Атырау, 29 наурыз 16:03
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Құбыр, тікұшақтар және құбылмалы Жем

4 582 просмотра

Image 430 қыркүйекте «Ренессанс» қонақ үйінде «Каспий Құбыр желісі Консорциумы» (КҚК) АҚ-тың 2016 жылға арналған табиғат қорғау іс-шаралары жоспары бойынша қоғамдық тыңдауы өтті.

ОЛАР ҰШЫП ҚАРАЙДЫ

Облыстық табиғатты пайдалануды реттеу және табиғи ресурстарды реттеу басқармасының басшысы Орақ БИСЕМБИЕВТІҢ ұсынысы бойынша тыңдау төрағасы болып Жайық-Орхусс орталығының басшысы Шынар ІЗТІЛЕУОВА сайланды.

Тыңдауға КҚК атынан еңбекті қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі бас менеджердің орынбасары Алексей МИНГАРЕЕВ қатысты.

КҚК компаниясы жалпы ұзындығы 1,5 мың шақырымға жуық Теңіз-Новороссийск мұнай құбырын пайдаланады. Магистралды құбыр желісінің қазақстандық учаскесінің ұзындығы – 460 шақырым. А. Мингареев 2015 жылдың қыркүйегінде реконструкциялау жұмыстарынан кейін «Теңіз» және «Атырау» мұнай айдау станциялары іске қосылғанын және бұл арқылы қазақстандық мұнайды айдауды 55 млн тоннаға дейін арттыруға (жалпы КҚК жүйесінде 67 млн тоннаға дейін) мүмкіндік беретінін еске салды.

- Кеңейтілген өткізу қабілеті арқасында қазақстандық мұнайдың үлкен көлемі әлемдік нарыққа шығарылады, - деді А. Мингареев.

Қоршаған ортаны қорғау бойынша іс-шаралар жоспарын КҚК АҚ-тың қоршаған ортаны қорғау жөніндегі инженері Салтанат САПАРОВА таныстырды. 2016 жылы компания осы мақсатта 94,5 млн теңге жұмсамақшы. Осы соманың жартысынан көп бөлігі – 55,9 млн теңге – мұнай құбырын жаяу және тікұшақ арқылы тексеріп қарауға бағытталады.

Image 3«Глобус» ҚБ басшысы Галина ЧЕРНОВА бұл туралы былай деді:

- Сіздердің табиғат қорғау бойынша іс-шараларыңыз ТШО, Аджип жоспарлары сияқты маңызды қателіктер жіберген. Мәселенің басына ең алдымен өздеріңіздің технологиялық процестеріңізді қойып, өз техникалық міндеттеріңізді шешесіздер. Тек соңғы жағында ғана табиғат қорғау іс-шараларына өте төмен қаражат қоясыздар.

Атап айтсақ, Чернова жоспардың «Газ турбиналық қондырғыларға техникалық қызмет көрсету» (компания мұны жүзеге асыру 10,5 млн теңге салған) және «Тікұшақпен аралап ұшу» (55,9 млн) тармақтарына күмән келтірді.

- Сіздердің кәсіпорындарыңыз қауіптіліктің бірінші санатына жатқызылады және сіздер қауіп-қатерді азайту үшін құбыр желісін тікұшақпен аралап қарайсыздар, газ турбиналық бөлігінің жұмысын жақсартасыздар. Неге сіздер бұларды табиғат қорғау іс-шаралары жоспарына қосасыздар? Тіпті бұған үлкен қаржы салынып отыр. Ал құстарды қорғау құрылғысын орнатуға тиын-тебен – 785 мың теңге қоясыздар. Қаншама қызыл кітапқа енген құстар – қырандар, бүркіттер қырылып жатыр, біз үнемі осы учаскелерді белгілейміз. Кімді күлкі қылып отырсыздар?

Сондай-ақ, Чернова компанияның табиғат қорғау жоспарында мұнай айдау көлемдерінің артуын неге есептемегенін сұрады:

- Сіздер Теңіздегі және қаладағы сол бір резервуарды пайдаланасыздар. Қосымша жүктемелер болғанда қалай әсер етеді?

