Атырау, 25 сәуір 02:15
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Темір тордағы жаңажылдық көңіл-күй

5 052 просмотра

Облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты УГ-157/11 мекемесінде қазір 272 әйел жаза мерзімдерін өтеуде. Олар Қоян жылынан бір-ақ нәрсе күтеді. Ол – рақымшылыққа (амнистияға) ілігіп, туған үйлеріне оралу, бауырлары мен бала-шағасының қасында болу.

Былтыр көктемде ғана ашылған әйелдер колониясында жаңажылдық мереке кеші есте қаларлықтай ерекше өткізілді. Колонияда барлығы сотталғандардан құралған бес жасақ болса, соның ішіндегі 2-ші жасақ желтоқсанның 29-да жаңа Қоян жылын қарсылауды бастап кеткен еді. Олардың кешке арнайы дайындаған сахналық қойылымын колония қызметкерлері тамсана әңгімеледі. Жалпы, қай жасақ та бір-бірінен озық болуға жарысады екен. Келесі желтоқсанның 30-ы күні өткен мерекелік шараны колония бастығы, әділет подполковнигі Нұрлыбек АРЫСТАНҒАЛИЕВ ашты. Сондай-ақ, сотталған әйелдердің ішіндегі туған-туыстарынан байланыс үзілген, іздеушісі жоқ, жағдайы нашар, бірақ жұмысқа жақсы араласатын сегізіне мекеме атынан сыйлық тапсырды. Арада түсініспеушілік болмас үшін ол: «Бұл сыйлықтар сіздерді мүсіркеу емес, сый-құрмет ретінде көрсетіліп отырған ілтипатымыз деп қабыл алыңдар» деді.

Шара барысында жазасын өтеуші әйелдер бар қиялдарын іске қосып, бір-бірін жаңажылдық көңіл-күйге бөлеу үшін аянбай бар өнерлерін ортаға салды. Бір кеште Аяз атаны да, Ақшақарды да, Жалмауыз кемпірді де, Верка Сердючканы да, Барыс жылы мен Қоян жылын да, тағы басқа да қызықты кейіпкерлерді қамтыған. Аяз ата мен Жалмауыз кемпірдің айтыс-тартысты сұхбаты арқылы өрбіген концерттік шарада бірнеше би түрлері де назардан тыс қалмады. Ең қызығы, сотталған әйелдердің өздерін салған әзіл-әжуа көріністері. Түрмеге жаңа түскен қылмыскер жайлы. Әдетте алғаш түскендер уақытша колонияның карантин бөлімінде болады. Күлкі үшін қойылған көріністе түрменің қараушысы (смотритель) әлгі жаңа сотталғанмен таныспақ болып, оны түрлі сұрақтың астына алады. Темекі сұрайды, ән салдырмақ болады. Қысқасы, әзіл-шыны араласқан көріністегі рөлдерді жазасын өтеуші әйелдер әртістерден кем ойнаған жоқ. Колония қызметкерлері мен сотталғандарды қыран-топан күлкіге бөлеп, өздерін де бір мезет шаттандыра түсті. Ал Жалмауыз кемпірдің рөлін сомдаған сотталушы Айгүл Сансызбаева дипломсыз актриса деп атауға лайық дер ем. Мүдірмей сөйлеуі былай тұрсын, қимылы да қатып қалатынын айтсаңызшы! Осы жерде елімізге белгілі бір қазақстандық әншіге қатысты жайт есіме түсіп отыр. Ол түрмеде жазасын өтеп жүргенде-ақ, өзінің бойындағы белгісіз әншілік қырын шындаған. Кейін бостандыққа шыққан соң, сахнаны таңдапты.

Кешке қайта оралсақ, оны ұйымдастырушы белсенділер сценарий мәтінін де өз ойларынан құрастырып, кәдімгі кішігірім режиссер болып алған екен. Оларға қойылымға қажетті аңдар мен түрлі ертегі кейіпкерлерінің киімдері колониядағы тігін цехынан тіктірілген. Жаңа жылда жылы лебізсіз болмайды. Сотталушылар колония бөлімдерінің басшыларына тілектер жазылған құттықтау қағаздарын таратты. Кеш соңы шағын дискотека мен бал-маскарадқа ұласты.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген автор

6 қаңтар 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.