Атырау, 20 сәуір 04:17
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Ұрланған сомаларды өтейді

3 456 просмотра

Шикі мұнайға қатысты және одан жасалған мұнай өнімдерін сатудың заңсыз операцияларын жүзеге асырғаны үшін «Petroline» ЖШС-нен жарты миллиардтан астам теңге өндіріп алу туралы сот қаулысы шықты. Компанияға қарсы Атырау көлік прокуратурасы талап-арыз берген болатын.

АМӨЗ серіктестерінің бірінің қызметінен («Petroline» осы зауытта тегі белгісіз шикізатты өңдеген) 2012 жылдың аяғында заң бұзушылықтар анықталған еді.

Атырау облыстық ЭСЖКД мұнайды көлеңкелі жеткізу бойынша алғашқы қылмыстық істі Атырауда шығу тегі заңды расталмаған 686 тонна шикі мұнай құйылған 11 цистернадан тұратын теміржол составы анықталған кезде қозғаған болатын. Құжаттарға сәйкес, Батыс Қазақстандағы Шығыс Ақжар мұнай кенішін игеріп жатқан «Қазақмыс Петролеум» (Kazakhmys PLC бөлімшесі) компаниясы «Рetroline» ЖШС-нің жеткізушісі болып болып белгіленген.

Алайда мәліметтерді салыстырған кезде, бұл расталмады. Нәтижесінде «Рetroline» ЖШС-нен басқа АМӨЗ-дің серіктестер тобы: «Ақтөбе РБС Лтд», «Қарқара ойл», «Спаргапис Массагет», «Ақтөбе-2011» ЖШС және «Рetroline» ЖШС-не экспедиторлық қызметтер көрсеткен басқа компаниялар, барлығы 12 кәсіпорын кіретін тұтас қылмыстық тізбек анықталды.

Көлік прокуратурасының тікелей «Рetroline» ЖШС-не қарсы талап-арыз беруіне заңды күшіне енген сот үкімі негіз болған. Мұнда осы компания басшыларының 2011 жылдың тамызынан бастап 2012 жылдың қарашасына дейінгі аралықта ауқымды көлемде шығу тегі расталмаған құжаттарсыз мұнай сатып алумен, тасымалдаумен, сақтаумен, өңдеумен және мұнай өнімдерін сатумен айналысқаны анықталған.

Атырау көлік прокуратурасының аға прокуроры Қайсар ҚАЛДЫБАЕВ хабарлағандай, сол қылмыстық істердің қорытындылары бойынша 2014 жылдың қаңтарында компания директоры Е.ҚОЖАХМЕТОВ пен басқарушы директор А.БАҚЫТҰЛЫ ҚР ҚК-нің ескі редакциясындағы 183-бап («мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау, сатып алу, өткізу, сақтау, сондай-ақ шығу тегі расталмаған құжаттарсыз мұнай өңдеу») бойынша қылмыс жасауда кінәлі деп танылған. Сот оларға 2 жылға бас бостандығынан айыру түрінде жаза берді, алайда оларға қатысты 2 жыл сынақ мерзімі белгіленген 63-бап («Шартты жаза») қолданылды.

«Прокуратура туралы» ҚР Заңына сәйкес, прокуратура органдары «Petroline» ЖШС мен оның басшыларына мемлекет пайдасына заңсыз сатып алынған және сатылған мұнайға балама соманы өндіру туралы талап-арызбен шықты.

- Өкінішке орай, бірінші сатыдағы сот біздің дәйектеріміз бен талаптарымызға құлақ аспай, нәтижесінде ағымдағы жылдың қаңтарында талап-арыз қанағаттанырылмай қалды, - деді Атырау көлік прокуратурасының аға көмекшісі Жанболат СИДАЛЕЕВ.

- Талап-арыз бойынша сот ұстанымымен келіспеген прокуратура апелляциялық шағым енгізді.

Нәтижесінде апелляциялық инстанциядағы сотта прокурорлар өз талаптарының негізді екенін дәлелдеді. Маусымда Атырау облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық алқасы мемлекет кірісіне 587 млн теңге көлемінде сома өндіріп алу туралы шешім шығарды.

Қазіргі кезде өкілетті орган аталмыш соманы өндіру жұмыстарын жүргізуде.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

25 тамыз 2015, 15:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.