Атырау, 19 сәуір 04:29
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Атырау қурап жатыр-3

4 282 просмотра

Image 0«Атырау қурап жатыр-2» жарияланымы жарық көргеннен кейін әуежай маңындағы кей жерлерде бүкіл саябаққа жайлап кеткен шырмауықты кесіп тастады. Алайда ол жердегі ағаштар да, қазіргі жұмыс әдісімен жасалып жатқан қалалық биліктің көгалдандыру жөніндегі бүкіл әрекеттері де жоққа шықты. Біз сұхбаттасқан мамандар бірауыздан: Атырауға салмақты қаржылық салымдармен бекітілген нақты ғылыми негізделген көгалдандыру бағдарламасы керек екенін айтады.

СТРАТЕГИЯ ҚАЖЕТ

Атап айтқанда, біз орман шаруашылығы және жасыл құрылыс саласындағы маманға, «Қазақстан Эколоджи Девелопмент» ЖШС-нің жобалау бөлімінің бастығы Александр БЕССЧЕТНОВҚА хабарластық. Оның Алматыда, Атырауда, Шымкентте, Қарағандыда, Қызылорда мен Астанада көгалдандыру жұмыстарын жүргізген тәжірибесі бар.

– Менің ойымша, Атырауда соңғы кездері шаралар жүйелі жүргізілмеген, аяқасты жасалған, - дейді А. Бессчетнов. – Астана мен Алматының, басқа қалалардың позитивті тәжірибесі бар. Қазіргі уақытта қызметтің бірнеше бағыты мен кезеңдердің жүйелілігін көріп отырмын.

Маманның пікірінше, алдымен нормативтік-құқықтық базаны құру немесе қолданыстағыны жетілдіру керек: Атырау қаласын көгалдандыру тұжырымдамасы; 5-10-25 жыл мерзімге қаланы көгалдандырудың бірыңғай және бірнеше бағдарламаларын өңдеу және бекіту; Атырау қаласына жас көшеттер отырғызу және күтіп-баптау ережесі; жас көшеттерді отырғызу және күтіп-баптау нұсқаунамасы; көгалдандыру немесе әрбір нақты (көше, саябақ, сквер, аллея, аула) нысан үшін қайта жарақтау жобаларын жасақтау.

Екіншіден, қолданылатын өсімдіктер, дайындау технологиясы тізімінің ұсыныстары мен нұсқаунамалары, дренаж жүйесін және суару жүйесін құру жөнінде, топырақты жақсарту немесе ауыстыру бойынша, зиянкестермен және аурулармен күрес жөнінде, өсімдіктерді отырғызу немесе егу жөнінде, жас көшеттерге күтім жасау бойынша ғылыми-әдістемелік база керек. Содан соң мамандандырылған құрылымдар құру немесе интродукция (табиғи таралу аймағынан тыс өсімдіктерді өсіру) өткізуге қандай да болмасын ұйымды өкіл ету; зиянкестермен және аурулармен күрес; суландыру және суару. Мүлік түгендеу және жас көшеттерді патологиялық зерттеуді жеке тармақ етіп бөлу керек, деп есептейді Бессчетнов. Орман патологы мүлік түгендеуді әр ағашты санау әдісімен жүргізу керек дейді. Мұнда әр ағаш үшін таксациялық көрсеткіштер белгіленеді. Оның санитарлық жағдайы анықталады, шаралар тағайындалады.

Ағаштардың орналасқан жері 1 м-ге дейінгі дәлдікпен топографиялық түсірілім негізінде жоспарлық материалға енгізіледі. Мүлікті түгендеу нәтижесінде әр ағаштың және көшеттердің толық сипаттамасы, сондай-ақ олардың нақты орналасқан жері белгілі болады. Мұндай ақпарат қаланы көгалдандыру жөніндегі шараларды жоспарлау және өткізу үшін өте маңызды (көгалдандыру нысандарының ахуалын жақсарту үшін қандай жұмыстар жүргізген жөн: күтім жасау, кесіп қысқарту, нашар ағаштады құлату және т.б.).

