Атырау, 28 наурыз 23:12
 бұлттыВ Атырау +4
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

​Абзал Дүсіпов: «Әкем бұл айқасты көруді армандап еді... Сол үшін рингке шықтым»

3 899 просмотра


Image 1Белгілі атыраулық кикбоксшы Абзал ДҮСІПОВ (суретте) Азия чемпионатына дайындалып жатыр. Жол жүрер алдында ол «АЖ» тілшісіне сұхбат берді.

БОЛАШАҚ ЧЕМПИОННЫҢ ЖАСТЫҚ ШАҒЫ

- Абзал, АМУ-дің физика-математика факультетінде ғылымның жілігін шағып жүрген «оқымыстыдан» қалай әлем чемпионы болдың, айтып берші.

- Мен физика-математика факультетінде жәй ғана оқыған жоқпын, оны бітірдім... Кикбоксинг секциясына мені бокспен шұғылданатын ағам Ерболат алып келді. Ол менің мықты болып өсіп, өз-өзімді қорғай алғанымды қалады. Бұл 1999 жыл еді. Мен жаттықтырушы Сүндеткерей Қасанғалиевпен таныстым, ол маған екінші әкемдей болып кетті. Сол кезде кикбоксинг секциясы Привокзальныйдағы бұрынғы балабақша ғимаратында болды.

Алғашқы үш жылда атүсті жаттығып жүрдім. Жаттығуларға апталап бармай да қалатын едім. 2002 жылы жаттықтырушым команданы Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданының 75 жылдығына арналған турнирге алып барды. Мен сол жерде алғашқы алтын медалімді ұттым. Қол жеткізу өте қиын болды. Мен бір нәрсені түсіндім: жарыстарда жетістікке жету үшін аянбай жаттығу жасау керек.

Осыдан кейін көптеген айқастарда жеңіліс тауып, спортты тастасам ба екен деген ойлар келді. Тек жаттықтырушым ғана маған сенімін жоғалтпады. Ол менің арқамнан қағып: «әлі талай жеңіске жетесің» деп, турнирлерге алып бара берді. 2006 жылы жастар арасындағы ҚР чемпионатында мен алғаш рет қарсыласымды нокаутқа жібердім. Ал жартылай финалда үш дүркін ҚР чемпионы, ақтөбелік Азиз ҚОШҚАРОВТАН ұтылдым. Осылайша мен қола жүлдегер атандым. Алайда бұл жерде ие болған ең үлкен олжам өзіме деген сенімділік болды.


ЖАС СПОРТШЫҒА АРНАЛҒАН СЫНАҚ

- Әрі қарай не болды?

- Әрі қарай... Келесі жастар арасындағы ҚР чемпионатында төрт айқасты нокаутпен аяқтап, «алтын» жүлде, ҚР спорт шебері атағы және Неапольдегі әлем чемпионатына жолдамаға ие болдым. Сол жерде жартылай финалда ресейліктен ұтылып, тағы да қола жүлдегер атандым.

2008 жылы мен ересектер арасындағы ҚР чемпионатына алғаш рет қатыстым. Онда жас спортшыларға жеңіске жету екі есе ауыр екенін түсіндім: төрешілердің қашанда атақты спортшыларға қарай бүйрегі бұрып тұрады. Жеңіске жету үшін қарсыласты канатқа тақау керек. Қалай тырыссам да, Оралда өткен ҚР чемпионатының финалында жеңісті семейлік файтер Эльдар Бауыржанұлына берді. Келесі жылы оқиға тағы қайталанды – басымдық көрсетсем де, «алтын» астаналық Шыңғысхан Тілемісовке бұйырды. Сол кезде маған ҚР құрамасының бас бапкері келіп: «Бақылау спаррингінде оны тағы бір рет жеңсең, әлем чемпионатына барасың!»,- деді. Сол жаттығулық айқаста мең жеңдім, алайда әлем чемпионатына барған жоқпын. Шетелге шығатын құжаттарың дұрыс емес деді. Ал Шыңғысхан сол чемпионатта үшінші орын алды.


ЖАТТЫҚТЫРУШЫҒА БЕРГЕН АНТ

2009 жылы мен Анапада Әлем кубогының иегері атандым. 2010 жылы тағы бір әлем кубогы мен ҚР чемпионатының «алтынын» ұтып алдым. 2011 жылы ҚР кубогының иегері атандым. Сол жылы Ирландияда болған әлем чемпионатына қатысып, бірінші айқаста-ақ полякқа есе жібердім. Осыдан кейін өзіме қалай да әлем чемпионы боламын деп мақсат қойдым. Жаттықтырушыма мұны 2013 жылы жасаймын деп сөз бердім.

Екі жыл дайындалдым. Күніне 13 шақырым жүгірдім, тренажер залында жаттықтым, қарсыластарымның тактикасын зерделедім.

- Сүндеткерей бірнеше әлем чемпионын тәрбиеледі. Қазақстан кикбоксингін дамытуға қосқан үлесі үшін 2002 жылы ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушы атағын алды...

- Иә, 2001 жылы шәкірті Марат Айтқалиев, 2005 жылы Қуанышбек Қосақов әлем чемпионы атанды. Мен оның маған сенетінін, маған бар ниетін салатынын сезетінмін, сондықтан да мен оның алдында қарыздар адамдай қиналатынмын. Түркияға аттанар алдында оған барып, чемпионатқа дайын екенімді айттым, ал ол маған сенетінін тағы бір қайталады.


