Атырау, 24 сәуір 00:21
 ашықВ Атырау +22
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

​Жеке балабақшалар шаруалармен келісім жасады

3 076 просмотра

Image 0

Жергілікті тауар өндірушілерді қолдау бағдарламасы шеңберінде қалалық әкімдікте жеке балабақшалар шаруа қожалықтарымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.

Кездесуге мектепке дейінгі мекемелер мен ірі кәсіпорындардың өкілдері, жергілікті өсімдік өсірушілер, мал өсірушілер қатысты. Олар өз өндірістеріне шағын таныстырылым өткізді. «Алмалы құс» ЖШС өткен жылдың желтоқсанында өз жұмысын бастаған. Ал алғашқы жұмыртқалар қала базарларына мамырда түскен. Кәсіпорынның өнімділігі – күніне 50 мың жұмыртқа. Тамызда екінші кезең іске қосылатын болады, сол кезде өнімділігі 100 мың жұмыртқаға дейін көбейеді. Бүгінде «Алмалы құс» өнімін қала жәрмеңкелері мен дүкендерден алуға болады. С1 санатындағы іріктелген жұмыртқалардың данасы 10 теңгеден, С2 санатындағы жұмыртқалар 8 теңгеден. «Первомайский» ЖШС өнімімен облыс тұрғындарының барлығы таныс. Алайда кәсіпорын өкілдері өз тауарларының барлық қажетті сәйкестік сертификаттары бар екенін және ерекше сапаға ие екенін айрықша атап өтті: «Біздің пастерленген сүт, қаймақ, сүзбе және ішетін йогурт ұнтақ қосылмай әзіренеді және 10-15 күннен артық сақталмайды, өйткені бұлар табиғи өнімдер».

Ешкі сүті мен одан жасалған өнімдерді «Сарайшық» ЖШС өткен оқу жылында мектеп асханаларына жеткізген болатын. Бүгінде кәсіпорын 15 атаудағы өнімді шығарады. «Алға-1» шаруа қожалығы шұбат, қымыз және айран шығарумен айналысады. «Амангелді» өндірістік кооперативі алуан түрлі 50 атаудағы балық өнімдерімен мақтана алады. Ол Қазақстанға ғана емес, шетелде де, атап айтқанда Балтық маңы, Франция, Германияға танымал. «Тілекші» шаруа қожалығы балық аулаудан өзге оны терең өңдеумен айналысады және балабақша асханаларына балық етін, тартылған ет және т.б. жеткізе алады. «Жұмағалиев» ШҚ балаларға жыл бойына жаңа піскен көкөністер жеткізуге әзір. Жазда қияр мен қызанақтар алқаптарда, ал жылдың басқа мезгілдерінде шаруашылық жылыжайында піседі. «Ақ Жайық» ЖШС пісірілген және жартылай ысталған шұжықтар ұсынады. Кәсіпорын жергілікті супермаркеттермен және базарлармен бірлесіп жұмыс істеп келеді. «Заман-групп» ЖШС-де 45 атаудағы нан-бөлке өнімдерінің ішінде балалар сүйсініп жейтін печеньелер мен кептірілген нан бар. Атырауда бүгінде мектепке дейінгі 30-дан астам жеке мекемелер – балабақшалар мен дамытушы орталықтар жұмыс істейді. Олардың алтауы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Қала әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ өз асханалары бар «Денхолм-Жолдас» ЖШС, «Уорли Пэрсонс» ЖШС, «Теңізшевройл» ЖШС, АМӨЗ, «Атырау Жарық» АҚ, «Ембімұнайгаз» ЖШС секілді ірі кәсіпорындарды, олардың мердігерлері мен қосалқы мердігерлерін жергілікті өндіріске белсенді қолдау көрсетуге және атыраулық ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарушылармен келісімшарт жасауға шақырды.

Естеріңізге салсақ, ақпанның аяғында қала басшылығы мен кәсіпкерлер өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған еді. Сол кезде супермаркеттер жергілікті ауылшаруашылығы өнімдерін және басқа азық-түлік өндірушілермен ынтымақтасу туралы келісімге келді. Қазіргі уақытта көптеген супермаркеттерде отандық өнімдер қойылған арнайы сөрелер мен бұрыштар жасақталған.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі ұсынды

29 маусым 2015, 16:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.