Атырау, 20 сәуір 18:20
 ашықВ Атырау +20
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Жергілікті жұмыртқа алыпсатарлардың олжасына айналды ма?

3 823 просмотра

2015 жылдың 9 айы ішінде облыс бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 37,8 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылғыға қарағанда 5,4 млрд-қа көп. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі (ОКҚ) Атырау филиалының баспасөз конференциясында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басты-ғының орынбасары Серік СӘРСЕКЕНОВ хабарлады.

Мал шаруашылығының үлесі бұл көлемде 23,3 млрд теңгені, өсімдік шаруашылығының үлесі – 14,1 млрд теңге. Өткен жылмен салыстырғанда мал басы 4 пайызға артты. Бүгінде Атырау облысында 162,8 мың мүйізді ірі қара, 592,1 мың қой мен ешкі, 60,5 мың жылқы, 31,1 мың түйе бар. Құстар саны үш есеге артып, бүгінде 345 мыңды құрайды.

Биыл егіс даласынан 6798 га өнім жиналды, соның ішінде 1,5 мың га тамшылатып суарумен дымқылдандырылған.

С.Сәрсекеновтің пікірінше, тамшылатып суару (400 га-ға) алаңының көбеюіне инвестициялық субсидиялау бойынша шығындарды өтеу бағдарламасы себеп болған. Мәселен, тамшылатып суару бойынша шығындар 30 пайызға дейін өтеледі. Келесі жылы суарылатын алаңды 2 мың га-ға дейін көбейту жоспарланып отыр. Бүгінде тамшылатып суару көмегімен көптеген көкөністер, соның ішінде картоп, сәбіз және орамжапырақ өсіріледі.

Облыстың бүкіл алаңынан 21 мың тоннадай картоп, 69 380 тонна көкөніс, 27 211 тонна бақша дақылдары және 4 мың тоннадан астам малға арналған жемшөп жиналды.

Егіс алаңдары 799 га-ға көбейді. Басым бөлігі көкөністерге (132 га-ға), бақша дақылдарына (133 га-ға), жемшөпке (137 га-ға), картопқа (77 га-ға) және т.б. арналған алаңдар есебінен кеңейді.

Облыстың тұрақтандыру қорына 1 500 тонна жуа, 250 тонна орамжапырақ, 50 тонна қызылша, 300 тонна сәбіз және 713 тонна картоп тапсырылды. Ай соңына дейін қоймаға тағы 1 287 тонна картоп әкелінетін болады.

Атырау қаласында «АтырауАгрофеликс» ЖШС базасында жылына қуаттылығы 75 мың банка қалбырланған өнімдер және 370 тонна көкөніс салаттары өндірілетін көкөністі өңдеу және қалбырлау өндірісі пайдалануға берілді. Сонымен қатар, осы кәсіпорынның базасында сыйымдылығы 8,5 мың тонна көкөніс өнімдері сыятын көкөніс қоймасы салынды. «Асыл Агро» ЖШС базасында жыл аяғына дейін қуаттылығы 150 бас мүйізді ірі қара, 300 бас қой сойылатын, 5 тонна шұжық өнімдері өндірілетін ет өңдеу комбинатының құрылысы аяқталатын болады.

«Атырау ПОШ» ЖШС базасында қуаттылығы 100 тонна түйе және 350 тонна қой жүнін бастапқы өңдеу кешенінің құрылысы аяқталды. Кәсіпорын жыл сайын 400 мың қума метр шұға және сырылған жамылғылар шығаруды жоспарлап отыр.

ІV тоқсанда бөлшек саудаға арналған тоңазытқыштармен жабдықталған 72 орындық коммуналдық базарды пайдалануға беру жоспарланған. Базардың жалпы жабық алаңы 4 250 шаршы метрді құрайды. Сауда алаңдары 2 250 шаршы метр, ал 2 330 тонна тауар сыятын қойма орынжайлары 2 000 шаршы метрді құрайды. Коммуналдық базардағы орындар жергілікті ауылшаруашылығы өндірушілерінің азық-түлік тауарларын сату үшін беріледі.

Журналистер мынадай проблеманы көтерді: бүгінде алыпсатарлар ахуалды пайдаланып, жергілікті өндірістегі жұмыртқаны қымбат бағамен қайта сатады. Дәстүрлі ауылшаруашылығы жәрмеңкесінде олар 13 теңгеден сатылады және оған ұзын-сонар кезек тұрады. Жергілікті дүкендерде оларды 25 теңгеден, кейде одан да жоғары бағамен қайта сатады.

Осы ахуалға комментарий берген С.Сәрсекенов біздің облыстағы тауық жұмыртқасы бойынша жылдық сұраныс 83 млн дананы құрайтынын және ол әзірге жергілікті өндірушілер есебінен толықтай қанағаттандырылмайтынын атап өтті. Жұмыртқа Жылыой ауданындағы «Атырау Сауда» және Махамбет ауданындағы «Алмалы құс» фабрикаларында өндіріледі. Апта сайын базарға сату үшін 100-150 мың жұмыртқа шығарылады. Кәсіпорын әлі толық өндірістік қуаттылыққа шыққан жоқ. Бұл келер жылдың І тоқсанында болады деп күтілуде.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор

29 қазан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.