А. Мингареев: құбыр желісі бойындағы жұмыс жасап тұрған 5 станциялармен атар тағы 10 станцияның құрылысы жүріп жатыр. Қазақстанда да, Ресейде де жүктемелер теңдей бөлінген, қолданыстағы станцияларға қосымша жүктемелер болмайды. РФ аумағында айдау көлемін кеңейту жұмыстары үлкен қарқын алуда, сол жақта жаңа үлкен резервуарлар салынып жатыр, негізгі қауіп сол жақта.

«САСЫҚ ИІС БІЗДЕН ШЫҚҚАН ЖОҚ!»

Image 2Қоғамдық тыңдауды ұйымдастырушылардың бас қарсыласы Мүфтах ДИАРОВ нақты сұрақтар қойды, алайда барлығына бірдей нақты жауап ала алмады. Айта кетсек, қоғам белсенділері тыңдаудан көңілдері толмай қайтты, өйткені КҚК тарапынан нақты жауап беретін мамандар аз болды, барлығы үшін кәсіпорынның екі экологы жауап берді.

Атап айтсақ, М. Диаров резервуарлардың саны және олардың қоршаған ортаға әсері қалай есептелетінін сұрады.

С. Сапарова: «Теңіз» және «Атырау» МАС-тарында көлемі 20 мың текше метрлік 4 мұнай резервуары бар. Бұлар газданған жағдайда жарылыс болуы мүмкін екенін бәріңіз білесіздер. Сондықтан да резервуардың әр жерінен арнайы тексеру аспаптарын (датчик) орнаттық, олар жарылыс қаупі бар қоспаларды, күкірт сутегі мен метанды анықтап, секунд сайын газге мониторинг жүргізеді...

- Аспаптарыңыз қандай нәтижелер көрсетеді? Қалада күні-түні сасық иіс шығып тұрады...

А. Мингареев: Атмосфералық ауаға шығаратын зиянды лақтырындыларға қатысты менің де сұрағым бар: неге МАС аумағында мұнай иісі шығады? Маған мамандарымыз түсіндіргендей, барлығы да оңай нәрсе емес. Иіс бар, алайда нысан қасында шлам жинағыш бар, оған КҚК-ның еш қатысы жоқ. Жел жолға қарай соққанда мұнай иісі қатты шығады. Ал «Атырау» станциясы туралы айтатын болсақ, оның қасында муниципиалдық қоқыс төгу орны бар және мұның сасық иісі қызметкерлерімізге де әсер етіп жатыр. Біз тоқсан сайын атмосфералық ауаға шығарылатын лақтырындыларға өлшем жасаймыз, өлшемдер нәтижесінде бізде соңғы жылдары ешқандай артылулар тіркелген жоқ.

Image 5Тыңдауға көпшілікке танымал қоғам белсендісі, «Ембімұнайгаз» ардагері, ТШО өткізген қоғамдық тыңдауда Теңіз кен орны бойынша келісімшартты Қазақстанның пайдасына қарай кері өзгерту керектігін айтқан Окиза МАХАМБЕТОВА келді:

- Құбыр желісі біздің жерімізден өтеді. Сондықтан да біз ауаны, топырақты және суды ластау туралы мәліметтерді апта сайын беріп тұруды талап етеміз, - деді апа өзіне тән тік мінезімен КҚК өкілдеріне. – Сондай-ақ ауадағы ауытқушылықтарға бақылау жасайтын зерттеу институтын құру қажет деген мәселе қоямын.

Қоршаған ортаны қорғау бойынша аналитикалық зертхананың директоры Ғалия ҮМБЕТАЛИЕВА былай деді:

- Ғылыми зерттеулерді іс-шаралар жоспарына қосыңыздар және ластап жатқан сіздер емес екендігін дәлелдеңіздер.

