Атырау, 20 сәуір 02:43
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Рекруттың құқы жоқ емес

2 931 просмотра

Image 0Атырау облысының кәсіподақ орталығы ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне жаңа Еңбек Кодексіне аутстаффингті, яғни, коммерциялық пайда көру мақсатында қызметкерді үшінші тұлғаның ұсынуын болдырмайтын тармақты енгізу туралы ұсыныс жолдады.

Кәсіподақ орталығының төрағасы Диас СҰЛТАНОВТЫҢ айтуынша, қазіргі уақытта өңірімізде кадр іріктеу қызметтерімен қатар аутстаффингті жүзеге асыратын 30 рекрутинг компаниясы жұмыс жасап жатыр. Қолданыстағы Еңбек Кодексінің 1-бабы 1-тармағына сәйкес, еңбек делдалдығы - халықты жұмысқа орналастыруда жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган, сондай-ақ жеке жұмыспен қамту агенттігі (ЖЖА)көрсететін жәрдем.

Алайда осындай агенттіктер көбіне қызметкерлерді жалдап, кейіннен жұмыс күшін үшінші тұлғаларға сатумен айналысады және жеке жұмыспен қамту агенттіктердің аутстаффингпен айналысуына тыйым салу заңнамаларда қарастырылмаған.

- Бұл жағдайда компаниямен жеке еңбек шарты (тікелей келісімшарт) бойынша жұмыс жасайтын маман ұжымдық шартпен белгіленген әлеуметтік жеңілдіктерді (ем алу, балабақша және т.б.) пайдаланады, ал осы компанияда жұмыс жасайтын, бірақ жеке жұмыспен қамту агенттігінің штатында тіркелген оның әріптесінің бұларды пайдалануға құқығы жоқ. ЖЖА арқылы жалданған қызметкерлер наразылық білдірсе, агенттікке бір ғана қоңырау шалып, оны жұмыстан қуады. Оған қоса аутстаффинг еңбек төлемінде дискриминацияның орын алуына себепші болады, өйткені ЖЖА арқылы жалданған қызметкерлердің жалақысынан агенттікке тиесілі сыйақы үлесі ұсталады. Ал тікелей еңбек шарты бар қызметкерлер жалақысын толық көлемде алады.

ҚР Еңбек кодексінің 320-1 бабы 2-тармағында өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттаудан өткізудің міндеттілігі қарастырылған. Кейбір компаниялар жұмыс беруші емеспіз деп бұл аттестациялауды өткізбесе, жеке жұмыспен қамту агенттіктері өз кезегінде қызметкерлерінің жұмыс орындарына кіре алмайтындарын сылтауратады. Ал аттестация нәтижелерінің жоқтығы зиянды немесе қауіпті еңбек жағдайлары үшін үстемақы мөлшерін анықтап, өтемақыны есептеуге мүмкіндік бермейді.

Қазақстанның Халықаралық еңбек ұйымының 1997 жылғы «Жеке жұмыспен қамту агенттіктері туралы» конвенциясын ратификациялауы қазақстандық қызметкерлерді жұмысқа алу барысында құқықтарын қорғауға септігін тигізді, - деп есептейді Д. Сұлтанов.

Конвенция жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің лицензиялау, сертификациялау, деректер жинау және т.б. салалардағы қызметтерін мемлекеттік реттеуді қарастырады, сондай-ақ қызметкерлерден гонорарлар және басқа да алымдарды өндіруге толық тыйым салады.

- Осыған байланысты біз жаңа Еңбек Кодексі жобасын дайындау бойынша жұмыс тобына қолданыстағы Еңбек Кодексінің 148-бабына аутстаффингті болдырмайтын қосымша енгізу туралы ұсыныс бердік, - деп сөзін қорытындылады Д. Сұлтанов.

Еңбек Кодексінің жобасымен кәсіподақ орталығының Pcao.kz сайтынан танысуға болады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген автор

25 шілде 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.