Атырау, 23 сәуір 13:33
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +21
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

Гагариннің құдығынан мұздай су ішу және далалыққа тоқтау

3 779 просмотра

Орталық коммуникациялар қызметінің Атырау филиалында ұшқыш-ғарышкер Айдын АЙЫМБЕТОВТЫҢ қатысуымен брифинг өтті.

«МЕН ЖӘЙ ҒАНА ӨЗ ЖҰМЫСЫМДЫ ОРЫНДАДЫМ»

- Айдын Ақанұлы, сіз ҚР-дің халықаралық ғарыш станциясындағы ғарыштық зерттеулер және сынақтар жүргізу ғылыми бағдарламасының бесінші қатысушысысыз. Осы бағдарламаны жүзеге асыруға қосқан өз үлесіңіз туралы айтыңызшы.

- Ғарыштық ұшу 2 және 12 қыркүйек аралығында өтті. 1991 жылы Тоқтар Әубәкіров бастаған және 1994, 1998 және 2001 жылдары Талғат Мұсабаев жалғастырған ғылыми бағдарламалардың жалғасы болып табылатын кең көлемді ғылыми бағдарлама орындалды. Мен қатысқан бағдарлама бірнеше бағыттан тұрады: медициналық-биологиялық, физика-техникалық және психофизиологиялық сынақтар, сондай-ақ еліміздің Арал теңізінің түбі және Каспийдегі мұнай кен орындары сияқты экологиялық қауіпті аудандарына мониторинг жасау.

- Ғарышта ақылға сыймайтындай дүниелерді көрдіңіз бе? Екінші сұрақ: сіз құдайға сенесіз бе?

- Ғарышқа ұшқанша құдайдың бар екеніне сендім. Бәрімізде бір құдай, тек адамдар оны әр түрлі атайды. Ғарыштық ұшуды орындау процесінде ерекше бір сезімде болдым...

- Тоқтар Әубәкіров – ғарышқа ұшқан ең алғашқы қазақ, Талғат Мұсабаев – ашық космоста көп сағат жұмыс жасаған жоғары дәрежелі маман. Өзіңіздің осы саладағы орныңызға қандай баға берер едіңіз?

- Мен білгілі бір орын алайын деп жүрген жоқпын, мен жәй ғана өз жұмысымды орындаймын. Иә, дұрыс, Әубәкіров – алғашқы қазақстандық ғарышкер, Мұсабаев ашық космосқа көп шыққан, көп уақыт жұмыс жасаған, үш рет ғарышқа көтерілген батыр. Егер менің тағы да бір ұшуға мүмкіндігім болса, мен мұны орындаймын. Мен осы ғарыш саласындағы жұмысымды жалғастыруды жоспарлап отырмын.

- Өзіңіздің жас ғарышкерлер үйірмесінің жұмысы туралы айтыңызшы.

- Астанадағы Оқушылар сарайында мен жетекшілік ететін жас ғарышкерлер мектебі ашылды. Осы мектептің арқасында көптеген балалардың ғарышқа деген қызығушылығы оянды. Жыл сайын мектепке бес жүз-алты жүз бала жазылады. Оларға айтар тілегім – оқыңыздар, жақсы білім алыңыздар, денсаулықтарыңызды сақтаңыздар, бәрі де қолдарыңыздан келеді. Ең бастысы – сабырлық, шыдамдылық керек.

- Ғарышкерлердің өз ырымдары және дәстүрлері бар ма?

- Дәстүрлер жалпығарыштық дайындық кезеңінде ұшқыштардан басталады - ғарышқа ұшатын үміткерлер Юрий Гагариннің туған жеріне барады. Үйінің қасында құдық бар, курсанттар сол құдықтан су ішулері керек. Жалпы, сол жерге наурыздың басында – тұңғыш ғарышкердің туған күніне қарсы барады, осы уақытта су мұздай болады. Тамағымызға салқын тиеді деп қорықсақ та ішеміз.

Байқоңырда мынадай дәстүр бар: ғарышқа ұшу дайындалып жатқан экипаж міндетті түрде «Белое солнце пустыни» фильмін қарайды. Ұшар алдында қонақ үйдің есігіне қол қойып кету дәстүрі де бар. Тағы: ұшу кешеніне бара жатқан жолда автобус тоқтайды да... Бұл дәстүрді барлығыңыз білесіздер (бұл дәстүр де Юрий Гагариннен бастау алады, 1961 жылғы 9 сәуірде ол «Байқоңырға» бара жатқан жолда автобусты тоқтатып, артқы оң дөңгелекке сиеді – М.С.).

АЛМА ЖЕУ ТЕСТ СИЯҚТЫ

- Экипажды жерге қонғаннан кейін қалай қарсы алады?

- Әр ғарышкерге бір-бірден Алматы апортын ұсынады. Бұл хош иісті және өте дәмді алма. Оны барлық ғарышкерлер құмарлана жейді. Алайда бұл ғылыми тұрғыдан қарағанда ғарыштан кейінгі түрлі ағза мүшелерінің жұмысына сынақ сияқты. Ғарышкердің алманы қолымен алуынан бастап, саусақтар қозғала бастайды. Алманы тістегенінен қозғалысын реттеуі бағаланады. Шайнау процесінен жердің тартылыс күші жағдайындағы алғашқы сезімі және бейімделуі бағаланады.

- Сіз қазір ұшақ жүргізесіз бе?

- Әскери авиацияда ұшуды жалғастыру үшін сәйкесінше әскери лауазымда болу керек, басқа жағдайда заң бұзылады. «Ғарышкер» деген мамандықты алып, мен ҚР космос саласын дамытуға күш саламын деп мақсат қойдым. Енді тек аэроклубтар мен авиация орталықтарында ғана ұшатын болармын.

- Лауазымыңыз қандай?

- Қазір мен Қазақ космостық техникалар және технологиялар институтында директордың орынбасарымын.

- Қазақстандық космостық жер серіктерін жинау бағдарламасы туралы айтыңызшы.

- Астанада жер серіктерін шығаратын жинау-конструкторлық техникалық бюро салынып жатыр. Осының арқасында еліміз түрлі космостық жер серіктерін тек өзіміз үшін ғана емес, басқа елдердің тапсырыстары бойынша шығара алады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

2 қараша 2015, 11:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.