Атырау, 19 сәуір 07:15
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

«Рио жолдамалары үшін күресеміз»

2 009 просмотра

Image 1Үстіміздегі жылдың желтоқсанында Польшада өтетін лицензиялық турнирде атыраулық жүзушілер 2016 жылғы Паралимпиадалық Ойындарға қатысу жолдамаларын сарапқа салады. Шәкірттерінің жетістіктері жөнінде жүзуден облыстың аға жаттықтырушысы Дамир ЕШЕНҚҰЛОВ әңгімелеп берді.

- Биыл спортшыларымыз 2014 жылға қарағанда үлкен жетістіктерге жетті. Ақпан айында Петропавлда өткен 2002 ж.т. және кіші жастағы ер балалар арасында Жәнібек Мүбинов 50 метр қашықтыққа еркін стильмен жүзуден алтын медаль алды. Наурыз айында Көкшетауда 2004 ж.т. және одан кіші балалар арасында дәстүрлі «Бурабай Маржандары» турнирінде Виолетта Шильман екі алтын және бір қола медальға ие болды. Мамырда Шымкентте өткен «Көңілді дельфин» турнирінің екінші кезеңінде Виолетта өзінің шеберлігін растап, 50, 100 және 200 метрлік қашықтықта сәйкесінше екі күміс және бір қола жүлде иеленді.

Image 0Жәнібек МҮБИНОВ.Шілде айында Қарағандыда өткен «Көңілді дельфин» турнирінің үшінші кезеңінде де шәкірттеріміз жақсы өнер көрсетті. Ж. Мүбинов өзінің үйреншікті қашықтығында жетістігін қайталап, «алтыннан» алқа тақты. Ер балалар командасы 4х100 эстафетасында күміс жүлде алып, 100 метрлік қашықтықта арқамен жүзуден Әлішер Таубаев «күміс» иеленді.

Тамызда Павлодар қаласында Қазақстанның ІV Жазғы Паралимпиадалық Ойындары өтті. Екатерина Обратнова 50, 100 және 400 метр қашықтыққа еркін стильмен жүзуден жеңімпаз атанды. Ержан Сәлімгереев 100 метрлік қашықтықта еркін стильмен жүзуден «алтын», 50 метр қашықтықта еркін стильмен жүзу мен 50 метр баттерфляй әдісімен жүзуден екі күміс медаль алды. Тағы бір облыс чемпионы Құрманғазы Абдулмұратов жарысқа бара алмады. Егер ол қатысқанда облыс құрамасының қоржынында «алтын» көп болатынына сенімдімін.

Осылайша, Е. Обратнова мен Е. Сәлімгереев Польшада өтетін лицензиялық турнирде ел намысын қорғап, Риода өтетін Паралимпиадалық Ойындарға қатысу жолдамасын сарапқа салады. Қазір олар үлкен дайындық үстінде. Олар лицензиялық турнирде жеңіске жетуге тырысып, жаттығуларда барларын салуда. Осындай адамдармен жұмыс жасаған жақсы.

- Жүзу секцияларына қалай жазылуға болады?

- Орталық жүзу бассейнінде алғашқы дайындық топтарында дәрістер ақылы өтеді. Әрбір бір жарым-екі айда жүзіп үйренген, судан қорықпайтын, тұрақты түрде жаттығу жасап, жаттықтырушының тапсырмаларын мүлтіксіз орындайтын балалардың арасында іріктеу жүргізіліп, оқу-жаттығу топтары құрылады. Мұнда дәрістер жергілікті бюджет қаражаты есебінен өтеді. Нәтиже көрсетпей жүрген спортшылар, керісінше, ақылы топқа ауыстырылады. Жүзу секциясы тәртібі әлем бойынша осындай.

- Облыс құрамасының мүшелерін атаңызшы.

- Жастар құрамын атайын, өйткені, ересектер арасында қатысатын ешкім жоқ. Бұлар: Эмма Зайнуллина, Элона Суркова, Мариям Мусаева, Иван Шапошников, Біржан Халенов, Александр Зыков, Әлихан Нұрлыбай, Ернар Акрапов.

- Жуырда қандай жарыстар бар?

- Қарашада Ақтөбеде өтетін «Көңілді дельфиндер» турнирінің кезекті кезеңіне барамыз. Желтоқсанда Польшада лицензиялық турнир, келесі жылдың басында Қостанайда ҚР біріншілігі өтеді.

Жазып алған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

8 қазан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.