Атырау, 28 наурыз 22:48
 бұлттыВ Атырау +4
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Ағылшын тіліне құштарлық

2 446 просмотра

Ағылшын тілін тереңдете оқытатын техникалық гимназия оқытушысы Зора ФАЙЗУЛЛИНА «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпазы атанды. ҚР білім және ғылым министрі Асылан Сәрінжіпов оған «Үздік педагог» медалін табыс етті.

Кәсіби шеберлік байқауы елімізде төртінші рет өткізіліп отыр. 300 мың мектеп мұғалімі мен 45 мың колледж оқытушысы арасынан үздікті іріктеудің ең басты критерийі педагогтың өзі мен оқушысының жетістіктері болып табылады.

Зора Файзуллинаның шеберлік құпиясы: ол оқушыларды оқытып қоймайды, оларға шабыт береді. Оның 20-ға жуық бұрынғы шәкірт педагогиканы таңдап, ұстаздарының жолын қуып, облыс мектептерінде ағылшын тілінен сабақ беріп жүр. Оның оқушыларының арасында қалалық, облыстық олимпиадалардың және ғылыми конференциялардың жүлдегерлері жеткілікті. Американ-Қазақстан АКСЕЛС (Американдық халықаралық білім беру кеңестері) байқауының жеңімпаздары атағына қол жеткізген олар АҚШ-та бір жыл бойы тегін оқу құқығына ие болды. ҰБТ тапсырғанда ағылшын тілінен кемінде төрт алады. Зора - қатал мұғалім, сондықтан да ол қойған «үштік» кейбір «бестіктермен» пара-пар.

З. Файзуллинаның педагогтық тәжірибесі өте бай, алайда өзі оқудан қол үзген емес. 2011 жылы Вашингтонның Джорджтаун университетінде АҚШ пен ҚР елшіліктері ұйымдастырған тәжірибе алмасу бағдарламасы бойынша іс-тәжірибеден өтті және бағдарламаға қатысушы ретінде Луизиана штаты Нью-Орлеан қаласында өткен 45-халықаралық конференцияға барды. Ал келесі жылы өз қаражатына Ұлыбританияға барып, Глазгода өткен ағылшын тілі мұғалімдерінің 46-шы «IATEFL» конференциясына қатысты. АҚШ елшілігі ұйымдастырған тренингтерден өткен Зора Файзоллақызы өз көргендерімен бөлісіп, облыс мұғалімдеріне арналған семинарлар өткізеді, әдістемелік құралдар дайындайды, білім беру журналдарына арнап мақалалар жазады. Сүйікті пәні туралы сағаттар бойы айтуға бір шаршаған емес.

- Егер бұрын негізгі күш ағылшын тілінен аударуға салынса, қазір заманауи әдіс оқушылардың өз бетінше жұмыс жасауын, үнемі ауызша сөйлесу дағдысын қалыптастыруды талап етеді, - дейді Қазақстанның ең үздік ағылшын тілі оқытушысы.

Тіл үйренгісі келетіндерге тереңірек бойлауға – фильмдер қарауға, өлең тыңдап, ағылшынша сөйлейтіндермен сұхбаттасуға, ұялмауға кеңес береді. Сондай-ақ, грамматикалық ережелерді ұмытпауға үндейді – сауаттылық барлық жерде керек.

- Зора Файзоллақызының жеңісі – бұл тек біздің гимназиямыздың жетістігі емес, ол облысымыздың намысын қорғады, - дейді ағылшын тілін тереңдете оқытатын техникалық гимназияның директоры Софья ӘЛІБАЕВА. – Осындай байқауларға қатысу мұғалімдердің кәсіби өсуіне үлкен күш береді, сондықтан да жас мамандар одан үлгі алсын деп тілеймін.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

8 қазан 2015, 12:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.