Атырау, 29 наурыз 05:00
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

​Шымкентке жете алмадық

2 400 просмотра

Image 023 тамызда «Атырау» ДСК-нде Қазақстан бокс федерациясы кубогының ширек финалы аясында Атырау және Оңтүстік Қазақстан облыстарының құрамалары арасында шешуші матчтық кездесу өтті.

Солтүстік Қазақстан облысының командасы жарысқа келмеді. Жамбыл облысының құрамасы ринг иелері мен оңтүстік қазақстандықтармен өткізген матчтық кездесуде жеңіліс тапты. Көшбасшылар арасындағы айқаста құрамында ҚР құрамасы мүшелері өнер көрсететін қонақтар жеңеді деген болжам басым болды.

49 келіге дейінгі салмақта Сұлтан Дәулетов халықаралық дәрежедегі спорт шебері, шымкенттік Шалқар Айқымбайға қарсы тұрды. Бір жарым раундта спортшымыз үш рет нокдаунда болып, облыс құрамасының жаттықтырушылары рингке орамал тастауға мәжбүр болды.

Оңтүстіктен келген халықаралық дәрежедегі шеберлерден жергілікті былғары қолғап шеберлері Рашид Салауатов (52 келіге дейін) пен Асылхан Ұзақбаев (56 келіге дейін) та ұпай бойынша жеңіліс тапты.

Облыс құрамасына алғашқы жеңісті Ержан Ордабаев (60 келіге дейін) әкелді, ол шымкенттік Бекдәулет Ибрагимовты 3:0 есебімен ұтты. Келесі айқаста Қамбар Ғиниятов (64 келіге дейін) оңтүстік қазақстандық Алмасбек Әлібековке есе жіберді.

Азамат Досмағамбетов (69 келіге дейін) пен Амандық Манашев (75 келіге дейін) өз айқастарын ұтқанда сенсация болады ма деген үміт пайда болды, есеп 4:3-ке дейін қысқарды.

Алайда облыс құрамасының легионері Тоқтар Оспан (81 келіге дейін) командаластарының жетістігін қайталай алмай, Абзал Құттыбековтен ұпай айырмасы бойынша жеңілді.

2015 жылғы Қазақстан Спартакиадасының чемпионы Рахман Әлжанов Еркін Мұхамеджанды ұтқанда, есеп тағы да 5:4-ке қысқарды.

Есепті теңестіреміз деген үміт пайда болған сәтте ДСК-де Атырау өкілі Есенаман Шүнғарин жарақат алып қалуына байланысты аса ауыр салмақтағы кездесу болмайды деп жариялады. Облыс құрамасына техникалық жеңіліс жазылды. Қорытынды есеп – 6:4, қонақтар жеңді. ОҚО құрамасы ҚБФ Кубогының жартылай финалына өтті.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті облыстық бокс федерациясы ұсынды

27 тамыз 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.