ТӨБЕЛЕСУ КЕРЕК ПЕ? ТӨБЕЛЕС!

- 2012 жылы мен Үндістанның Пуна қаласында Азия чемпионы атандым. Ал 2013 жылдың желтоқсанында Стамбулға әлем чемпионатына келдік. Мен ашылу рәсімі өткен бойда рингке шығуыма тура келді. Көптеген спорт түрінде ел құрамасының алғашқы мүшесі қалай өнер көрсетсе, барлық команда солай жалғастырады деген ырым бар. бұл маған үлкен моральдік сын болды.

Менің салмағымда 38 спортшы өнер көрсетті, барлығы да түрлі атақтарға ие мықты жігіттер. Алғашқы айқаста италяндықпен жұдырықтастым, 3-раундта но-каутқа жібердім. Барлық құрама мүшелері менімен бірге қуанды.

Делебем қозып, қазіргі кәсіпқойлар арасындағы әлем чемпионы, француз Камел Бачоны ұпай санымен ұттым. Содан кейін Түркия өкілін де ұпаймен жеңдім. Жартылай финалда азербайжандық үш дүркін әлем чемпионына қарсы шықтым және бірінші раундта ұтылып жаттым. Құрама жаттықтырушысы үзілісте маған: «Оның жасы 38-де, сен 23 жастасың. Жылдамдығыңды арттыр, ол сенің қарқыныңа үлгере алмайды»,- деді. Дәл солай болды, мен белсенділік танытып, 2:1 есебімен ұттым. Финалда ресейлік әлем чемпионы Александр Зайцевпен кездесуге тура келді. Мен бірінші раундта ұтылдым, екіншіде теңестірдім, ал үшінші кезеңнің соңғы жағында қарсыласымның басына 4 дәл соққы жасап, жеңісті өзіме жақындаттым.

Image 0

ӘКЕМ ҚАЙТЫС БОЛҒАН КЕШ

2014 жылы Будапеште мен Әлем кубогының үш дүркін иегері болдым. Мұнда 2011 жылы ұтылып қалған полякты жеңдім. 2015 жылғы ақпанда Таллинде Прибалтика кубогын алдым.

2 сәуірде Атырау облысы кикбоксинг федерациясының 20 жылдығын тойлау аясында Ресей және Қазақстан құрамалары арасында матчтық кездесу ұйымдастырылды. Осы күні, сағат 19.00-де, айқастар басталатын уақытта әкем қайтыс болды. Қайғыдан қабырғам қайысты...

Сол кезде жаттықтырушым телефон соғып, былай деді: «Мен сені түсінемін, қайғыңа ортақпын. Алайда мында, ДСК-де, төрт мыңға жуық халық жиналып, сені күтуде. Келмесең де, сені ешкім сөкпейді...». Әкем кикбоксингтің жанкүйері еді. Ол мен қатысатын осы айқасты көруді армандап еді... Мен рингке шығамын деп шештім. ДСК залы лық толы халық. Мені қосалқы есік арқылы кіргізді. Мен тәулік бойы нәр татып, көз ілмеген едім. Ал қарсыласым мықты болды – Ресей және Еуропа чемпионы Магомед Саидов. Мен бес раунд өткізіп, үлкен басымдықпен жеңіске жеттім.


НОКАУТТЫ САНАМАЙ ҚАЛДЫ

Осы жылдың ақпан айында мен Оңтүстік Қазақстан тауларындағы Бәйшешекте ҚР құрамасының оқу-жаттығу жиынында болдым. Сол жерде маған 17 мамырда Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау аясында «Қазақстан құрамасы - әлем құрамасы» арасында матчтық кездесу өткізілетіні жөнінде хабарлады. Осы шоудың соңында мениордандық кикбоксшы, әлем чемпионы Адай Әлимен кәсіпқойлар арасында Азия чемпионы атағы үшін айқасқа шығуым қажет болды.

Бұл айқас бірінші раундта-ақ аяқталуы тиіс еді, мен Адайды бауырынан соғып, нокаутқа жібердім. Рефери секундтарын санап болды, алайда рингке Азия кикбоксинг федерациясының президенті шығып, Адайдың айқасты жалғастыруына мүмкіндік жасады. Бұл айқаста мен қарсыласымды айқын басымдықпен ұттым. Менің жеңісіме Жапония, Қытай және Ираннан келген үш төреші де дауыс берді.

Осы айқастан кейін мен бір ай демалыс сұрадым. Өйткені басым ауыра бастады. Кәсіпқойлардың қолғаптары кішкентай және өте қатты болатыны білінген сияқты. Адайдың барлық соққылары менің қорғанысыма тисе де, екпіні басыма әсер етті. Мен Алматыға барып, біраз уақыт емделдім. Қазір өзімді жақсы сезінемін.

Мен жоқ кезде Семейде ҚР чемпионаты өтті. Менің салмағымда қарағандылық спортшы чемпион атанды, мен былтыр нокаутқа жіберген едім. Сондықтан да жаттықтырушылар тамыздың басында Үндістанның Пуна қаласында өтетін Азия чемпионатына қатысу құқығын маған берді. 15 шілдеде мен Астанада болатын оқу-жаттығу жиынына кетемін.

Мен 2013 жылдан бері «ҚазТрансАймақ» АҚ ӨФ-те жұмыс жасаймын және филиал директоры Эльдар Бағытжанұлы Тағаштқа жарыстарға бару жолсапарларымды қаржыландырғаны үшін алғыс айтамын.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген автор

16 шілде 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.