Атырау, 29 наурыз 18:29
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

ЕЭА-дағы электр станциясы бойынша қоғамдық тыңдау өтті

4 267 просмотра

Орхусс орталығының конференц-залында Атырау облысындағы «Ұлттық индустриалды мұнай-химия технобағы» еркін экономикалық аймағының (ЕЭА) инфрақұрылым нысандары құрылысының (Қарабатан мен Теңіз учаскелері) қоршаған ортаға әсерін бағалау (ҚОӘБ) жөнінде қоғамдық тыңдау өтті. Бұл жолы әңгіме бір жоба – газ-турбиналық электр станциясының құрылысы туралы айтылды.

ҮЛКЕН КЕШЕН ҮШІН КІШКЕНТАЙ ТОРАП

Болашақ мұнай-химия кешені үшін газ-турбина электр станциясы (ГТЭС) құрылысы бойынша ҚОӘБ-ге тапсырыс беруші – «Karabatan Utility Solutions» ЖШС. Компания өткен жылдың тамызында құрылған және «Біріккен химия компаниясы» ЖШС-нің еншілесі болып табылады (құрылтайшысы – «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ).

«Karabatan Utility Solutions» ЖШС-нің бас директоры Стефан ШКУФЦА компаниялардың міндеті – бүкіл ЕЭА-ға қатысушыларды электр энергиясымен қамтамасыз ету екенін айтты. Өткен жылдың желтоқсанында олар мердігермен – оңтүстіккореялық Doosan Heavy Industries&Construction компаниясымен келісімшарт жасады. Қуаттылығы 310 мегаватт болатын ГТЭС алты газ турбиналарынан, өндірістік қуаттылығы сағатына 90 тонна болатын жоғарғы қысымды будың төрт қазан-утилизаторынан және турбинада ауамен салқындайтын екі конденсаттан тұрады. Жобаның құны 400 млн доллар, қаржы мемлекеттік бюджеттен бөлінеді, құрылысты 2018 жылы аяқтау жоспарланып отыр. ҚОӘБ жобасын «“КазНИПИЭнергопром"» АҚ дайындады. Экологиялық кодекспен белгіленген сыныптамаға сәйкес, газ отынымен жүретін газ-турбиналық электр станциясы қауіптіліктің екінші санатындағы нысанға жатады.

Қоршаған ортаға әсерді бағалау таныстырылымында институт өкілдері негізінен «минималды», «шағын», «елеусіз» деген сөздерді көп қолданды.

– Бұл осы үлкен кешеннің барлығын электр энергиясымен қамтамасыз ететін шағын өнеркәсіптік торап болады, - деп әңгімеледі С.Шкуфца.

Газ-турбина электр станциясы орналасатын аумақ 7 га алаңды құрайды. Бүкіл кешеннің жалпы алаңы – 5 мың га шамасында. Естеріңізге салсақ, құны 7 млрд доллар болатын технобақтың жобасы Теңіз кенішінің ілеспе газынан 500 мың тонна полипропилен, 800 мың тонна полиэтилен, 250 мың тонна бутадиен және 15 мың тонна полимер үлдірін өндіруді қарастырады. Болашақ мұнай-химия кешеніне еркін экономикалық аймақ (ЕЭА) мәртебесі берілді. Оған Атыраудағы, Қарабатандағы және Теңіздегі нысандар кіретін болады.

Институт өкілі Любовь МОЛЧАНОВА айтқандай, ГТЭС кешеннің бүкіл инженерлік жүйесімен біріктіріледі. Табиғи газдың 80-85 пайызын пайдалануға мүмкіндік беретін бу-газ технологиясының қолданылатындығына, тиісінше қоршаған ортаға газдың минималды мөлшері – 15 пайыздайы бөлінетіндігіне назар аударылды. Салыстыру үшін бу айдау қондырғысында отынды өте аз қолданып, әдеттегі газды өртейтін АЖЭО көрсетілді. Тиісінше, атмосфераға шығарындылар көп шығады. Азот тотығы мен көміртек тотығы (көшетхана газы) көп болатын болашақ газ турбиналық электр станциясында атмосфераға тасталатын ластаушы заттар шығарындылары төмен – жылына 712-715 тонна.

ҚИҒАШ ТҮПСІЗ КҮБІ ЕМЕС

Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының маманы Бостан СҮЛЕЙМЕНОВ сұрақтар қойды:

