Атырау, 18 сәуір 23:34
 ашықВ Атырау +24
$ 448.89
€ 477.93
₽ 4.76

Аудан жаңалықтары

3 972 просмотра

Агроөнімдер жәрмеңкесі

Махамбет ауылында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Оған аудандағы 17 шаруа қожалығы қатысты.

Мәселен, «Первомайский», «Сарайшық», «Феликс», «Дастан», «Никита», «Райхан» шаруа қожалықтары ет, баубақша өнімдерін ұсынса, «АтырауАгроӨнімдері» ЖШС 100 бас қойды сатуға шығарды. Қойдың бағасы қымбат емес, әрқайсысы 10 мың теңгеден сатылды. «Алмалы құс» ЖШС жұмыртқаның бір данасын 10 теңгемен, «Қорған» шаруа қожалығы сиыр етінің 1 келісін 900 теңгемен сатылымға шығарды.

***

11 тұрғын үй мен 1 мәдениет үйі

Исатай ауданында болған облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ 11 тұрғын үй мен 1 мәдениет үйінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Ауданда 25 жылдан кейін пайдаланылуға беріліп отырған жаңа баспана - 60 пәтерлік үш қабатты жалдамалы тұрғын үй Аққыстаудағы «Өркен» ықшам ауданында орналасқан. Бұл үйдің құрылысын 691 млн 890 мың теңгеге «ГилСер» ЖШС жүргізген. Жаңа пәтерлерге үй кезегінде тұрғандар қол жеткізді. Ауданда пәтер алу кезегінде тұрған әлі 440 адам бар (осыған дейін 500 болған).

Ал мемлекеттік қызметшілерге арналған тағы 10 үйдің құрылысын 146 млн теңгеге «АзияТехСтрой» ЖШС жүргізді.

Сонымен бірге Аққыстаудың орталығында орналасқан 400 орындық мәдениет үйі пайдаланылуға берілді. Бұған бюджеттен 670 млн теңге жұмсалған. Құрылысын жүргізген «АтырауРемСтройМонтаж» ЖШС (директоры Жәнібек ШАРИПОВ).

Тұщықұдық ауылындағы 103 млн теңгеге күрделі жөндеуден өткен 250 орындық мәдениет үйі мен құрылысы аяқталған «Құлыншақ» балабақшасына жалғама пайдалануға берілді.

***

Домбыра үні күмбірледі

Құлсары қаласындағы «Жансая» саябағында домбыра рarty ұйымдастырылды.

Ашық аспан астында, халық көп шоғырланған жерде өтетін шарада әуесқойлар көп болды. Кезек-кезек күй тартып, ән шырқағандар да жетерлік.

***

Суға бережақ молайды

Мақат ауданының жаңа әкімі Берікқали СӘРСЕНҒАЛИЕВ Доссор кентіндегі су тапшылығын жою үшін алқалы жиын өткізді.

Сумен қамтушы «ДоссорСуАрнасы» КМК-на тұрғындардың қарызы 30 млн теңгеге жетті. Егер тұрғындар судың төлемақысын өтемесе, «АтырауСуАрнасы» КМК суды сағаттап беруді тоқтатуы мүмкін. Осыған байланысты әкімдік тұрғын үйлерге хабарландырулар іліп, халыққа ескертпе жасауға кірісіп кетті.

***

Тойларға дайындық

Биыл Индербор кентінің іргетасы қаланғанына – 80 жыл.

Ал, аудан орталығы болғанына 50 жыл толады. Мерейлі тойларға дайындық ауданда қазірден басталып кетті.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

3 қыркүйек 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.