Атырау, 24 сәуір 15:55
 ашықВ Атырау +19
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

​Егер көлігіңізді тіркемесе...

4 589 просмотра

Image 0Ресейден алып келген көлігін ӘПБ ТЕБ тіркеуден бас тартқан. Полициялар мәселені шешудің бір-ақ жолы – көлікті автосалонға қайтару керек деп кеңес беріп отыр.

Редакциямызға Райхан Т. хабарласты. Олар жұбайы екеуі 18 тамызда Астраханнан «Лада Калина Универсал» автокөлігін сатып алған екен.

- Машинаны 230 мың рубльге несиеге алдық, Қазақстан аумағына еш қиындықсыз кіргіздік. Оны тіркету кезінде көлігіміз Еуро-4 стандартына сәйкес келмейтіндіктен тіркеуге болмайды деп мәлімдеді (Инвестиция және даму министрінің 26.05.2015 күні күшіне енген №342 «Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарымен жүруге арналған автокөлік құралдарының жол берілетін параметрлерін бекіту туралы» бұйрығы – З.Б.). Біздің уақытша транзиттік номеріміздің қолданыс мерзімі аяқталды, яғни, енді ол көлікті тіркей де, жүргізе де алмаймыз. Жол полициясы бізбен сөйлеспейді, қайда барып, көлігімізді қайда тіркеуді білмейміз. Мұны сертификаттау орталығынан анықтама алып жасауға болады деп естігенбіз, алайда қабылдауында болған ӘПБ басшылары мұны жоққа шығарады. Осы басқарманың қызметкерлері өзара әңгіме кезінде бұл нұсқа туралы бізге айтқан еді. Не істейміз? Несиеге алған көлігімізді не істейміз? Пайдалана алмай отырмыз.

- Алдымен бізден кеңес алулары керек еді, заңнамаларға сәйкес оны заңдастыра алмаймыз, - деді телефон арқылы әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Жәнібек ШӘРІПОВ.

- Бір келісімді шешімі болуы керек емес пе, олар Ресейден бірінші рет көлік айдап келіп отыр және айдап келушілердің соңы да бұлар емес, жүздеген адам өз көліктерін еш қиындықсыз тіркеп алып жатыр, олар қалай жасады? Ал егер сертификаттау орталығына хабарласса ше?

- Олар заңсыз алып келе жатқандарын білулері керек еді, ал заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайды. Сотқа жүгіне алады, алайда судьялардың да қандай шешім шығаратынын ешкім айта алмайды. Өйткені, олар да біз сияқты қолданыстағы нормаларға сүйенеді ғой.

- Көліктері министрліктің бұйрығына сәйкес келмейтін адамдар не істеуі керек?

- Көліктерін кері тапсырсын, - деп кеңес берген Шәріпов телефонды қоя салды.

Алайда, заңгердің пікірінше, бұл ең жақсы шешім емес.

- Қалыптасқан жағдай мен заңнамаларға жасалған талдаудан көлік құралдарын тіркеуден бас тарту дұрыс емес деген қорытынды шығаруға болады, - деп есептейді «Слово Защиты» адвокаттық кеңсесінің заңгері Асылан ЖОЛБОЛОВ. – Алдымен Еуро-4 стандарты деген не екенін түсінуіміз қажет: бұл автомобильдер шығаратын түтін газындағы зиянды заттардың құрамын реттеп отыратын экологиялық стандарт. Еуроодақта бұрынғы Еуро-3 стандартын ауыстыру үшін 2005 жылы енгізілген. 2009 жылы жаңа Еуро-5 стандарты ауысты.

Жоғарыда аталған №342 бұйрықтың 4-тармағына, кестеде берілген автокөлік құралдарының және (немесе) олардың қозғалтқыштары шығарылған елдері бойынша көрсеткіштерге сәйкес автокөлік құралдарының зиянды (ластайтын) заттары шығарылымдарының жол берілетін нормативтері белгіленген. Аталған кестеде Ресейден 2010 жылы және содан кейін шығарылған автокөлік құралдары мен оның қозғалтқыштары 4-сыныпқа (Еуро-4) сәйкес келуі керек деп жазылған.

Ресми ақпараттарға сәйкес, Ресейдің көлік өнеркәсібі, атап айтсақ, «Автоваз» кәсіпорны 2010 жылдан бері Еуро-4 халық-аралық стандартына сәйкес келетін автокөліктер шығаруға көшкенін айтып өткен жөн.

