Атырау, 19 сәуір 22:49
 ашықВ Атырау +19
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Бас жүлде Өмірбек Нәжімеденовке бұйырды

4 824 просмотра

Image 21-ші орын иегері Ідірбай Байбақты ұстазы Рая Латифуллинамен бірге. Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына дайындық іс-шаралары аясында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен термешілер арасында «Текті сөздің төресі – терме» атты облыстық байқау өтті.

Байқауға 11 атыраулық әнші-термеші қатысты. Оларға мынадай тақырыптар ұсынылды: «Ұлы Жеңіс – ұлы мұра», «Ұлттар мен ұлыстардың басын қосқан киелі мекен – Қазақстан», «Ата Заңым - мақтанышым», «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Мәңгілік ел – мәртебелі тіл», «Ұлттың қуаты – тілінде», «Тілден артық қасиет жоқ». Қазылар алқасы шығарманың ой тереңдігіне, орындалу шеберлігіне, тіл тазалығына, сахна мәдениетіне мән беріп, бағалауы тиіс болды.

Image 0Термешілер байқауының жеңімпаздары Байқауға қатысушылар өздерінің тыңғылықты әзірлікпен келгендерін байқатып, көрермендер қошеметіне ие болды.

Бұл байқаудың артықшылығы сол, онда негізінен кең тарала қоймаған бұрынғы «классикалық» термелер орындалды. Ал, орындалған жаңа термелерді жергілікті ақындар жазған. Бұл байқаудың талабы болатын. Қазылар алқасының төрағасы, Қазақстан жазушылар Одағы мен журналистер Одағының мүшесі Жәниба ҚАРАСАЙҚЫЗЫ байқау қорытындысын жарияламас бұрын былай деді: «Бәйгеге қатысушылардың кейбіреуі бұрын орындалған, арнайы бәйге үшін жазылмаған термелерін жолдаған. Оның ішінде Жамбылдың термесі де бар. Біз Жамбылдың термесіне баға беретіндей дәрежеде емеспіз, сондықтан ол термеге баға бере алмаймыз».

Image 1Бас жүлде иегері Өмірбек Нәжімеденов

Тағы бір айта кететіні, ұсынылған тақырыптар сөз жоқ, қатысушыларды шабыттандырғаны рас, ұранды сөздер айтылды, алайда, кейбір көрерменге әлеуметтік және рухани-адамгершілік мәселелерінің қозғалуы аз болған шығар. Ал, бұл біздің қазақ фольклорының көне жанрына тән нәрсе еді.

Бас жүлде Өмірбек Нәжімеденовке (Махамбет ауданы), 1-ші орын – Ідірбай Байбақтыға (Нұрпейісова атындағы музыка колледжінің студенті), 2-ші орын - Шаттық Тастемірқызына (Атырау қаласы) табысталды. Ал, 3-ші орынды Ахмедьяр Нұрдәулет Түгелбайұлы мен (Индер) Дариға Шынғалиева (Атырау қаласы) бөлісті.

Өмірбек Нәжімеденов енді термешілердің республикалық байқауына Атырау облысынан қатысады. Оған сәттілік тілейік!

Зинат ОРЫНБАСАРОВА




25 маусым 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.