Атырау, 20 сәуір 06:19
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Жолды айналып қаштың, Заңды белден бастың

4 581 просмотра

Image 3

26-28 тамызда жол-патрульдік полиция қызметкерлері Мемлекеттік кірістер департаменті мен көлік инспекциясы бірігіп, заңсыз жолаушылар тасымалын анықтау және құрықтау мақсатында рейд өткізді.

Тексерулер тек Атырау қаласының шеңберінде ғана емес, қалааралық бағыттар трассасында да жүргізілді. Тексерушілермен бірге рейдтердің біріне "АЖ" тілшісі де шықты.

Әкімшілік полиция басқармасының мәліметтері бойынша жыл басынан бері трассаларда төмендегідей көлік оқиғалары тіркелді:

Атырау – Астрахан (қаладан шығар жердегі айналма жолдан РФ шекарасына дейінгі жол бөлігінде) - 14 ЖКО, 22 зардап шегуші болды, 2 адам қаза тапты.
Атырау – Орал (қаладан шығар жердегі айналма жолдан БҚО шекарасына дейінгі бөлікте) ЖКО - 18, зардап шегуші - 32, қаза болған - 9 адам.
Атырау – Ақтөбе (Мақаттан Ақтөбе облысымен шекараға дейін) - ЖКО - 3, зардап шегуші - 6, қаза болған - 1.
Доссор – Құлсары – Бейнеу – ЖКО - 11, зардап шегуші - 14, қаза болған - 21 адам.
Биылғы жылдың 7 айы ішінде тіркелген жол қозғалысы ережесін бұзушылық 23 мыңдай. Оның ішінде жылдамдық режимін арттыру - 10 мыңнан астам, қауіпсіздік белдігін тақпай көлік құралын басқару - 3800-ден астам, қарсы жолаққа шығу - 21, масаң күйде көлік құралын басқару - 461.
7 ай ішінде БАРЛЫҒЫ жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың 6 фактісі анықталды.

«ОЛАРДЫҢ БӘРІ - ЗАҢСЫЗ ЖҮРГЕНДЕР»

- Биылғы жылдың қаңтарында Құлсары-Атырау трассасында КамАЗ бен 7 орындық минивэн соқтығысып қалды. Сұмдық ЖКО нәтижесінде 6 адам - минивэннің жолаушылары мен жүргізушісі сол жерде көз жұмды. Сол кезде ҚР ҚК-нің 345-бабының 4-тармағы ("Екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан жол қозғалысы ережесінің бұзылуы") бойынша қылмыстық іс қозғалды. ЖКО себептерін тергеу барысында жеке жолаушылар тасымалымен айналысатын минивэн жүргізушісінің тек өткен жыл ішінде жылдамдық режимін бұзғаны үшін үш мәрте әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Жүйелі түрде заң бұзғаны үшін оны жол қозғалысы ережесі бойынша емтиханды қайта тапсыруға жіберген. Бұл емтиханнан тек төртінші мәртеде ғана өте алыпты. Қауіпті кездейсоқтық па, әлде қайтадан ұқыпсыздыққа жол берді ме, бұл оның өзі мен көлігінің салонына отырғызып, жауапкершілік алған бес жолаушының ажалына әкеп соқтырды, - деп әңгімеледі Атырау-Құлсары трассасына шығар кезде әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Қайрат ӘБДІҒАЛИЕВ. - Осы трассада микроавтобустың қатысуымен тағы бір ажал құштырған көлік оқиғасы өткен жылдың жазында орын алды. Mercedes-Benz Vito жүргізушісі көлікке ие бола алмай, микроавтобус аударылған. Салонда алты жолаушы болған, оның үшеуі сол жерде көз жұмды, тағы бір жолаушы ауруханада қайтыс болды. Қаларалық маршруттардағы бұл микроавтобустар біз үшін нағыз бас ауруына айналды.

Жүргізілген тендердің нәтижелері бойынша, тұрақты қаларалық көлік тасымалымен айналысатын компания қазіргі кезде «ЛаВаТранс» ЖШС болып табылатынын түсіндіре кеткен жөн. Атыраудан Оралға, Құлсарыға және басқа елді мекендерге автотрасса бойынша жүріп тұратын жеке микроавтобустардың жүргізушілері іс жүзінде заң бұзушылар болып табылады.

