрине, жергілікті палуандардың шеберлігін арттыруға ықпал болар еді.

Осы турнирге Ресей, Өзбекстан және Қазақстаннан мықты спортшылар – Азия чемпиондары, Гран-при сериясындағы әлемдік жарыстардың жүлдегерлері және қатысушылары қатысты. Облыс құрамасы жақсы ойын көрсетті. Өз салмақ дәрежелерінде Шынболат Хасанов, Наурызбек Майлашев және Арман Қалиев алтын медаль алды. Командалық біріншілікте келесі сыйлық қоры қойылды: 1-орын – 500 мың теңге, 2-орын 300 мың, 3-орынға 200 мың теңге. Атырау құрамасы жартылай финалда Астана құрамасын жеңіп, финалда Өзбекстан құрамасын 3:2 есебімен ұтты.

Суретте: Атырау қаласының БЖСМ директоры А. Қыздарбаев, А. Житкеев және турнир жеңімпазы А. Қалиев.

***

Күрес

Шымкентте еркін күрестен 1996-98 ж.т. жастар арасында Кеңес Одағының батыры, генерал Сабыр Рахимовты еске алуға арналған дәстүрлі халықаралық турнир өтті.

Турнирдің мәртебесі жоғары, онда Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Қазақстанның мықты палуандары қатысады және жеңімпаз қазақстандықтарға ҚР спорт шебері атағы автоматты түрде беріледі.

Бұл турнирде Атырау қаласындағы жоғары спорт шеберлігі мектебінің (ЖСШМ) шәкірті Айдын Тәжіғали керемет өнер көрсетті. 66 келіге дейінгі салмақта 70 спортшы өнер көрсетіп, олар екі топқа бөлінді. Жартылай финалға жолдама бір топтан тек екі мықты палуанға берілді. Айдын жеті белдесу өткізіп, финалда өткен жылғы ҚР чемпионатының жүлдегері Дархан Есенғалиді жеңді. Нәтижесінде алтын медаль мен ҚР спорт шебері атағына ие болды.

Талантты спортшыны облыстың аға жаттықтырушысы Асылан Жаманбаев жаттықтырады.

***

Қазақ күресі

Қазақ күресінен Атырау облысының құрамасы Қызылордада өткен ҚР ұлттық спорт түрлері фестивалінде жақсы жетістіктерге жетті.

82 келіге дейінгі салмақта Сұңғат Закарияев алтын медаль алса, 74 келіге дейінгі салмақта Наурызбек Майлашев қола жүлдегер атанды, ал абсолюттік салмақ дәрежесінде Бекболат Салықов жүлделі үшінші орынға ие болды. Жігіттерді Аманбай Қыздарбаев пен Айбек Серғазиев жаттықтырады.

***

Допты хоккей

Дене тәрбиесін дамыту өңірлік орталығының қолдауымен мектеп және интернат оқушылары арасында флорболдан облыс біріншілігі өтті.

Флорбол - жабық орынжайда допты хоккей ойнау. Жарысқа Махамбеттегі ақыл-ойы шектеулі балаларға арналған интернаттың, С. Қазыбаев атындағы №1 мектеп-интернаттың шәкірттері, қаладағы Б. Нысанбаев және Ғ. Мұратбаев атындағы мектептердің оқушылары қатысты. Турнир қорытындысында 1-орынды Б. Нысанбаев атындағы мектеп, 2-орынды С. Қазыбаев атындағы мектеп-интернат, 3-орынды Махамбет интернатының командасы алды.

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

5 қараша 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.