Атырау, 29 наурыз 16:40
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

​Сағат Түгелбаев Кореяның өкілі болмақ

7 618 просмотра

Image 08-9 қыркүйекте Атырауға Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чо ЕНГЧОН келді. Онтүстіккореялық елшінің келудегі басты мақсаты – Кореяның Атыраудағы құрметті консулын тағайындау. Бұл құрметке белгілі бизнесмен, Атырау облысының бұрынғы басшысы Сағат ТҮГЕЛБАЕВ ие болды.

Құрметті консулға экзекватураны тапсырар алдында оңтүстіккореялық елші былай деді:

- Қазіргі уақытта Атырау облысында бірқатар жетекші оңтүстіккореялық корпорациялар жұмыс жасап жатыр. Біз осы өңірде құрметті консулдықтың ашылуына байланысты Корея Республикасы мен Қазақстан арасында экономикалық байланыстар нығайып, корей компанияларының инвестициялық қызметтері кеңейе түседі деп үміттенеміз. Қалай болғанда да, біз бұған мүдделіміз.

Құрметті консул миссиясын атқару үшін Сағат Қашкенұлы кездейсоқ таңдалған жоқ. Түгелбаев мырза өзін қызмет жолында сауатты басқарушы, табысты кәсіпкер ретінде таныта білді. Ол, сондай-ақ, тек Қазақстанда емес, халықаралық деңгейде де танымал экономикалық мәселелер бойынша сарапшы болып табылады.

Image 1

Құрметті консул қандай құзыреттерге ие? Бұл сұраққа Сағат Түгелбаевтың өзі жауап берді:

- Корея Республикасының құрметті консулы болғандықтан Қазақстанда Кореяның мүдделерін қорғайтын боламын. Алдыңғы кезекте бұл – корей кәсіпкерлерінің мүддесін қорғау және іскерлік қарым-қатынастарды орнатып, ынтымақтастығымыз аясын кеңейту. Бұл іс маған консул ретінде ғана емес, кәсіпкер ретінде де қызықты. Мен корейдің жоғары технологияларын жақсы білемін. Мәселен, біздің «АтырауМұнайМаш» зауытында жақында американдық стандарттар бойынша фланецтерді ақырғы дайындаудың екі роботтандырылған жүйесі іске қосылды. Біз оны дайындап қана қоймай, сата да бастадық. Бұл - бұрын тек Қазақстанда емес, көрші Ресейде де шығарылмаған жоғары технологиялық өнім. Біз ірі көлемді бұйымдарды дайындау цехын іске қосқаннан кейін Атыраудағы үлкен химиялық кешенді игеруге қатысатын боламыз. Бірқатар жетекші корей компанияларымен бірге басқа да ірі жобаларға баруымыз мүмкін.

Image 2

Келесі күні корей елшісі «Тхоньил» корей этномәдени бірлестігінің өкілдерімен бірге Махамбет ауданындағы Бейбарыс ауылына барды. Бұл корейлер үшін маңызды да тарихи жер. Өйткені, Қиыр Шығыстан депортацияланған алғашқы екі мың кәріс осы жерге қоныстанған. Адамдарды шағын қазақ ауылына жақын жердегі далалыққа тастай салған. Олар осы жерден жеркөмбелер қазып, қыстап шықты. Көктем келе бұл жеркөмбелер кейбір отбасылардың молаларына айналды. Көптеген адамдар көктемге жете алмай қалды... Кейіннен осы жер қорымға айналып, кәрістер өзенге жақын жерге қоныстанды. Қолмен 180 гектарға жуық жерді қопарып, су келетін арықтар қазды. Кезінде бос жатқан сары далаға күріш, жүгері, көкөніс екті. 38-жылы осы жерде саман тастан салған алғашқы мектеп пайда болды. Кейіннен оның орнына бұзылған көрші ауылдағы шіркеудің қызыл тасынан жаңасын салды. Бұл ғимарат бүгінге дейін сақталған. Қазір Чкалов атындағы орта мектеп жаңа үлкен ғимаратқа көшті. Ескі ғимаратқа күрделі жөндеу жасап, балабақша ашпақшы.

1963 жылға дейін осы жер кәрістердің арнайы қоныстанатын жері болды. Бүгінде Бейбарыста небары 4 корей отбасы тұрады. Алайда Чкалов ауылының халқы, өздерінің айтуларынша, Атыраудағы барлық корей диаспорасын түгел таниды екен. Сол жантүршігерлік кездерден естелік ретінде мектеп ауласына монумент орнатылған. Бұл бір жағынан еске алу болса, келесі жағынан кәрістерге қиын кезде көмек қолын созған қазақ халқына айтар алғыстарының символы. Монументті ауыл оқушылары тазалап отырады.

- Мен қазақ халқының депортацияланған кәрістерге қолдау көрсеткендері туралы көп естідім. Осы көмектің арқасында көптеген кәрістер тірі қалды. Сол уақыттардан қалған естелік бүгін өшпей, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқанына өте ризамын,- деді елші монумент жанында.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор

10 қыркүйек 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.