– Қарабатанда салынып жатқан әрбір нысан бойынша біз шығарындылардың ШРК-дан (шекті рұқсат етілген концентрация) аспайтынын, нысанның ешқандай зиян келтірмейтінін естиміз. Алайда кешеннің халық денсаулығына зиян келтірмей қоймайтынын бәрі де түсінеді. Осыған байланысты сұрағым бар: шығарындыларды есептеу кезінде басқа нысандармен бірге қоршаған ортаға әсері ескерілді ме? Су тұтыну бойынша: бүгін тіпті судың қайдан тұтынылатыны аталмады. Бірақ тағы да сол Қиғаш су таратқышынан десем қателеспейтін шығармын деп ойлаймын. Бұл жерде де облысымыздың аумағында салынып жатқан әрбір нысан бойынша су болмашы ғана тұтынылады деп айтылды. Бірақ әрқайсысы жекелеп алғанда норма шеңберінде болады да, ақыр аяғында бүкіл аудан, атап айтқанда Құрманғазы ауданы апат шегінде қалады. Мен бүкіл кәсіпорынды дерлік қамтитын Астрахан – Маңғышлақ су таратқышы туралы түсіндірейін. Мәселе мынада, су таратқыштың атауы нақты мәнді білдірмейді: су Қиғаш өзенінен алынады, яғни, Құрманғазы ауданының су қорлары пайдаланылады. Қазіргі уақытта бұл ауданда көптеген су қоймалары мен уылдырық шашатын жерлер кеуіп қалды, балық жүретін каналдар тайыздалып қалды. Балық шаруашылығын дамыту, тұрғындар денсаулығы мәселелеріне қауіп төніп тұр. Л.Молчанова жауап бергендей, кешенді әсер ету мәселесі – бұл қазіргі жұмыс жасап жатқан Қарабатандағы зауыт есебімен бүкіл жобаларды бір ортақ жобаға жинайтын және қоршаған ортаға әсерін жалпы бағалауды белгілейтін онсыз да жауапты ҚОӘБ жасаушының келесі кезеңдегі міндеті.

ГТЭС пайдалану кезінде су тұтыну көзі ретінде Астрахан-Маңғышлақ су таратқышы таңдалды. Молчанованың айтуынша, ауамен салқындататын бу турбиналары суды аз қолдануға мүмкіндік береді: жылына 140 текше метр. ГТЭС-ке су тазартудың толық циклі, сондай-ақ бүкіл кешен үшін апат бола қалған жағдайда алаңы 375 га тоған-буландырғыш қарастырылған.

Осы тыңдауда төрағалық етіп отырған Орхусс орталығы Атырау филиалының жетекшісі Шынар ІЗТІЛЕУОВА кешен шығарындылары мәселелері бұдан бұрын да көтерілгенін атап өтті:

– Кеше біздің академик Мұфтах Диарұлы (тыңдауда ол болмады, бірақ ол өз тілектерін жолдапты - С. Т.) қоңырау шалып, ол да осы аумақта болатын бүкіл нысандар шығарындыларының кешенді әсерін есептеу бойынша қоғамдық тыңдау өткізу қажеттілігі туралы мәселелерді айтып, осыған қатысты ұсыныс жазуды өтінді.

ЕКІЛІКТІ БЕСТІККЕ ТҮЗЕТУ

Өз кезегімде келесі жайтты айқындай кетейін. 2014 жылдың тамызында «Біріккен химиялық компания» ЖШС Атырау облысында «Ұлттық индустриалды мұнай-химия технобағы» ЕЭА (Қарабатан мен Теңіз учаскелері) инфрақұрылым нысандарының құрылысына алдын ала бағалау (алдын ала ҚОӘБ) өткізді. Осы тыңдаулар туралы менің әріптесім Зульфия БАЙНЕКЕЕВА «Еш дайындықсыз өткен тыңдау» атты материалында жазған еді. Сол кезде тыңдау өткізілмеді деп танылды. Енді жекелеген нысандар бойынша тыңдаулар ұйымдастырған компания алыпты үзімдеп жеуді ұйғарған.

Қазіргі тыңдауда мен Karabatan Utility Solutions ЖШС-нің өкілдерінен осы жайтты түсіндіріп беруді өтіндім. Алайда олар бұрынғы тыңдаулар туралы бейхабар болып шықты.

Л. Молчанова көмекке келді:

– Осы кешен бойынша жобалау құжаттамасын жасақтаудың бүкіл жүйесі едәуір күрделі. Алдымен жалпы кешен құрылды, ол бүкіл осы химиялық өнімдер өндіруді, бүкіл инфрақұрылымды қамтыды. Бір үлкен жоба әзірленіп, оған алдын ала ҚОӘБ жасақталды. Содан кейін жоба дамыған кезде бүкіл өндіруші нысандар мен әлеуметтік-экономикалық жүйенің инфрақұрылымдарын жеке-жеке бөлді. Бүгінде біз инфрақұрылымның кішкентай бөлігін – ГТЭС жобасын қарастырудамыз.

Алайда қоршаған ортаны қорғау жөніндегі аналитикалық зертхана директоры Ғалия ҮМБЕТАЛИЕВА қарсылық білдірді:

– Журналист дұрыс айтады. 7 млрд долларға жалпы кешенді қараған болып шықтық, алайда тыңдау өткізілмеді деп танылды. Сол тыңдауға қатысқандықтан менің есімде. Ол жерде су көлемі бойынша цифрлар ешқандай мөлшерге сай келмеген еді. Болған шешімді жарамсыз деп тапты. Ал қазір олар бөліп-бөліп, дәл соны бізге үзімдеп жеткізіп отырған болды ғой.

Ш. Ізтілеуова:

– Бұл мәселені көтергендеріңізге рахмет, өйткені оны кешегі күні Мұфтах Диарұлы да көтерген еді. Біз бас кеңсеге («Біріккен химия компаниясы» ЖШС) сұраныс жолдап, оның егжей-тегжейін анықтайтын боламыз. Ал қазіргі компания бұл үшін жауапкершілікте болмайды, ол тапсырыс бойынша өзінің кішкентай бөлігін ғана жасайды.

Нәтижесінде ГТЭС құрылысы бойынша тыңдау өткізілді деп танылды.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суретті түсірген автор

26 қазан 2015, 16:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.