Атырау, 25 сәуір 08:59
 ашықВ Атырау +26
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

​Сортаң жерде бақ өсірген бағбан

3 156 просмотра

Image 1

Біздің «Аудан көлеміндегі мәселелер» атты мақаламызда Исатай ауданы Аққыстау ауылы әкімдігінің өкілдері жердің сортаңдығы бұл аумақты көгалдандыруға кедергі болып тұрғанын, жасыл-желек өспейтінін айтып еді. Алайда Аққыстау тұрғыны Гүлнара ЕМБЕРГЕНОВА (суретте) жергілікті билікпен мүлдем келіспейді.

Гүлнара Аққыстауға осыдан он жыл бұрын, Қарақалпақстаннан жұмыс іздеп келген болатын. Бірден үйренісіп кетті, қарт кісілерді күтіп-бақты. Осы жерден өзінің жолдасын, Ерболатты кезіктірді. Екі жарты бір бүтінге айналған олар өздері үй салды, қазір сол жылулық ұялаған үйде, ұйыған отбасында төрт бала өсіп келеді.

- Жерді баптап күтудің қыр-сырын әкемнен үйрендім, - деп әңгімелейді Гүлнара. – Бұрын біз 40 гектар жерді жалға алып, күріш егетінбіз. Сондықтан егіншілік шаруашылығын бір кісідей білемін.

Олардың бағында алма ағашының үш түрі, алхоры, айва, өрік, қарақат, алмұрт, жүзім ағаштары сыңсып тұр. Гүлнара жыл сайын 350 дана банка тосап, салат, компот дайындайды екен. Жеміс ағаштарынан бөлек ол қияр, қызаң секілді басқа да көкөністерді өсіреді. Қаз, түйеқұс, тауық өсірумен айналысады. Өткен жылы оны Өркен орта мектебі жұмысқа шақырыпты. Ол мектеп алдына гүлдермен бірге мақтаға дейін өсірген.

Гүлнараның пікірінше, жердің сортаңдығынан қорқудың қажеті жоқ, ең бастысы күтім мықты болу керек.

- Күзде жемістің дәнін егіп, ол келесі жылдың көктемінде көктеп көрінеді. Мен оларды сол кезде басқа жерге көшіремін. Бұл бағбандарға белгілі қарапайым тәсіл. Тыңайтқышқа малдың қиын пайдаланмын, - дейді Гүлнара.

Міне, «жердің тілін білсең, тілдей жерден жылдық өмір аларсың» деген осы. Бастысы – ниетте ғой.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА


30 шілде 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.