Атырау, 16 сәуір 14:25
 ашықВ Атырау +16
$ 448.56
€ 478.03
₽ 4.79

Мұқырда өткен той

17 011 просмотра

7 тамыз күні Атырау облысы Қызылқоға ауданы Мұқыр ауылында «АЖ»-ның көптеген жарияланымдарының кейіпкері болып келе жатқан «қария-бала» Нұржан ӨРКЕШБАЕВТЫҢ үйлену тойы өтті. «АЖ» тілшісі мұнда той қонағы ретінде қатысты.

Біз шағын ауылда әдемі де жарық, үлкен тойхана барын көргенде, таңғалдық. Ал оған дейін Нұржанның үйіне кіріп шықтық. Оның анасы тойға қызу дайындықтың жүріп жатқанына қарамастан бізді жылы қарсы алды. Үйде келін де бар екен, олар құрбыларымен бірге басқа бөлмеде тойға дайындалып жатты. Мен оның қобалжыған сәтінде сұрақтар қойып, мазасын алмайын дедім. Тек, құттықтадым да сыртқа шығып кеттім.

Кешкі сағат 6-да басталады деген той кешкі сағат 9-дан кете басталды. Мұқырлықтар үшін бұл қалыпты жағдай, олардың айтуынша, мұнда әр той осылай, қаладағыдай кеш басталады екен.

Басында Нұржанның әжесін бір минут үнсіз еске алды. Бұл Нұржанның өтініші еді. Себебі, әжесі Нұржанға ең жақын адам болатын, ол сол кісінің қолында өсіп тәрбиеленген.

Тойды төрт асаба кезектесіп басқарды. Төртеуінің де тәжірибелері бар, әзілден де, өнерден де кенде емес. Олардың біреуі Ақтөбеден келген, қалғандары Атырауға белгілі өнерлі азаматтар. Олардың бәрі де Нұржанның өмірдегі, той-бизнесіндегі достары.Сол достары, олардың ішінде музыканттар да бар, тойда тегін қызмет атқарды, сыйлықтарымен де келді.

Бір айта кететіні, тойға 300-ге жуық адам келді. Тойға арнайы шақырылған ресейлік «Пусть говорят» ток-шоуының жүргізушісі Андрей МАЛАХОВ (Нұржан төрт жыл бұрын оның қонағы болған) тойға шетелде демалыста болғандықтан келе алмады. Бірақ, өзінің продюсері арқылы сәлемін жолдап, сыйлығын салып жіберетініне уәде беріпті.

Қонақтардың назары, әрине, аққудай иілген ақ келін - әсем де нәзік Әсемгүлде болды. Әсіресе, беташар кезінде. Келіннің бетін ашқанда, тәттіден шашу шашқанда, шаттанбаған жан қалмаған болар. Нұржан үшін, Нұржанның таңдауы үшін, Нұржанның бақыты үшін қол соғылды, қошемет көрсетілді. Әсемгүл Нұржанның құрдасы екен, ол да 24 жаста. Ол Құлсарыдан, мамандығы есепші. Ал, Нұржан музыкант, тойларда ән айтады. Бірақ өз тойында әрине ән айтқан жоқ, күйеу жігіттің тойдағы орны төр ғой.

Тойдан кейін Нұржан бізге Әсемгүлмен қалай танысқандарын қысқаша айтып берді. Олар Атырауда танысыпты, көшеде қарсы келе жатып, бір-бірімен түйісіп қалған. Екеуі бір жыл дос болып жүрген, ал әрі қарай бәрі махаббат хикаясына ұласқан. Міне, осылайша жаңа отбасы құрылды. Әсемгүл, әрбір қазақ келіні секілді, салтанатты шара біткен соң той көйлегін шешіп, басына орамал тағып, өзінің жаңа міндеттерін атқаруға кірісіп кетті.

Жас жұбайларға бақыт пен махаббат тілейміз!

Айнұр САПАРОВА

Суретті және бейнежазбаны түсірген автор


9 тамыз 2015, 15:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.