– Өңірдің күрделі ауа райы-климаттық және топырақты жағдайын ескерсек, өсімдіктердің түрлері мен тұқымдарын таңдауға ерекше ұқыптылықпен қараған жөн. Атырау қаласын көгалдандыру үшін әрбір түр бойынша өсіру технологиясы сақталған тек жергілікті немесе тексерілген түрлерін пайдаланған жөн. Әуежайға баратын жол бойындағы метасеквойя секілді тексерілмеген интродуценттерді пайдалануға болмайды. Әкелінетін өсімдік түрлері екі-үш жылдық сынақтан өтуі және бейімделуі тиіс.

Жалпы ауыр ахуал мен қалыптасқан жағдайға қарамастан бұл жұмыстардың барлығы орындалады, ол үшін адами интеллектуалды ресурстар – мамандар, технологтар бар деген тұжырым жасауға болады, - деп есептейді А.Бессчетнов.

ҚҰПИЯСЫ ЖОҚ

Image 1Жергілікті көгалдандырушылардың да ұсыныстары бар. Атап айтқанда, «ЭкоСтройСтандарт» ЖШС директоры Берікбай ӨМІРОВ (суретте) Атыраудағы жас көшеттерді күтіп ұстауға бөлінетін сома жеткіліксіз деп есептейді. Оның айтуынша, субсидия мөлшері соңғы сегіз жылда өзгермеген.

Осыған байланысты қала әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВТЫҢ өткен жылғы облыстық мәслихаттың сессиясында айтқан мәлімдемесі еске түседі. Сол кезде қала әкімі депутаттардан жас көшеттерді ағымдық ұстауға бөлінетін қаржыны көбейтуді өтінген болатын. Өйткені осы бағдарлама бойынша қаржыландыру көлемі бірнеше жыл бойына өзгермегенін, ал жас ағаштарды отырғызу алаңы 4,8 есеге, бұта қоршамдары мен газондар алаңы – 3,4 есеге көбейген.

Өміровтің пікірінше, қалаға бүгінде сауатты орман патологтары мен ландшафтық дизайнерлердің кеңесі өте қажет. Дизайнерлер бүгінгі күні әр алуан жас көшеттер мен гүлдерді біріктіріп, Атыраудың кеңею есебімен «жасыл» дизайн бойынша кеңестер жасап шығарады. Яғни, болашақ көшет отырғызу дизайнын қаланың Бас жоспарымен сабақтастырады.

– Атырауды көгалдандыру керек және көгалдандыруға болады. Ол үшін бізде мамандар, су артериясы бар. Тек қала басшылығының ықтияры мен едәуір қаржылық салымдар керек. Бүгінде суару және әрі қарай күтім жасау шығындарын азайтуға мүмкіндік беретін технологиялар бар. Мәселен, жабындау – топырақты органикалық текті түрлі материалдармен қанықтыру. Осы агротехникалық әдістің арқасында арам шөптердің көбеюін бірнеше есеге қысқартады, топырақтан ылғалдың булануы едәуір азаяды. Тиісінше, қажетті суару жиілігі төмендейді. Бірақ бастысы – жергілікті мамандардың өз кеңестерімен бөлісе алуы, диалог алаңы керек. Ол бұрынғы қала мен облыс басшылығы кезінде болған жоқ. Өкінішке орай, бүгінгі күні де жоқ, - дейді Б.Өміров.

Іс жүзінде, лайықты күтім жасаған жағдайда бәрін өсіруге болады. Көрнекі мысалы – ТШО орталық кеңсесінің төңірегіндегі үнемі жайқалып тұратын газон. Ашық жасыл рең көршілес облыс әкімдігінің шөбі қурап солған аумағымен күрт қарама-қайшы келбет беріп тұрады.

ТШО-ның табиғат қорғау шараларының жоспары бойынша таяуда өткен қоғамдық тыңдауда компания салған қоғамдық бақтардағы көшеттердің жерсінуі 100 пайызды, Жаңа Қаратон мен Қосшағыл поселкелерінде 90 пайызды құрағаны белгілі болды.

– Осындай нәтижелерге қол жеткізу үшін Теңізшевройлдың қандай технологияны қолданғанын бөліссеңіз екен, - деп сұрадым мен ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек АРТЫҒАЛИЕВТАН.

– Ешқандай ерекше технология қолданылған жоқ. Тек суару мен күтім ғана, - деді ол.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген автор

30 шілде 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.