Атырау, 26 сәуір 02:17
 ашықВ Атырау +25
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Сот орындау біртіндеп жеке меншік сот атқарушыға көшеді

6 442 просмотра

Image 0Фото: liter.kz23 шілдеде Орталық коммуникациялар қызметінің Атырау филиалында мемлекеттік және жеке сот орындаушылар жұмысы талқыланды.

АЛИМЕНТ ТӨЛЕУШІЛЕР БОЙ ТАСАЛАП ЖҮР

Әділет департаменті басшысының орынбасары Қалдыбек САПАРОВТЫҢ айтуынша, жыл басынан бері өндірісте жалпы сомасы 114 млрд теңге болатын 39 491 орындалатын іс жатқан. 20 млрд теңгеден астам сомаға 12 985 істің өндірісі аяқталды. Алименттерге келсек, жыл басынан бері 7 991 іс келіп түсті, 410-ы аяқталды. 78 жауапкерді сот орындаушылар таба алмады: көрсетілген мекенжайда тұрмайды, телефон номерлерін өзгерткен, бұрынғы жұмыс орындарынан шығып кеткен. Осыған байланысты өндіріс тоқтатылды, кейіннен 16 жауапкер табылып, олардың ісі қайтадан қозғалды. 4 865 жауапкердің алимент бойынша қарыздары жоқ, 3 685 адамның алиментін жалақыларынан ұстайды, 1 180-і өз еркімен төлеп жатыр. Ал 214 жауапкердің өзі ауыр материалдық жағдайда, жұмысы да, мүлігі де жоқ. Олардан қарызды өтеп алу мүмкін емес, оларды әкімшілік жауапкершілікке тартады. 1 895 қарызгер «Бүркіт» бағдарламасының базасына қосылған, басқаша айтқанда, олар балалары алдындағы қарызын өтемей, шет елге шыға алмайды.

Мемлекеттік қызмет жүктемесін азайту үшін енгізілген жеке сот орындаушылар институты Қазақстанда өз жұмысын 2011 жылы бастады. Бүгінде жеке сот орындаушылармен түрлі қаржылық институттар мен ұйымдар – екінші деңгейлі банктер, ПИК және т.б. келісімшарт жасап жатыр. Қазіргі уақытта оларға жол полициясы желісі бойынша барлық әкімшілік құқықбұзушылық істер берілді.

- Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке сот орындаушылар заңды тұлғалар бойынша барлық орындау істерін өз өндірістеріне алады. Сонымен қатар, қазір заңнамаларға жаңа бап енгізу талқылауда. Оған сәйкес, 2017 жылдан бастап оларға жеке тұлғалар бойынша барлық істерді де береді, - деп хабарлады Қ. Сапаров.

Дегенмен, мемлекеттен, 50 және одан да көп үлесі мемлекетке тиесілі компаниялардан, сондай-ақ олармен байланысы бар заңды тұлғалардан өндіріп алу туралы орындау парақтары мемлекеттік сот орындаушылар құзырында қалады.

АЛДЫМЕН ТАҒЫЛЫМДАМАДАН ӨТЕСІЗ

Бүгінде Атырау облысында 60 жеке сот орындаушы лицензия алды, алайда тек 30-ы ғана жұмыс жасап жатыр. Штат бойынша біздің өңірімізге 50 қызметкер керек. Жеке сот орындаушылар палатасы жыл аяғына дейін мұның саны артады деп үміттенеді. Лицензия әділет министрлігінде беріледі, ал оны байқаудан өту арқылы да, өтпей де алуға болады. Құқық қорғау органдарының жұмыс өтілі 10 жылдан кем емес бұрынғы қызметкерлері, сондай-ақ осы салада 3 жылдан кем емес жұмыс жасаған бұрынғы мемлекеттік сот орындаушылар лицензияны тағылымдамасыз ала алады. Әрине, олар жұмыстан жағымсыз себептермен шықпаған болуы керек. Қалғандары 3 айдан 1 жылға дейін уақыт мемлекеттік сот орындаушылар тағылымдамасынан өтеді.

- Алғашқы жарты жылда жеке сот орындаушылар 1 млрд теңгеден астам сомада 2 095 орындау құжаттарын орындады. Олардың 32 млн теңгесі жалақы бойынша талап-арыздар, 16 млн теңгесі айыппұлдар бойынша мемлекет кірісіне өндіру, - дейді облыстық жеке сот орындаушылар палатасы төрағасының орынбасары Салтанат РАХИМОВА. Салыстырып қарасақ, өткен жылдың осы кезеңінде 820 млн теңге болатын 866 іс орындалған.

Ол, сондай-ақ, жеке сот орындаушылардың үлкен сыйақы алу жолында ірі фирмаларға қатысты істермен айналысып, алимент өндіру сияқты қарапайым жұмыстарды алғысы келемейтіндіктері жөнінде де айтып өтті. Шындығында жеке сот орындаушылардың алимент өндіру туралы істерден бас тартуға құқығы жоқ екен. Олардың еңбекақысы турасына келсек, ол талап-арыз бойынша жауапкерден өндіріледі және өндірілетін сомаға байланысты есептеледі. 60 АЕК-ке дейінгі сомадан 25%, 60-тан 300 АЕК-ке дейін – 20%, 300-ден 1000 АЕК-ке дейін – 15%, 1000-нан 5000 АЕК-ке дейін – 8%, 5000-нан 10000 АЕК-ке дейін – 5%, 10 000-нан аса АЕК – 3%.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

27 шілде 2015, 11:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.