- Жолаушылар тасымалын жүзеге асыру үшін әр жүргізушіде рейс алдында медициналық куәландырудан, көлік құралының техникалық байқаудан өткені туралы белгі соғылған бортты журналы болуы тиіс. Азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру полисінен басқа, жүргізушінің жолаушылар алдындағы жауапкершілігін сақтандыру полисі болуы тиіс. Және тасымалдаушыда міндетті түрде жергілікті атқарушы орган берген осы маршрутқа қызмет көрсету құқығы туралы куәлігі болуы тиіс. "Автомобиль көлігі туралы" ҚР Заңында егер маршрутта тұрақты рейстер жүзеге асырылса, тұрақты емес жолаушылар тасымалына рұқсат берілмейді. Ал біздің облыста барлық танымал бағыттарда заңды тасымалдаушы «ЛаВаТранс» ЖШС болып табылады. Сондықтан барлық жеке микроавтобустар заңсыз жұмыс істейді. Олардың бірде біреуінің қолында рейс алдындағы медициналық тексеру мен техникалық байқау туралы белгілерді қоса алғанда, мен санамалаған құжаттардың бірі де жоқ. Бұл заңсыз тасымалдаушылар ешкімге есеп бермейді. Мұндай жағдайда жолаушылардың қандай қауіпсіздігі туралы айтуға болады? - дейді Қайрат Әбдіғалиев.

Image 1

«ҚАРАҢЫЗ, ҚҰДАЛАРДЫ АПАРА ЖАТЫРМЫН!»

Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметтері бойынша, жыл басынан бері Атырау қаласында мемлекеттік кірістер басқармасына тіркелмей жұмыс істеп жүрген 883 таксист анықталды. Заңсыз коммерциялық жолаушылар тасымалымен айналысқаны үшін 1 млн 200 мыңнан астам теңге сомаға айыппұл салынды.

Тексеру қосыны бүгін Атырау-Құлсары трассасына орналасқан. Олар алдымен ресми тасымалдаушының «ЛаВаТранс» ЖШС-нің «Атырау - Доссор - Құлсары» бағыты бойынша жүретін автобусын тоқтатып, тексерді. Құжаттарды тексеру ешқандай заң бұзушылықтар таппады. Он минуттан кейін №54 "Дина - Бірлік - Новокирпичный" маршрутының автобус жүргізушісінің құжаттарын тексерді. Бәрі дұрыс сияқты болғанмен, оның осы бағытта қызмет көрсету құқығы туралы куәлігі болмай шықты. Жүргізуші куәлігі бар екенін, бірақ ол оның үйінде қалып қойғанын түсіндірді.

- Біз хаттама толтырдық. Осы куәліксіз жолаушылар тасымалдағаны үшін 5 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылады. Хаттаманы ТКШ, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасына жолдаймыз, сонда жүргізушінің осы маршрут бойынша жұмыс істеуге құқығы бар ма, жоқ па, айқын болады, - дейді Қайрат Әбдіғалиев.

Әкімшілік полиция қызметкерлері келесі жолы Toyota Hiace микроавтобусты тоқтатыпты. Жүргізуші куәлігін, техникалық төлқұжатын, сақтандыру құжатын көрсетті.

- Қайда барамыз? Кімді апара жатырмыз? - деп сұрады инспектор.

- Доссорға бара жатырмыз. Туыстарымды қонақтыққа апара жатырмын, - деп микроавтобус жүргізушісі жауабын кідіртпеді. - Міне, өздеріңіз қараңыз.

Жүргізуші көлік есігін ашты. Автосалонға көз тастаған инспектор жолаушылардың қайда бара жатқанын, олар жолақы төледі ме, сұрастырды. Жолаушылардың барлығы бірдей бастарын шайқап, жүргізушінің сөзін растады. Микроавтобусты жіберіп қойды...

- Біз бұл жүргізушінің заңсыз коммерциялық тасымалмен айналысатынын түсінеміз. Бірақ дәлелдей алмаймыз. Өйткені, ол жолаушыларға полицейлердің төлемақы туралы сұрайтыны туралы ескертіп қойған, - деп қынжылыс білдірді Әбдіғалиев.

