Атырау, 20 сәуір 08:13
 ашықВ Атырау +32
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

"Жоқ" деген сөзді естігіңіз келсе...

2 547 просмотра

Image 0Көбінесе өңірлік кәсіпкерлер палатасына сәулет, жер қатынастары және құрылыс мәселелері бойынша жазбаша шағымдар түседі. Бұл туралы 28 тамызда өткен баспасөз конференциясында Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Сәрсенбай ЖОЛДЫБАЕВ әңгімеледі.

Жыл басынан бері өңірлік палатаға 253 жазбаша шағым түскен. Көбінесе кәсіпкерлер шағын және орта бизнеске арналған несие алудағы, салық қатынастары, сәулет, жер қатынастары және құрылыс саласындағы проблемаларға шағымданады.

Мәселен, «Артель Инжиниринг» ЖШС «ҚазТрансГазАймақ» ӨФ-не өз өндірістік базасына газ жүргізуге қатысты жүгінген. Газшілер диаметрі 360 болатын құбырды диаметрі 400, ұзындығы 600 метр құрайтын құбырмен ауыстыру қажет болатын техникалық шарт берген. Мұндай техникалық шартты орындаған жағдайда ЖШС-ға газ жүргізу 30 млн теңгеге шығар еді. Палата газшілермен жасалған өзара ынтымақтатық туралы меморандум шеңберінде газбен қамтушы компанияға бұрын берілген техникалық шартқа өзгерістер енгізу өтінішімен хат жолдады. Газшілер талаптарынан қайтып, құбырды ауыстыру қажеттілігі жойылды, кәсіпкерлікке 30 млн теңгені үнемдеу мүмкін болды. Бәрекелді, газшілер! Алайда: мұндай техникалық шартты беру неге керек болған деген сұрақ туындайды.

Жер телімдеріне қатысты шағымдар өте көп: «Адаев Ж» ЖК ұзақ уақыт бойына уақытша, қайтарымды жер пайдалану құқығындағы жер телімін жалға алу мерзімін ұзартуға келісім ала алмаған. «Байдаулетов С» және «Мақсат Мастерстрой» ЖК учаскені пайдалану мақсатын өзгертуге қала әкімінің шешімін көп ай күткен. Осы фактілер бойынша Палата прокуратураға хат жолдап, ол әкімдік тарапына заң бұзушылықты жою туралы ұйғарым шығарды.

Сәрсенбай Жолдыбаевтың айтуынша, прокуратура "Жер қатынастары бөлімі" ММ мен "Сәулет және қала құрылысы бөлімі" ММ-нің қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізген. Кәсіпкерлер құқығын бұзушылықтар, шағымдарды қарау уақытын созушылық, дәлелсіз бас тартулар, шағымдарды қабылдау регламентінің бұзылуы және т.б. көптеген фактілер анықталды. Тексеру кезінде 700-ден астам азаматтар мен кәсіпкерлердің шағымдары бойынша шешімдерді қабылдау мерзімдері бұзылды. Осы үшін жер қатынастары бөлімінің басшысы Дәулетьяров тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал "Мақсат Мастер Строй" ЖШС мен "Жарасова Г" ЖК-ның қалалық сәулет және қала құрылысы бөлмінің заңсыз әрекеттеріне қатысты шағымдары облыс әкімінің жанындағы Тәртіптік кеңесте қаралып, осы бөлімнің басшысы Слямғали СМАҒҰЛОВ пен осы бөлім секторының меңгерушісі тәртіптік жаза алды.

Жыл басынан бері Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаментіне лицензия алу жөніндегі өтінішпен кәсіпкерлерден 351 өтініш түскен. 119-ы қанағаттандырылып, 232-сіне бас тартылған. Яғни, қанағаттандырылған өтінімдер саны 30 пайыздан төмен.

- Біз қазір бас тартылған кәсіпкерлер арасында департамент шешімінің қаншалықты негізді және заңды екенін анықтау үшін жазбаша сауалнама жүргізудеміз, - деді Жолдыбаев. Сауалнама қорытындысы бойынша, ағымдағы жылдың қарашасында кәсіпкерлер мен департамент өкілдерінің кездесуін ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

30 тамыз 2015, 11:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.