Атырау, 25 сәуір 13:48
 ашықВ Атырау +21
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Газ турбиналарын жөндейтін зауыт жұмысын бастады

5 721 просмотра

Құны 40 млн. доллар тұратын айналма құралдарды жөндеу, техникалық сервис қызметін көрсету және құрал бөлшектерін өндіру бойынша арнайы энергомашинақұру зауытының құрылысы осыдан үш жыл бұрын басталған.

«КазТурбоРемонт» СО ЖШС бас директоры Асхат ӨСЕРОВТІҢ (суретте) айтуынша, зауыттың қуаты жылына 18 күрделі жөндеу және 12 ағымдағы жөндеу жұмыстары деп есептеліп отыр.

Ал төрт жыл мөлшерінде зауыт өзін өзі ақтау кезеңіне шыға алатын болады. Зауытты қаржыландырып отырған ҚР Халық банкі. Оның бөлген инвестициялық несиелік қаржы көлемі 25 млн. доллар.

- Қаржылық несиенің алғашқы траншын 2008 жылы алған едік. Ал зауыт құрылысының аяқталуына байланысты кепі-ліміздің де салмағы көбейіп, жақында Жол картасына байланысты 20 млн доллар көле-мінде субсидиялық ставкаға ие болдық, - дейді Асхат Өсеров.

- Зауыттың Қазақстанға, соның ішінде мұнайлы аймаққа ауадай қажеттілігіне ешкім таласпас. Бірақ Қашаған жобасы, ТШО тәрізді шетелдік мұнайгаз компаниялары мердігерлерінің бұл зауыт жабдығына деген сұранысы қандай болмақ?

- Кепілді тапсырыс көлемі бар деп айта алмаймыз. Дегенмен тапсырыстың үлкен көлемі болатынынан сеніміміз мол. Қарашаның 18-і күні ғана ТШО-ның бір топ өкілдері зауыт жұмысымен танысып кетті. Әрине бізге әлі өз күшімізді, техникалық қауіпсіздіктің толық сақталғандығы тәрізді аса маңызды талаптарды қанағаттандыра алатынымызды дәлелдеуіміз керек.

Ал жалпы кәсіпорын газ құбырларына комплексті жөндеу жұмыстарын жүргізумен 2005 жылдан бері айналысып келеді. Оның бұл саладағы тұрақты тапсырыс берушісі әрі тұтынушысы «Қазтрансгаз» компаниясының еншілес кәсіпорыны «Интергаз Орталық Азия» компаниясы. Кәсіпорын одан басқа да  Қазақстандағы барлық газ жеткізу жүйесіне жөндеу жұмыстарын жасайды. Асхат Өсеровтың сөзіне сүйенсек, бұған дейінгі кезеңде жылына 7-8 газ құбырларына комплексті жөндеу жұмыстары жасалған көрінеді. Ал бұл шамамен үш млрд теңге деген сөз. Ендігі  зауыттың жаңа қызметіне сай кәсіпорынның қалтасында 40 пайызға дейін үнем қалады. Бұрын газ турбиналары бөлшектеліп жөндеуге Ресейге, Италияға жөнелті-летін еді, енді барлық жұмыстар осында жүргізілетін болады.

«ҚазТурбоРемонт» СО ЖШС мен Siemens AG арасында осы зауыт негізінде өндіріс технологиясы тансферын, газ айдайтын агрегаттарды жөндеу мен жинау және техникалық қызмет көрсету жұмыстарын жүргізуге лицензиялық келісімге қол қойылған.

Зауытты жабдықтауға әлемдік атағы бар құрал-сайман өндіруші итальяндық «РAMA», «PIETRO CARNASGHI», «TACCHI», неміс-тердің «SCHENCK», «SAPI», «TRUMPF», чехтардың «TOS»  компанияары тартылған.

«Интергаз Орталық Азия» компаниясы директорының бірінші орынбасары Павел КЛИМОВ та жаңа зауыттың оперативтік жағынан алғанда көп нәрсе ұтатынын айтады.

- Дегенмен сервистік қызмет көрсетудің кепілдігі туралы не айтар едіңіз?

- Талап Еуропадан немесе Ресей зауыттарындағыдан кем емес. Өзіміздікінің бәрі жаман деген түсініктен арылуымыз қажет. Кепіл Еуропа  стандарттарындай 18 ай.

Сонымен, Орталық Азиядағы тұңғыш газ турбиналарын жөн-дейтін және оған қажетті құрал-жабдықтар шығаратын зауыт іске қосылды. Бірақ көлденеңдеп тұрған маңызды мәселе бар. Ол баяғы кадр жайы. Асхат Өсеров салынып тұрған зауытқа инженерлер мен машина құрушы мамандар қажеттігін айтады.

- Қазір 95 пайыз жұмысшылар атыраулықтар. Олар бұрынғы тікұшақ зауыты мен мұнай машиналарын жасау зауытынан келгендер.  Бірақ біз аса жоғары технологиямен жұмыс істейтін болғандықтан инженерлер мен ИТР конструкторлары жағынан проблема болуы мүмкін. Себебі айналмалы жылу двигательдерін жөндеу аса күрделі жұмыс.

Мұны қазақстандық жоғары оқу орындары дайындай ала ма, жоқ па, оның жауабын ешкім білмейді.

Сания ТОЙКЕН

1 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.