Атырау, 24 сәуір 14:17
 ашықВ Атырау +19
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Спорт жаңалықтары

3 505 просмотра

Карате-до

Image 0Таиланд астанасы Бангкокте «Thailand Open Karate-Do Championship» халықаралық турнирі өтті.

ҚР ұлттық құрамасы сапында «Қайсар» клубының шәкірті, атыраулық Әсел Серікова өнер көрсетті. Құрамадағы әйелдер командасы бес салмақ дәрежесінде күш сынасты. Атыраулық қыз 55 келіге дейінгі салмақта жарысқа қатысты. Әйелдер арасындағы командалық кумитеде жерлесіміз жүлделі үшінші орын алды. Спортшыны Айбат Рахман, Сансызбай Торғаев, Ольга Айтжанова дайындады.

Анастасия ПАСТУХОВА

Суретті «Қайсар» спорт клубы ұсынды (суретте - Әсел оң жақта)

***

Футбол

Премьер-Лиганың 24-туры аясындағы «Астана» - «Атырау» командаларының ойыны 28 қазанға ауыстырылды.

Астаналық команданың Чемпиондар лигасының плей-офф раундында ойнауына байланысты «Астана» мен «Атырау» командалары 24-турдың матчын 22 тамыздан 28 қазанға ауыстыру жөнінде келісімге келді.

«Астана» футбол клубы келісімге келген атыраулық әріптестеріне алғыс айтты.

***

Паралимпиада

Image 1Павлодарда IV Республикалық паралимпиада ойындары өтті.

Жүзу, пауэрлифтинг, жеңіл атлетика, отырып ойнайтын волейбол, үстел теннисі, арба үстінде билеу және оқ ату сияқты жеті паралимпиадалық спорт түрінен өткен жарыстарға еліміздің барлық облыстарынан спортшылар келді. Көп жылдан бері алғаш рет оқ атудан атыраулықтар да додаға түсті. Спорттың бұл түрі Атырауда көп дамымаған және спортшылар тапаншалар мен мылтықтарды өздері сатып алып, жаттығатын жер іздеп әуре болатын. Дегенмен, осындай қолайсыздықтарға және салалық ведомстволардың көңіл бөлмеуіне қарамастан, жерлестеріміз күміс жүлде жеңіп алды.

Ату спорты бойынша жаттықтырушы Жексенбай ШЕКТІБАЕВТЫҢ айтуынша, бұл спорт түріне Атыраудан алты адам қатысты, бір қызығы, бәрі де жас спортшылар.

Сонымен, екінші орынға және ҚР спорт шебері атағына Ақниет Ізімбаева (суретте) ие болды. Руслан Досалин де үйіне күміс жүлдемен оралды. Кеңес Жұмағалиев бесінші орын алып, оған да 1 разряд берілді.

Анастасия ПАСТУХОВА

Суретті Ж.Шектібаев ұсынды

***

Спартакиадалар

Image 2Құқық қорғау органдары өкілдері арасында өткен «Президенттік көпсайыс» жарысы аяқталды.

Жарыстар Балықшыдағы «Судоремонтник» стадионында өтті. Спортшылар тоғыз спорт түрінен сынға түсті: 4х100, 60/100 метрге эстафета; ұзындыққа секіру, граната лақтыру, МП тапаншасынан ату, 50/100 метрге жүзу және 1000/3000 метр қашықтыққа жүгіру. Жүлделі үштік төмендегіше орналасты: бірінші орынды Атырау облыстық ІІД құрама командасы, екінші орынды ҚІІБ, үшінші орынды Атырау облыстық ҚАЖ департаменті командасы алды.

***

«Мұнайшы» стадионында қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері арасында сегіз спорт түрінен жазғы спартакиада өтті.

Полицейлер пневматикалық мылтықтан ату, кіші теннис, волейбол, футбол, арқан тартыс, кір тасын көтеру, турникке тартылу және 4х100 метрге эстафеталық жүгіру бойынша күш сынасты.

Тартысты жарыс қорытындысында УГ-157/1 (СИ-9) мекемесі командасы бірінші орынды, УГ-157/9 (ИК-66) мекемесі екінші орынды иеленіп, УГ-157/11 (әйелдер колониясы) командасы жүлделі үшінші орынға көтерілді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ, Анастасия ПАСТУХОВА

27 тамыз 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.