Атырау, 23 сәуір 19:28
 ашықВ Атырау +16
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

​Бұрқақтар бұзылып тұр

2 264 просмотра

Аптап ыстықта бұрқақтар едәуір жеңілдік берер еді. Алайда, Атырауда олардың көпшілігі мүлдем немесе толық қуаттылықпен жұмыс жасамай тұр.

Төрт бұрқақ қатарынан облыстық әкімдік ғимаратының маңында орналасқан. Граниттен жасалған ең үлкені әлі іске қосылмағанға ұқсайды, құрғап кеуіп тұр. Ғимараттың артқы жағындағы үш бұрқақ жан-жаққа суды сыздықтатып жіберіп, құбыла жұмыс істеп тұр.

Орталық көпірден түскен кездегі «айналмада» жаңартылған бұрқақ үш тостаған түрінде жасалған. Үш тостағанның тек төменгі біреуі ғана жұмыс жасайды.

Тек Құрманғазы мен Смағұлов аллеясындағы, драма театр алдындағы бұрқақтар ғана әлсін-әлі қосылып тұрады. Ол жерлерде үнемі су айналымы болмағандықтан, бұл жер жасылданып, жағымсыз иіс шығып тұр. Исатай-Махамбет алаңындағы төрт бұрқақтың тек біреуі ғана жұмыс жасайды, қалғандары іске қосылмаған.

Бұдан бұрын қалалық әкімдікте хабарлағандай, бұрқақтарды күтіп ұстауға жыл сайын 20 млн теңге бөлініп тұрған. Ал биыл не болған?

Қалалық әкімдікке жолданған сауалымызға қала әкімінің орынбасары Әділбек ЗАЙДУЛЛИННІҢ қолы қойылған жауап алдық.

«Бүгінде қалада 27 су бұрқағы бар. Олардың барлығы қалалық ТКШ бөлімінің балансына алынған. Ашық электронды байқау нәтижесінде биыл бұрқақтарға техникалық қызмет көрсетумен “Ерасыл Құрылыс KZ" ЖШС айналысады. Кейбір бұрқақтар қазір шынымен де жұмыс жасамай тұр. Өйткені, олардың су құбыры мен сорғы жүйесі тозған. Мердігер компания күн сайын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді. «Ақ Жайық» мейманханасының алдындағы бұрқақ қазір жұмыс жасап тұр. Облыстық әкімдік алдындағы бұрқақ маусымның аяғына дейін іске қосылады. Қазіргі уақытта қалалық әкімдікте Құрманғазы атындағы МС алдындағы және Құрманғазы аллеясындағы екі су бұрқағын жөндеуге жобалау-сметалық құжаттама жасалуда».

Биыл бұрқақтарды күтіп ұстауға қанша қаржы бөлінді және оларды іске қосу жұмыстары неліктен аптап ыстықта басталды деген сұрақтарымыз жауапсыз қалды.

Дайындаған Тамара СУХОМЛИНОВА

2 шілде 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.