Атырау, 17 сәуір 03:22
 ашықВ Атырау +20
$ 448.81
€ 476.82
₽ 4.77

​«Сен жеңесің бе?». "Әрине!" деді Аяулым

4 661 просмотра

Image 0

«Bala Turkvizyon» Халықаралық балалар ән байқауына ұлттық іріктеудің өңірлік кастингісінің бірінші турынан кейін мен 11 жасар Аяулым АЙНАБЕКОВАДАН жеңіске жете аласың ба деп сұрадым. Қыз нықтап, әрине, деп жауап берді. Солай болды да. Аяулым Нұрдәулет ТІЛЕКҚАБЫЛМЕН бірге жартылай финалда және Астанада 16-17 қыркүйекте өтетін ұлттық іріктеу байқауының финалында дуэт құрады.

ЖЕРЛЕС ЖЕРЛЕСТІ АЛЫСТАН КӨРЕДІ

15 шілдеде Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында - түркі тілдеріндегі балалар ән шығармашылығын дамытуға үндеген халықаралық форматтағы бірден-бір байқау - алғашқы «Bala Turkvizyon» Халықаралық балалар ән байқауының іріктеу туры өтті. Шараны ұйымдастырушы Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қоры болып табылады. Өңірлік кастингтер Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау облыстарында және Алматы қаласында 8 маусым мен 8 шілде аралығында өтті. 8 тамызға дейін олар біртіндеп барлық облыстық орталықтар бойынша кезеңмен өтеді. Әр өңірде жұлдызды тәлімгерлер - қазақстандық жас әртістер мен продюсерлер командасы 8-ден 13 жасқа дейінгі вокалды және сахналық дарынды балалардан жартылай финалистерді таңдайды. Кастингте балалар кез келген тілде әннен үзінді орындайды.

Жобаның басты идеясы - талантты балаларды анықтап, оларға қазақ музыка мәдениеті арқылы қолдау көрсету, еліміздің ең жас тұрғындары үшін мемлекеттік тілдегі бұрын еш жерде айтылмаған жаңа әндерді жарыққа шығару.

- Біздің өңірлік кастингтерге 1 200-ден астам бала қатысты. Балалар ата-аналарымен, ұстаздарымен келеді, бір-біріне қолдау көрсетуге келеді. Өкінішке орай, қазақ тіліндегі балалар әндері өте аз. Балаларға ересектер әндерін шырқауға тура келеді. Бұл әсіресе біздің кастингте білінеді, - дейді жобаның PR директоры Марина МИЛЛЕР.

– Біздің байқау - бірегей оқиға, нәтижесі - қазақ тіліндегі жаңа балалар әндерінің коллекциясын қалыптастыру болмақ. Сазгерлер әр бала үшін ән жазады, содан кейін 16 әні бар бұл диск бүкіл елге таралады. Әр мектеп пен балабақшада болады, - деп атап өтті Атыраудағы өңірлік кастинг қазылар алқасының төрағасы, жерлесіміз, танымал қазақстандық әнші әрі продюсер Бейбіт КӨШҚАЛИЕВ. Ол Атыраудан жартылай финалисті таңдады, оған сазгерлер Ренат ӘУБӘКІРОВ пен Ғалымбек ЕСІМБЕРГЕНОВ көмектесті. Ұйымдастырушылар әр өңірге көпшілікті мойындатқан жерлестерінің тәлімгер болатынын ерекше атап өтті. Бұл жұлдыз болуды армандаған балалар үшін қосымша стимул. Өз қаласынан немесе ауылынан шыққан қарапайым адамдар көп нәрсеге қол жеткізе алса, демек, олардың да түркітілдес 20 елден қатысушылар болатын байқау финалында Қазақстанның намысын қорғауға мүмкіндіктері туындауы мүмкін.

АТА-АНАЛАР ХОРЫ

Атыраудағы кастингке жүз шақты бала қатысты. Олар үшін бұл тек вокалдық байқауға қатысудың керемет тәжірибесі ғана емес, реалити-шоуға түсу тәжірибесі болды. Өйткені тіркеуден кейін ұйымдастырушылар барлығын ойындарға, флешмобтарға, байқау күнделігін түсіруге және сұхбатқа тартты. Бейбіт Көшқалиев өз жерлестеріне сәлем жолдап, баршасына сәттілік тілеп, олармен бірге сельфиге түсіп, балалармен бірге өзінің «Қайтесің өзгені» хитіне би биледі.

