Атырау, 19 сәуір 16:52
 ашықВ Атырау +23
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

​Сиқырлы қуыршақтар патшалығы

7 235 просмотра

Image 0Бір сәт әртістері жоқ театрды елестетіп қараңыздаршы. Олардың орнында сахнада сөйлейтін жануарлар мен ертегі кейіпкерлері өнер көрсетеді. Бұл – сиқыр! – дейсіз сіз. Әрине, мен де сізбен келісемін. Ал бұл сиқырдың аты – қуыршақ театры.

Бұдан бір жыл бұрын Атырауда қуыршақ театры ашылды. Оның директоры – Қожаберді ПІШТІБАЕВ, көркемдік жетекшісі – баршамыз әйгілі «Бауыржан-шоу» әзіл-оспақ театрынан жақсы білетін Нұрбек МӘДИЕВ (1993-2007 жылдары сонда жұмыс жасады). Бір-біріне көп соға қоймайтын бір жанрдан келесіге ауысу кездейсоқ болмаған екен. Нұрбектің жас күнінде алғаш меңгерген мамандығы осы қуыршақ өнері екен. Міне, көптеген жылдардан кейін ол қуыршақ театрының әртісі кәсібіне қайта оралды. Бұл бір жағынан эстетикалық ой-пікірлеріне де байланысты екен, өйткені, бұрынырақ ашылған, қуыршақ театрымен қатар жұмыс жасап жатқан «Ара Атырау» театрының әзіл-оспақ қойылымдарын бүлдіршіндер көре алмайды ғой.

- Балалар өткір әзіл-оспақты көп түсіне бермейді. Сондықтан да қуыршақ театрын ашу идеясы туды. Барлық спектакльдер дидактикалық, тәрбиелік сипатта болады, - дейді театр директоры Қ. Піштібаев.

Театр қызметкерлерінің өздері шығаратын ертегілер сценарийіне халық мақал-мәтелдері, аңыздары көп салынады, баланың логикасы мен тілін дамытуға бағытталады. Әзірге ұжым болып «Алтын алқа» деген бір ғана ертегі жазылған. Өнер жолын жаңа бастаған жас әртіс Дастан қыркүйекте басталатын жаңа маусымға қойылым сценарийін жазып жатыр. Нұрбек Саматұлының айтуынша, «талант – құдайдан, оны ешбір жоғары оқу орнынан ала алмайсың, оны тек ұштай білу керек». Дәл осы ұстаным бойынша бір жыл бұрын тәжірибелі ұстаздар көздерінде ұшқын бар талантты жастарды жинады. Олар да сенімді ақтап жатыр, дайындықтан бір жалыққан емес. Атырауда қуыршақ шығаратын арнайы фабрика жоқ, сондықтан да Алматы мен Ақтөбеде жұмыс жасап жатқан театрларға тапсырыс береді. Қуыршақ театрының құрылғанына көп болған жоқ, алайда алға қойған мақсаттары биік, Атыраудан тыс аумақтарға шығу жоспарлары бар.

Бөбек АХМУРОВА

6 тамыз 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.