А. Мингареев: мың шақырымдық құбыр желісі – толықтай тұмшаланған жүйе. Біз үшін бір тамшы мұнайды жоғалту – үлкен шығын, сондықтан да құбыр ауаға ештеңе шығармайды, сәйкесінше, топырақ пен су да ластанбайды. Бізде ешқандай технологиялық өңдеу процестері жоқ. Ал Мұнай айдайтын станцияларға келсек, мұнайы бар құбыр толық тұмшаланған, біз тек сорғы арқылы оның құбыр ішіндегі ағынын жылдамдатамыз, сондықтан да қоршаған ортамен байланысы болуы мүмкін емес. Егер болғанның өзінде, алған сынамалар бойынша ешқандай өзгерістер болмайтынына кепілдік беремін, өйткені бұл жерден еш нәрсе лақтырылмайды.

Окиза апа: Кешіріңіз, әрине, шектік нормадан артулар бар. Тек құпия ретінде сақтап отырсыздар.

М. Диаров Мингареевтың құбырлардың тұмшалануы туралы сөзін Қашаған тәжірибесін мысалға келтіре отырып, жоққа шығарды:

- Керемет деп мақтаған Қашағанда да басында солай деп айтқан, соңында не болғанын бәріңіз білесіздер. Дәнекерленген жерлерден мұнай кетуі мүмкін емес деп неге ойлайсыздар? Сосын, сіздерде мұнай эстакадалары бар емес пе? Біз сіздерге еш жамандық тілемейміз, алайда таза жұмыс жасағандарыңызды қалаймыз.

АҒЫСТЫ ҚУЫП ЖЕТЕ АЛМАЙСЫҢ

Диаров қалдық сулар төгілетін буландыру бассейндері туралы, олардың мөлшері мен ұшатын элементтердің қоршаған ортаға әсері жөнінде сұрақ қойды.

Image 1«Актино-СКБ» ЖШС (КҚК-нің экологиялық мониторинг жасайтын мердігер ұйымы) – С.Т.) директорының орынбасары Ирина СЫСОЕВАНЫҢ айтуынша, кәсіпорында көлемі 6 мың текше метрлік бір буландыру бассейні бар.

- Қалдық суларды жинау мен сақтау қоршаған ортаға ешқандай әсерін тигізбейді, өйткені тоғанға тек тазаланған су ғана жіберіледі, - деп жауап берді ол.

- Тап-таза қалдық су болуы мүмкін емес, өйткені құбыр желісімен Жаңаөзен, Кеңқияқ, Қарашаған мұнайы айдалады. Барлық меркаптандан осында келеді...

- Меркаптандар қалдық суға түспейді, біздің кәсіпорнымыз тек айдаушы ғана. Алынған мұнай алдын-ала күкірсутегі мен меркаптаннан тазартылады. Зертханамыз бар, ол тәулік бойы құрамына бақылау жасап отырады, меркаптандар жоқ.

Image 0Атырау аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының бас маманы Бостан СҮЛЕЙМЕНОВ суды кері пайдалану жөнінде сұрақ қойды:

- Егер су таза болса, ластанулар болмаса, бұл суды кері пайдалану туралы ештеңе неге айтылмаған? 2016 жылы қанша суды үнемдейсіздер?

И. Сысоева: Осы технологиялық процесс суды кері пайдалануды қажет етпейді, өйткені су салқындатуға да, өндірістік қажеттіліктерге де пайдаланылмайды. Қазір қосымша тазалау қондырғысын онатып, суды жасыл желектерді суаруға пайдалану мәселесі қаралуда. Компанияны кеңейту жүріп жатырғандықтан, суды көбірек тұтынамыз, қызметкерлердің саны артты. Алайда үнемдеу жұмыстары жүріп жатыр, сандарды кейін көрсете аламын.

