Атырау, 24 сәуір 23:28
 ашықВ Атырау +21
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Науқастар қайда қыстайды?

2 931 просмотра

Image 0Нұрсая ықшамауданында салынып жатқан жаңа көпсалалы аурухананы тапсыру кезекті рет кері шегерілді – енді биылғы жылдың қазан айында ашылмақшы.

180 орындық жұқпалы аурулар ауруханасының алғашқы жобасын 2004 жылы Алматы қаласындағы «ПТИпищепром» ЖШС институты әзірлеген еді. Аджип ҚКО компаниясының қаржысымен салынатын жобаны жүзеге асыру 2008 жылы басталды. Құрылыс орнындағы жер жұмыстары кезінде топырақта түрлі тығыздықты гипс қабаты бар екені анықталды. Осыған байланысты ғимараттың мықтылығы мен кеңістіктік қаттылығын арттыратын бірқатар конструкциялық және судан қорғану іс-шараларын қабылдамай, аурухана құрылысын жалғастыру мүмкін болмады. Жобаға өзгерістер енгізіліп, тапсырыс беруші оны 2010 жылы бекітті. Құрылыс 2010 жылы қайта басталды. Жобаны 2014 жылы наурыз айында тапсыру жоспарланды. Алайда жылудың жоқтығы мен жылдың салқын мезгілдерінде әрлеу жұмыстарының тоқтатылуына байланысты мердігерлер нысанды уақытында тапсыра алмады. 2014 жылғы желтоқсан айында «Атырауавтоспецстрой» ЖШС-нің сол кездегі директоры Қадыржан ҒАББАСОВ нысанның 2015 жылдың мамырында міндетті түрде бітетініне сенімді болды. Сол кезде ғимараттың қара сылақ жұмыстары аяқталып, аумақты абаттандыру және ең бастысы, газ құбырына қосылу жұмыстары ғана қалды. 2004 жылы осы ауданда жоғары қысымды газ құбыры жұмыс жасады, сәйкесінше, қосуға рұқсат беру құжаттары осыны есепке ала отырып ресімделді. Ал, жаңа техникалық талаптарға сәйкес, ғимаратты орташа қысымды газ құбырына қосу қажет болды. Осыған байланысты жобаны кері жасап, оған «ҚазТрансГаз Аймақ» ЖШС-нің келісімін алу керек болды.

Белгіленген уақытта мердігерлер тағы да нысанды тапсыра алмады. Жылу беру маусымына бір жарым ай қалды, ал, ескі жұқпалы аурулар ауруханасы да қысқа дайын емес.

Image 2Мұрат ҚҰЛБАСОВ - Ғимарат апатты жағдайда, оны пайдалануға болмайды, оны бұзу керек. Егер біз көшіп үлгермесек, қыста аурухана жұмыс жасай алмайды деп қорқамын. Апатты ғимараттың құбырларын ауыстырып, қысқа дайындау үшін 25 млн теңгедей қаржы керек, мұндай ақша салу тиімді емес, өйткені, бұзылатын ғимарат. Ал жаңа салынып жатқан нысандағы жұмыстарды жұмысшылары жеткілікті болса, жарты айда аяқтауға болады, - дейді жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Мұрат ҚҰЛБАСОВ.

Бүгінде ол құрылыстың тез аяқталуын қалап жүрген бірден-бір адам. Сондықтан да оны нысандағы жұмыстар қарқыны қатты қынжылтады. Ол ауруханаға әкелініп жатқан жабдықтарға да риза емес. Медициналық техниканың бір бөлігі технологиясы жағынан ескіріп жатыр. Сондықтан да аурухананың бұрынғы басшылығының келісімін алған алғашқы тізім өзгеріске ұшырады.

- Мердігерлер бізге рентген-аппаратты 3 жұмыс орнына емес, 2 орынға ұсынып отыр. УДЗ-аппарат та эксперттік емес, орта сыныпты жабдық, - дейді Мұрат Құлбасов.

Біз NCOC N.V. компаниясының мемлекеттік органдармен ынтымақтастық және сыртқы байланыстар жөніндегі менеджері Серік ИДРАНОВҚА жазбаша сұраныс хат жібердік.

Image 3

Компанияның ресми жауабына сәйкес, қазіргі уақытта жұмыстардың 85%-ы орындалған, әрлеу жұмыстары аяқталып, медициналық жабдықтарды жеткізу басталған. Ғимарат қалалық сумен қамту желісіне қосылды. Алайда аурухана нысандарын қалалық электр бекеттеріне қосу жұмыстары аяқталған жоқ, өйткені, «Атырау Жарық» жер жұмыстарын бастауға рұқсат бермей отыр. NCOC N.V. компаниясы құрылысқа тапсырыс беруші облыстық әкімдікке кабельдік желіні тарту жұмыстарына рұқсат алуға көмектесу жөнінде хат жазды. Аурухананың газ жүйесі қалалық газбен қамту жүйесіне жеткізілді, алайда «ҚазТрансГазАймақ» АҚ оны әлі қосқан жоқ.

Жоғарыда атап өткендермен қатар аурухана кешені нысандарындағы әрлеу жұмыстарын аяқтап, жабдықтарды жеткізу және монтаждау, аумақты абаттандыру жұмыстарын аяқтау қажет.

- Газды қостық, қысыммен тексеру жұмыстарын да жүргіздік. Қыркүйекте газдың ресми құжаттамаларын аяқтайтын болармыз. Бірінші қатардың таза әрлеу жұмыстарын аяқтадық. Аумақты абаттандыру ғана қалды. Ал жабдықтарды жеткізу мен монтаждауға доллар курсының үнемі өсіп отырғаны кедергі келтіруде. Жабдықтарды шетелден аламыз, сондықтан да доллардың құны біз үшін маңызды. Жақында 2014 жылғы ақпандағы доллардың өсуіне байланысты жабдықтар тізімін кері қарауды аяқтап едік, алайда доллар тағы көтеріліп кетті, - дейді құрылысшылар.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА және "АЖ" мұрағаттарынан алынды

27 тамыз 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.