Кастингке халық музыкасымен айналысатын көп балалар келді. Олар өздерімен бірге сүйікті аспаптарын ала келді. Облыстың түкпір-түкпірінен келген балалар өз бақтарын сынауға бел буды. Атыраулық Аружан ҚУАТОВА Кіші Өнер академиясының халық әні сыныбында оқиды. Оның бірінші әні – «Әдемі қыз» халық әні болды. Аружан осы әнді айтып, бірнеше республикалық байқауларда жеңімпаз атанды. Қазір ол терме мен халық әндерін шырқап жүр. Бірақ эстраданы тастамады. Танымал әнші болуды армандайды.

Абзал НҰРЛАНҰЛЫ Құлсары қаласынан келген. Бала 8 жасынан бастап музыка мектебіне түскен уақыттан бері ән айтумен келеді. Ағасы Елдос ЕМІЛДІҢ - өңіріміздегі танымал әншінің табысы үлгі болды. Абзал халық әндерін орындап, Бекболат ТІЛЕУХАН мен Ерлан РЫСҚАЛИ секілді домбыраның құлағында ойнағысы келеді.

Ұстазы Ләйла МҰҚАТОВА шәкірті Игілік СЕРІКҰЛЫН өте талантты оқушы деп есептейді. Олар бірге кастингке Махамбет ауданының Алға ауылынан келген.

– Игілік мінезді бала, ешкімге еліктемейді. Өзімен өзі болғысы келеді. Тек классикалық және патриоттық әндерді ғана орындайды, - дейді бала туралы педагог.

Қатысушылардың ата-аналары балаларын қолдауды ұйғарып, фойеде өз хорларын ұйымдастырды. Бірде-бір өңірлік кастингте мұндай болған жоқ.

«ЖҰЛДЫЗДЫ ҮЙГЕ» ЖОЛДАМА

Үздік отыз вокалшы іріктелгеннен кейін негізгі жеңімпазды іріктеу басталды. Атырау облысынан Bala Turkvizyon-Қазақстан жартылай финалшылары болып, қатарынан екі өңірлік кастингке қатысушылар - Аяулым Айнабекова мен Нұрдәулет Тілекқабыл атанды. Осыған дейін тек Алматыда ғана бірнеше адам финалға шыққан еді. Тәлімгерлері үш қызды таңдады. Басқа өңірлерде қазылар бір жеңімпаздан қалдырды.

Аяулым Айнабекова Кіші өнер академиясының вокал сыныбында оқиды. Ұстаздары оның талантын бірден байқады. Екі ай бойы күшейтілген режимде өткен сабақтардан кейін Аяулым республикалық байқауда бірінші жеңісін иеленді. Аяулым өзі ерекше көретін Жанар ДҰҒАЛОВА мен Маржан АРАПБАЕВА секілді танымал әнші болғысы келеді.

– Мен терең ойлы, өзіңнің вокалдық деңгейіңді көрсетуге мүмкіндік беретін күрделі әндерді жақсы көремін, - деп бөлісті Аяулым.

Тоғыз жастағы Нұрдәулет Тілекқабылдың одан айырмашылығы - ол ешқашан музыканы оқымаған. Компьютерден әуендерді тыңдап, тек үйінде өлең айтады екен. Сол жастағы өзге балалар секілді Нұрдәулеттің футбол, самбо секілді қызығушылықтары жетерлік. Жақында ол дарынды балаларға арналған Республикалық «Дарын» орталығына оқуға түскен. Бірақ үлкен сахнада өнер көрсету арманынан қол үзіп қалмады. Өзі де ән айтқанды ұнататын Нұрдәулеттің анасы ол Bala Turkvizyon-Қазақстан байқауына міндетті түрде қатысу керек деп ұйғарыпты. Қателеспепті.

Облыстық іріктеудің жеңімпаздарына «Жұлдызды үйге» билеттер табысталатын болады. Ол жерде оларды басқа өңірдің балаларымен бірге үздік әншілер, актерлік шеберлік педагогтары, би мұғалімдері оқытатын болады. Оларға эстрадамыздың мэтрлері мастер-класстар өткізеді.

Әр қатысушы үшін жеке, ерекше бағдарлама әзрленеді. Тіпті суперфиналист болмай-ақ, бірде-бір қатысушы жобаны ешбір маңызды себепсіз тастап кете алмайды. Ұйымдастырушылар өз ойларын ашық айтпады. Бірақ жобаның жалғасы болатынын, бірде-бір финалистің ұмытылмайтынына сендірді.

Егер жартылай финалда және 16-17 қыркүйекте Астанада өтетін ұлттық іріктеу байқауының финалында қазылар алқасы мен телекөрермендер өз дауыстарын біздің дуэтке беретін болса, Нұрдәулет мен Аяулым біздің еліміздің намысын биылғы жылдың желтоқсанында Стамбулда өтетін Bala Turkvizyon Халықаралық байқауының финалында қорғайтын болады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Зинат ОРЫНБАСАРОВА

18 шілде 2015, 03:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.