Б. Сүлейменов Жем өзенінің сағасы туралы сұрақ қойды:

- КҚК трассасын өзгертті, жобаға барлық инстанциялардың келісімі алынды. Алайда Жем өзені уақыт өте тартыла бастады, кейде арнасын да өзгертіп отырады. Жоба бойынша Ембі арнасының теңізге құюын қамтамасыз ету үшін құбыр желілері астынан су өткізу құрылғыларын салу қарастырылған, сондықтан құбыр ағысқа кедергі келтірген жоқ. Уақыт өте Жем арнасын өзгертіп, қазір құбыр желісі трассасына тіреліп тұр. Жем өзенінің теңізге құятын жерін құбыр желісі бөгеп тұр. Осыған байланысты осы жаңа жерден кедергісіз ағысты қамтамасыз ету керек. Оны табиғатты қорғау іс-шаралары жоспарына міндетті түрде енгізу қажет. Осы жылы бұл мәселе талқыланды, табиғат қорғау прокуратурасы КҚК-ге ұсыным жіберді. Алайда компания бұл жобаның барлық жерде келісілгенін алға тартады. Иә, құжаттар бойынша біз талап қоя алмаймыз, алайда осы уақыт ішінде өзеннің гидрогеологиялық жағдайы өзгерді, осыған байланысты сіздер сәйкесінше табиғат қорғау шараларын қабылдауларыңыз керек. Егер көктемде су жиналатын болса, бұл тек су жүйесін бұзып қана қоймайды, балыққа да кері әсер етеді.

И. Сысоева: Иә, бұл рас. Жем арнасын өзгертіп жатыр, алайда өзеннің теңізге құятын тұрақты арнасы сақталған. Құбырларды жыл сайын өзгерте алмаймыз.

Компания өкілдерінің жауабы Бостан Шамешұлын қанағаттандырған жоқ. Осы және басқа да сұрақтарға компания жазбаша жауап жазады деп келісімге келді.

МҰНДА «ВЕСТ ДАЛАНЫ» АЛЫП КЕЛІҢІЗДЕР!

Қалдықтар туралы, қандай ұйым оны тасымалдаумен айналысады және оны не істейді, өртейді ме деген сұрақтар қойылды.

С. Сапарованың айтуынша, қалдықтарды тасып, жою үшін «Вест Дала» ЖШС-пен шарт жасалып, КҚК өткен жылы 54 тонна қалдық тапсырды. Ал қоғам белсенділерінің пікірінше, тыңдауға «Вест Дала» өкілдері қатысып, қалдықтарды не істейтіндіктері жөнінде түсінік беруі керек еді. Осындай мәселе жақында Қашаған операторы NCOC өткізген тыңдауда да қойылған еді.

А. Мингареев: Тендер арқылы біз сенімді мердігерлерді таңдаймыз. Біз қалдықтарымыз алу үшін оларға ақша төлейміз, өзіміз ештеңе жасамаймыз. Біз бұған төлеп отырмыз. Үлкен ақша береміз. Менің ойымша, «Вест Дала» да біз сияқты қоғамдық тыңдау өткізуі қажет, халықтың оларға сұрақ қоюға құқығы бар ғой.

Ш. Изтелеуова: «Вест Дала» бойынша сұрақтар көп қойылады. Олардың да ашық қоғамдық тыңдаулар өткізулері керек.

Содан кейін қоғамдық ұйымдар өкілдеріне былай деді:

- Сіздер маған электронды пошталарыңызды жазып беріңіздер, мен ресми түрде хат жазып, табиғат ресурстар басқармасына жіберемін.

Көгалдандыру жұмыстарына келсек, қоғам белсенділері компанияның санитарлық-қорғаныс аймағынан өзге қаланы қосымша көгалдандыру бойынша қандай жұмыстар жүргізетінін сұрады.

А. Мингареев: Табиғат қорғау жоспарына қосып отырған тармақтарымыздың барлығы өзіміздің өндірісімізбен байланысты. Ал қосымша атқарылатын жұмыстар корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікке жатады. Мұның барлығы бар: балаларды, мектептерді әлеуметтік қолдау, сонымен қатар көгелдандыру да қарастырылған.

О. Бисембиев қорытынды сөзінде компанияның атмосфералық ауаға мониторинг жасайтын автоматты станция орнатуын еске салып, компанияның қаланы көгалдандыруға белсенді ат салысуына өтініш білдірді.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суретті түсірген автор

5 қазан 2015, 11:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.