Егер Ресейден алынған автокөліктің техникалық төлқұжатында Еуро-4 стандартына сәйкес келеді деген белгі болмаса, оның иелері мемлекеттік стандарттау және сертификаттау органынан автокөліктің Кедендік одақтың бірыңғай техникалық регламенттеріне сәйкес екендігін растайтын 25.12.2012 күні Еуропалық комиссия алқасының шешімімен бекітілген үлгіде сәйкесінше құжат алса, жетіп жатыр.

Бастапқы тіркеуден бас тартқан ЖПБ қызметкерлері осы бұйрықтың 20-тармағына сілтеме жасайтын шығар, онда былай делінген: «Кеден одағының техникалық регламентімен белгіленген міндетті талаптарға сәйкестікті бағалау (дәлелдеу) туралы құжаты (Кеден одағының көлік құралының типін мақұлдау, Кеден одағының көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлігі) немесе ұлттық заңнама шеңберінде берілген қолданыстағы Қазақстан Республикасының сәйкестік сертификаты жоқ М1 санатты автокөлік құралдары (жеңіл автомобильдер) бұғаттауға қарсы тежеу жүйесі; қарсы қауіпсіздік жастығы; ІSОҒІХ бекіту жүйесі; күндізгі жүру оттары болған кезде ғана Қазақстан Республикасы аумағында бастапқы тіркеуге жіберіледі».

Яғни, ілеспе құжаттамаларының ішінде осындай құжаттардың бірі болмаған жағдайда бұл норманы АВS, қауіпсіздік жастығы және т.б. жоғарыда аталған техникалық сипаттамалардың бар-жоқтығына қолдану керек, өйткені, бұл критерийлер тек Кедендік одақтың техникалық регламенттеріне сәйкестік сертификатының жоқтығы жағдайында қолданылады. Яғни, сәйкестік сертификаты КО-да бастапқы тіркеу үшін жеткілікті негіздеме болады.

Осылайша, көлік иелері стандарттау және сертификаттау органдарынан өз көліктерінің Кедендік одақтың бірыңғай регламенттеріне сәйкестігін растайтын құжат алуы керек.

Кедендік одақтың бірыңғай техникалық регламенттеріне сәйкестілік құжаты бар көлік құралын ЖПБ органдары бастапқы тіркеуден ресми бас тартқан жағдайда азамат өз құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін прокуратураға немесе сотқа жүгіне алады.

Заңгердің пікірін «Бипэк авто» ЖШС Атырау филиалының директоры Андрей ЛЮБИН де қолдайды. Бұл салон Райханның жолдасы әкелген көліктің маркасы мен жинағындай автомобильдер сатады. Бұларда да министр бұйрығында талап етілген техникалық сипаттар болмаса да, сатып алушыларында тіркеу кезінде мұндай қиыншылықтар болған жоқ. Қандай гәп бар?

- Өйткені, біздің көліктеріміздің барлығында да Кедендік одақтың сертификаттары бар. Біз қолда бар келісіміміз бойынша барлық партияны бірден сертификаттаймыз. Бұл адамдар да осындай құжатты өздері ресімдеулері қажет. Құжат, менің білуімше, Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығында беріледі. Жалпы, сатып алуды ресімдеу кезінде автосалон сәйкестілік сертификатын немесе Кедендік одақтың көлік құралы деген сияқты рұқсат қағазын беруі керек қой. Алайда, неге екенін білмеймін, Ресейдің барлық автосалондары бірдей мұндай қағаздарды бере бермейді. Кеңес сұрайсыз ба? Шетелге көлік әкелуге бара жатқанда жергілікті ӘПБ ТЕБ-ке барып, көлікті ресімдеу үшін қандай құжаттар керек екендігін біліп алған жөн.

Шағын ескерту – үстіміздегі жылдың қаңтарынан бастап әрекет ететін өзгерістерге сәйкес, бұл құжат жеке тұлғалар үшін сертификат деп аталмайды (мәселеге түсінік берген сарапшыларымыз әдет бойынша солай деп атаса да), Көлік құралдары конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік деп аталып, КО-ның экологиялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес беріледі. Бұл регламент шығу мерзімі бойынша (2007 жылдан бергі) және борттық диагностика жүйесі болу сияқты талаптар қояды.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

10 қыркүйек 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.