Сәл кейінірек Mercedes-Benz Vito минивэні тоқтатылды. Жас жүргізуші инспекторлардың "Кімдерді апара жатсың?" деген сұрағына отбасылық салтанатқа туыстарын апара жатқанын айтты. Ол жолаушылардан ақша алмаған. Алайда жолаушылардың бірі жүргізушіні ұстап берді. Ол отырар кезде 1000 теңге төлегенін мойындады. Сол кезде жүргізуші кәсіпкерлік қызмет патентін көрсетуге асықты. Оның, әрине, маршрутқа қызмет көрсету құқығына куәлігі болмай шықты.

- Оның құжаттары қызық. Патент автобуспен жолаушылар тасымалын жүзеге асыруға берілген. Ал жүргізуші куәлігінде белгіленген санат оған автобус жүргізуге құқық бермейді. Осы бағыт бойынша жолаушылар тасымалын коммерциялық тасымалдауға рұқсаты жоқ. Борттық журнал, медициналық куәландыру және басқа құжаттар туралы айтпай-ақ та қояйын, - деп түсіндірді хаттама толтырған инспектор.

Хаттаманы толтырып жатқан кезде жігітке көмек көрсетуге қаладан әкесі жетіп, инспекторларға ұлының салықтар төлеп отырғанын, ұсақ-түйекке бола байланудың қажеті жоқ деп, эмоциямен түсіндіруге тырысты. Бірақ іс әкімшілік сотқа жолданады, жүргізуші 10 АЕК айыппұл төлеуі мүмкін.

- Ал егер айыппұл төлеген соң жүргізуші қайтадан рөлге отырып, заңсыз тасымалды жалғастырса ше?

- Егер осындай заң бұзушылықты қайтадан тіркесек, айыппұл сомасы 15 АЕК-ке дейін көбеюі мүмкін. Айтпақшы, хаттаманы толтырғаннан кейін микроавтобустар мен басқа заң бұзушылар әрі қарай соңғы жету нүктесіне дейін жолдарын жалғастырды. Минивэнді тексергеннен кейін трассадан микроавтобустар көрінбеді. Инспекторлар жүргізушілер өз әріптестеріне трассада тексеру жүріп жатқаны туралы ескерткен шығар, қалған минивэндер қазір Атыраудан элеватор арқылы айналма жолмен шыққан шығар деп жорамалдады. Сондықтан пост айналма жолдан заңсыз тасымалдаушыларды ұстап алу үшін трассадан әрі қарай орын ауыстырды.

Инспекторлардың жорамалы бірден расталды. Айналма жолдан трассаға Toyota Hiace микроавтобусы шықты. Тексеру кезінде жүргізушіде маршрутқа қызмет көрсету құқығына, кәсіпкерлік қызметке құжаттары, жолаушылар алдындағы жауапкершілік туралы сақтандыру полисі болмай шықты. Әрине, ол адамдарды тегін апара жатқанына инспекторларды сендіруге тырысты.

- Сенбейсіздер ме? Өздеріңіз сұраңыздар! Бұлар құдалар, құдалар! - деп сасқалақтады ол микроавтобусының есігін ашып.

Салондағы адамдар бастарын шұлғыды. Бірақ екі жолаушы жолақы үшін 1200 теңгеден төлегені туралы шынын айтқаннан кейін қалған жолаушылар да олардың жүргізушілерге ешқандай құда еместігін, кәдімгі төлем қабілеті бар клиент екендіктерін мойындады. Хаттамаға осылай жазды.

Image 2

МАФИЯ ӨЛМЕЙДІ

- Автовокзал алдындағы алаңда осындай ондаған микроавтобустардың тұратынын, жолаушыларды жинайтынын және Атыраудан Құлсарыға, Доссорға, Оралға, Бейнеуге заңсыз апаратынын бәрі біледі. Неліктен олардың заңсыз қызметіне дәл сол жерден, жолға шықпас бұрын тосқауыл жасауға болмасқа? - деп сұрадым мен Әбдіғалиевтан.

- Ол жерде автовокзал алаңына жолаушыларды жинайды. Жолаушылар жүргізушілерге тікелей ақша бермейді. Төлем жар салушы диспетчер арқылы жасалады. Жүргізушілер жолаушыларға тексерулер туралы ескертіп, олардан туыстар едік, ештеңе төлемедік деп айтуды өтінеді. Мұндай жағдайда біздің ешқандай дәлеліміз жоқ. Бірақ біз тұрақты түрде сол жерге шығып тұрамыз, профилактикалық әңгімелер өткіземіз.

"ЛаВаТранс" ЖШС директоры Вадим СИНКЕВИЧ заңсыз тасымалдаушылармен біраз уақыттан бері күресіп келеді.

- Қалааралық маршруттарға қызмет көрсету тендерін ұтып алған соң біз бірқатар міндеттерді мойнымызға алдық. Оларды мүлтіксіз орындаймыз, барлық қауіпсіздік шараларын сақтаймыз, бүкіл салықтарды төлеп отырмыз. Тендерде қойылған талаптардың бірі - автопаркті толықтай жаңарту болатын. Биыл біз салоны жұмсартылып өңделген, қос шыны пакетті, қуатты кондиционері, бейнебақылау камералары, теледидарлары, ыңғайлы отырғыштары, дәретханалары бар қолайлы жаңа автобустар сатып алып, шығардық. Осы автобустардың барлығы лизингке алынды, бізге олар үшін есептесу керек. Алдағы уақытта қалған барлық маршруттар бойынша автобустарды жаңарту жоспарымызда бар. Бұл үлкен шығындар. Бірақ қалыптасқан ахуалға байланысты маршруттардың барлығы біз үшін тиімсіз болып отыр. Біз күн сайын микроавтобустарда заңсыз тасымалдаушылардың қалай үйлесіммен, ұйымдасқан түрде жұмыс жасап отырғанын көріп отырмыз. Сол жерде автовокзал алдындағы алаңда жолаушыларды жар салып шақырып, автосалонды толтырып жинап алады. Тек Атырау-Құлсары бағытында күн сайын 20 шақты заңсыз микроавтобус жүріп тұрады. Олар салон толған кезде ғана қозғалады. Ал сол кезде біздің автобус қатаң түрде кесте бойынша жүреді. Көбінесе отыратын 50 орындық автобуста он-жиырма жолаушымен ғана жолға шығамыз. Ал заңсыз тасымалдаушылар бір күнде 2-3 рейстен жасайды. Бұлардың көпшілігі тіпті кәсіпкерлер ретінде тіркелмеген, тиісінше, өз қызметі үшін ешқандай салық төлемейді.

Билік бүкіл талаптарды сақтап отырған ресми тасымалдаушының жұмысына қатаң бақылау жасап, ашықтан ашық жұмыс жасап жүрген заңсыз тасымалдаушыларға көз жұма қарайды.

Түрлі рейдтерді, профилактикалық шараларды өткізген жақсы-ау, бірақ заңсыз тасымалдаушылардың заңсыз қызметін түбегейлі жою үшін жұмыс жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Бұл жағдайдағы бақылау өте нашар және тиімділігі аз. Күн сайын дерлік біз құқыққорғау органдарына Құлсары автовокзалында заңсыз микроавтобустарға жолаушыларды отырғызып жатқаны туралы хабарлаймыз. Полиция жасағы жетіп, 20 минутқа осы микроавтобустарды қуып жібереді. Патруль кеткен бойда олар қайтадан жиналады. Таяуда ғана біздің бейнебақылау камерамыз біздің шақыртуымыз бойынша келген патруль машинасынан бірде бір полицейдің шықпағанын түсіріп алды. Жүргізуші полицей машинасына жақындап барып, полиция қызметкерімен жылы шыраймен сөйлесіп, әрі қарай жолаушыларды жинауды жалғастырды. Ал патруль машинасы жайбарақат кетіп қалды. Бұл, бір нәрсені аңғартатын шығар?

Image 0

Айта кетелік, мен рейд жүргізгеннен кейін келесі күні автовокзал алдындағы алаңға барып көрдім. Бұл жерде қызу тіршілік қайнап жатты. Заңсыз микроавтобустар тұрған жерлерде бәрі де жолаушыларды жар салып шақырып жатты.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор

31 тамыз 2015, 23:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.